Егін егу жұмыстары басталды
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Қызылдихан» шаруа қожалығының күріштігіне барып, егінге дайындық жұмыстарымен танысты. Шаруашылық төрағасы Алданберген Құлбаев атқарылып жатқан жұмыстарды айтты.
Шаруа қожалық биыл 800 гектар жерге күріш дақылын егуді жоспарлап отыр. Одан бөлек бүгінгі таңда 106 гектар жерге жаңа жоңышқа егілсе, 62 гектар жердегі ескі жоңышқа күтімге алынған. Суды үнемдеу бағытында шаруашылық лазерлі жер тегістегіш техникасымен 600 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізуде.
Аудан басшысы шаруашылық еңбеккерлеріне егіннің мол болуына, еңбек адамының мерейінің тасуына тілектестігін білдірді.
Жалпы, биыл аудан бойынша 33850 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленіп отыр. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 21885 гектарға, жаздық бидай 1681 гектарға, мақсары 250 гектарға, сүрлемдік жүгері 80 гектарға, жаңа жоңышқа 1828 гектарға егілмек. Сондай-ақ меже бойынша картоп 431 гектар, көкөніс 206 гектар, бақша 418 гектар, ескі жоңышқа 7071 гектарды құрап отыр. Бүгінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында жалпы 3565 гектар ақ егіс егілді. Оның ішінде 180 гектар мақсары, 1683 гектар жаздық бидай, 1702 гектар жаңа жоңышқа орналастырылды. Сонымен қатар негізгі дақыл күріштің 560 гектары егіліп, 120 гектары суға бастырылды. Яғни, ауданда егін егу жұмыстары басталды. Егіске қажетті 10010 тонна минералдық тыңайтқыш толық сатып алынды.
Көктемгі дала жұмыстарына жүргізуге барлығы 758 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысуда. Атап айтқанда, 360 трактор, 201 трактор тіркемесі, 87 соқа, 47 дән сепкіш және 63 жүк көлігі егін егу жұмыстарына пайдаланылуда.
Егінге қажетті су келетін арналар жоспар бойынша тазартылуда. Мәселен, қашыртқылар, каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, бүгінгі күнге «Шіркейлі» каналымен 30,0 текше метр, «Әйтек» каналымен 3 текше метр егіске су жіберілуде. Негізінен, өткен жылы облыстық бюджеттен 198 млн теңге қаржы бөлініп, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 6 каналдың 56,2 шақырымына механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Іңкәрдария ауылындағы «Ақтам» каналының 14,3 шақырымына, Аманкелді ауылындағы «Қосапан» каналының 13,3 шақырымына, Айдарлы ауылындағы «Ақтам» каналының 6,7 шақырымына, Жетікөл ауылындағы «Жыңғылдыкөл» каналының 4,7, «Хозцентр» каналының 7 шақырымына, Шіркейлі ауылындағы «Байділда» каналының 10,2 шақырымына тазалау жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы елді мекендерді экологиялық аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында А.Тоқмағамбетов ауылдық округінде орналасқан «Қашыртқы» (3,8 шақырым), Аманкелді ауылдық округінде орналасқан «Хозцентр» (2,2 шақырым), Жетікөл ауылдық округінде орналасқан «Жыңғылдыкөл» (6,5 шақырым) каналдарын механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Қосымша елді мекендерді қажетті насос қондырғыларымен қамтамасыз ету мақсатында биыл 19 насос құрылғысына сұраныс беріліп, елді мекендерге жеткізілді. Оған қоса биыл механикалық тазалау жұмыстарына 6 каналға жобалық-сметалық құжат әзірлеу үшін облыстық бюджеттен 8,3 млн теңге және елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында насос қондырғыларын алу үшін облыстық бюджеттен 52 млн теңге қаржы бөлінді. Механикалық тазалау жұмыстары жүргізілетін 6 каналдың қатарында Тереңөзек кентіндегі «Айтбай арық», С.Сейфуллин ауылдық округіндегі «Құрымбек», Шаған ауылындағы «Жиделі арық», Аманкелді елді мекеніндегі «Баржық» және Ақжарма ауылдық округіндегі «Ақжарма» мен «Дәулет-арық» каналдары бар. Ал Тереңөзек кентіне 2 электрлі насос, А.Тоқмағамбетов ауылдық округіне 2 дизельді насос алынатын болады.
Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі