Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжіліс кредиттен құтылуға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс кредиттен құтылуға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, заңда халықаралық тәжірибе ескерілді. Оған сәйкес, үш рәсім – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық жариялау және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру шараларын енгізу жоспарланып отыр.

"Барлық үш рәсімді борышкер ғана бастай алады, яғни несие берушінің борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ", - деді Жамаубаев мәжілістің жалпы отырысында.

Соттан тыс банкроттықтың шарттары:

берешектің 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы;

борышкерде ресми кірістің болмауы;

мүліктің болмауы;

қарыз бойынша банкпен тиісті рәсімдерді жүргізу.

"Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Соттан тыс банкроттық "Электронды үкімет" веб-порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі", - деп атап өтті министр.

Ал сот арқылы банкроттық қарыздың сомасы 4,9 миллион теңгеден асқан жағдайда қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы.

Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды.

Сот банкроттығын қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олар:

заңды тұлғаларды және жеке кәсіпкерлерді банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;

кәсіби бухгалтерлер;

заң консультанттары;

аудиторлар.

Заң бойынша банкрот деп жарияланған адам борышкердің міндеттемелерін орындаудан босатылады. Айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеу тоқтатылады. 5 жылға кредит алуға тыйым салынады.

Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Банкрот адамның тұрақты табысқа қол жеткізгеннен кейін қарызды қайтару жоспары жасалады. Соның нәтижесінде "банкрот" деген мәртебесінен айырылады. Кредит алмау және тағы басқа шектеулерден құтылады.
14 желтоқсан 2022 ж. 274 0