Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеке аударымдарға салық салынбайды

Жеке аударымдарға салық салынбайды

«Бүгіннен бастап «Kaspi gold»-пен ақша қабылдамаймыз. Қолма-қол беріңіз». Иә, 1 желтоқсаннан бастап барлық сауда орындарындағы кәсіп иелерінің айттатыны осы. Олар мұны «мобильді ақша аударымдары кезінде салық ұсталады» дегенді негізге алып айтуда. Міне, бүгін осының ақ-қарасын ажыратып көреміз.

Расында, «Kaspi gold» көпшілік үшін өте қолайлы. «Kaspi» банк тұтынушыларына жақ­сы жағдай жасап, кез келген орында мобильді қосымшаның көмегімен сауда жасауға мүм­кіндік жасап қойды. Көп уақытты алмайды, оның үсіне банкоматтарға барып, қолма-қол ақша алып жүрмейсіз. Міне, барлығына тиімді болған жүйеге қыстың алғашқы күнінен бас­тап өзгерістер енді деп жұртшылық шулап қоя берді. Әрбір аударымдар үшін салық ұсталатынын алға тартып, қолма-қол ақша алу жүйесіне қайта көшкен. Осыған байланысты «Kaspi» банк өкілдері «Facebook» әлеуметтік желісінде көпшіліктің сұрақтарына қатысты ресми жауап берді.

Тұтынушылар тарапынан жиі қойылатын сұ­рақтардың алғашқысы «Мен жеке тұлғамын, Менің мобильді ақша аударымым туралы деректер салық органына беріле ме?» болған. Бұл сауалған банк тарапынан банк құпиясын сақтау талаптарына сәйкес, ақша аударымдар туралы деректер салық органдарына берілмейтіні, бұрынғыша жеке мақсат үшін ақша аударып, қабылдай алатыны айтылған. «Жалпыға бірдей декларациялауды кезеңмен енгізу туралы заңға сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүргізу белгілерінің бары туралы мәліметтер тек 2025 жылдан бас­тап берілетіні көзделіп отыр. 2025 жылға дейін жеке кәсіпкер емес және мемлекеттік қызметші емес жеке тұлғалар үшін ештеңе өзгермейді» делінген жауапта. Сонымен қатар, жеке тұлғалардың арасында ақша аударымдарына шектеу қою көзделмеген және де ол үшін салық салынбайды. Яғни, мобильді қосымшаны күнделікті әдеттегідей қолдана берген жөн.

Тұтынушылардың «Егер клиенттерден мо­бильді ақша аударымын алатын болса, ол үшін көтеріңкі салық төлеуі керек пе?» деген сұрақтың да нақты жауабы берілген. Атап айт­қанда, Заң жобасында жаңа салықтың пайда болатыны көзделмеген. Демек, ақша аударымы кезінде салық ұсталмайды. Ал кәсіпкерлік мақсатта мобильді ақша аударымын пайдалану қазірдің өзінде сатушыларды ҚР заңнамасына сай салық төлеу және фискалдық чек беру міндетінен босатпайтыны аталған.

Десе де, жалпыға бірдей декларациялауды кезеңмен енгізу туралы заңға сәйкес жеке кәсіпкерге немесе компания басшысына тиесілі шот­тар бойынша кәсіпкерлік қызметті жүргізу белгілерінің бары туралы мәліметтер 2024 жыл­дан бастап салық органдарына берілетіні көз­деліп отыр.

«Ендеше бұл Заң жобасы не үшін» деген сауалға банк өкілдері Заң жобасы жеке тұлғалардың арасындағы мобильді ақша аударымына қатысты еместігін алға тартады. Тек мобильді төлемдер ұғымын және жеке кәсіпкер мен заңды тұлғалар үшін тауарлар немесе қызмет көрсету үшін ақыны арнайы кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға қабылдау міндетін енгізу көзделген. «Мысалы, мұны тауарлар мен қызмет көрсету үшін ақы қабылдауға Kaspi Pay мобильді қосымшасы мен Kaspi QR-дың көмегімен қазірдің өзінде жасауға болады» дейді Kaspi.kz өкілдері.

Жалпы, Заң жобасын дұрыс түсінбей, алып-қашпа әңгімелердің салдарынан сауда орындарында ақшаны аударыммен қабылдауға кедергі болған. Сондықтан оны түпкілікті түсініп алмай, байбалам салудың қажеті жоқ.
Ердос БЕРКІНБАЕВ
04 желтоқсан 2021 ж. 492 0