Облыстың минералды-шикізат базасының дамуы
Қызылордада облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Оңтүстікқазжерқойнауы» РММ өңірлік инспекциясы өңіріміздің минералды-шикізат базасын дамыту мәселелері бойынша мәжіліс ұйымдастырды, деп хабарайды Kyzylorda-news.kz.
Жиынға Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Ғалиев, «Оңтүстікқазжерқойнауы» басшысының орынбасары Алексей Коротков, «Азимут геология» ЖШС бас директоры Дмитрий Инкин, мұнай өндіруші, уран өндіруші және тау-кен өндіруші компаниялардың басшылары мен өкілдері қатысты.
Мәжіліс барысында жер қойнауының геологиялық зерттелуін арттыру және шикізат базасын толықтыру мәселелері талқыланды.
Өз сөзінде Ерлан Ғалиев соңғы жылдары мұнай мен газ қорларының сарқылуы және қалыптасқан жағдайдан шығу үшін қабылданып жатқан шаралар бөлігіндегі өзекті проблемалық мәселелерді атап өтті. Өңірлік және іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде биыл облыс аумағында Арал бассейнінің "Шығыс" және "Батыс" учаскелері бойынша тығыздығы 20кмх20км геологиялық-геофизикалық зерттеу (2D сейсмикалық барлау) объектілері бойынша сейсмикалық барлау жұмыстары басталды. Айта кету керек, Шу-Сарысу бассейніндегі геологиялық зерттеулер ағымдағы жылдың соңында аяқталады.
Жоғарыда аталған объектілер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толығырақ «Азимут геология» ЖШС бас директоры Дмитрий Инкин таныстырды.
Мәжіліс қорытындысы бойынша Е. Ғалиев жер қойнауын пайдаланушыларды өңірдің минералды-шикізат базасын толықтыру мәселелерін шешуге белсенді қатысуға шақырды.