Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мобильді аударымдардың шектеулері қалай жүзеге асады?

Мобильді аударымдардың шектеулері қалай жүзеге асады?

Қазір кейбір кәсіпкерлер банктерде ашылған жеке шоттарына сатылған тауарлар, қызметтер үшін мобильді аударымдар арқылы ақы алады. Алайда, бұл аударымдар бақылау-касса машиналары (БКМ) мен POS-терминалдарды қолданбай, тиісінше чектер берілмей жүргізіледі. Бұл ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген заң бұзушылық болып табылады. Қайталама заң бұзушылық кезінде салық төлеушінің субъектілігіне байланысты салынатын айыппұл 15-тен 50 АЕК-ке дейін құрайды.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес салық төлеу әркімнің міндеті болып табылатынын еске саламыз.

Салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында тиісті бақылау жүргізеді. 2024 жылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді беретін болады. Күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады.

БКМ қолдануды жеңілдету үшін 2022 жылдан бастап БКМ функцияларын екінші деңгейдегі банктердің POS-терминалдарымен біріктіру бойынша пилоттық жоба жүргізілуде. Бұл БКМ мен POS-терминалдың бір чегін беруге мүмкіндік береді. Пилоттық жобаға «Каспий банк» АҚ, «Халық банк» АҚ және «Банкцентркредит» АҚ қатысуда.
Сонымен қатар, БКМ чектерін бермеу фактілерін анықтау бойынша «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет» акциясы өткізілуде. Анықталған бұзушылықтар туралы «Wipon cashback» тегін мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға болады.

Банктерден ақпарат кезең кезеңімен беріледі:

1) 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша (2022 жылдың қорытындысы бойынша);

2) 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша (2023 жылдың қорытындысы бойынша);

3) 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша (2024 жылдың қорытындысы бойынша);

4) 2026 жылдан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша (2025 жылдың қорытындысы бойынша).

Жоғарыда аталған өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталғанына назар аударамыз. Яғни, жеке тұлғалар, бұрынғыдай, өздерінің жеке мақсаттары үшін - туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға арналған аударымдарды жасай алады және қабылдай алады.

Негізінен, салық органдары бизнесті заңды жүргізу үшін барлық қолайлы жағдайларды жасады, салық мөлшерлемелері төмен режимдерді қарастырды.

Бұл жоба жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған, өйткені көптеген кәсіпкерлер тауарлар, қызметтер үшін төлемді жеке шоттарға (дүкендер, такси жүргізушілері және т.б.) мобильді аударымдар арқылы алады. Сонымен қатар, аударымдар көбінесе чектер берілмей қабылданады.

Осыған байланысты кәсіпкерлерге кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға (бизнес-шоттарға) төлем қабылдауды ұсынамыз.
А.ЖУСУПОВ,
Қызылорда қаласы бойынша
Мемлекеттік кірістер басқармасы
басшысының орынбасары

03 қаңтар 2024 ж. 165 0