Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжіліс сайлау туралы заңға өзгерістер енгізді

Мәжіліс сайлау туралы заңға өзгерістер енгізді

Мәжіліс "Сайлау туралы" конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарап, мақұлдады.
Енді партиялық сайлау тізіміндегі адамдардың 30%-і міндетті түрде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар болуы тиіс. Мәжіліс "Сайлау туралы" Конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 
Заң жобасында мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеуге қатысты толықтырулар енгізілді. 
"Заң жобасында партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30% квота қарастыру ұсынылады. Осы мақсатта "Сайлау туралы" Конституциялық заңда әйелдер мен жастарға арналған квоталарды партиялық тізімге енгізу туралы талап қойылады", - деді әділет министрі Марат Бекетаев.  
Министр заң жобасы халықаралық тәжірибе негізінде әзірленгенін атап өтті. 
"Ұсынылып отырған жаңа нормалар әйелдерді елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді. Біз жастардың парламентке және жергілікті өкілетті органдарына келуіне ықпал етуге тиіспіз. Осы бөліктегі заңнамалық түзетулер қоғамдық әлеуметтік проблемаларды шешу үшін қабілетті жастарды да саясатқа белсенді тартуға мүмкіндік береді", - деді ол. 
Осы орайда депутаттар 30 процент әйелдер мен жастар арасында қалай бөлінетінін сұрады. Мәселен, кейбір партиялық тізім 29% процент әйелдерден және тек 1% жастардан құралуы мүмкін екеніне алаңдады. 
"Әрине, олай болауы әбден мүмкін. Біз мұны партиялардың өз қарауына қалдырдық. Сонымен қатар, 29 жасқа дейінгі әйелді қай категорияға жатқызатынын да өздері шешеді", - деп түсіндірді Бекетаев.
Талқылау барысында мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин жастар квотасы партиялық тізімде міндетті түрде заң бойынша болуы керек екенін атап өтті.
"Әрине, 29 жастағы адамды біреулер тым жас дейді, енді бірі ақылы толысқан дейді. Бірақ, олар өте креативті, тың идеяларға толы, заманға сай ұсыныстары бар. Сондықтан, меніңше бұдан қорықпауымыз керек", - деді спикер. 
Депутаттар заң жобасын бірауыздан мақұлдады.


22 сәуір 2020 ж. 823 0