Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Орманшылардың жұмысы ойдағыдай

Орманшылардың жұмысы ойдағыдай

Туған жер табиғатын қорғау – Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі қызметкерлеріне жүк­тел­ген міндет. Қазан айының үшінші жек­сен­бісінде кәсіби мерекені атап өтетін орман қорғау­шылар биылғы 9 айды табысты қорытындылады.

Аудан бойынша 236549 гектар орман қоры жері бар. Оның 180327 га жері орманмен көмкерілген. 13 айналымға бөлінген жерді қорғау, молайту, тиімді пайдалану және өрттің алдын алуға мекемедегі 47 адам жауапты. Орманды қорғау үшін арнайы өртке қарсы қызмет тобы құрылып, арнайы техникамен жабдықталған. Төтенше жағдай орын алған жағдайда «Лютонг-2404», «ХТА-200» доңғалақты трактор соқа­сы­мен, «ХТЗ-150» тракторы соқа­сымен, 2 дана «МТЗ-82» трактор тіркемесімен, 2 дана «Нива» автокөлігі жұмылдырылады. Меке­ме­дегі орманшы инспекторлар мен өрт сөндірушілер байланыс құ­рал­дарымен қамтамасыз етілген. Өртке қауіпті маусымда тәулік бойы кезекшілік мекеме ғимаратында жә­не өрт бақылау мұнарасында ұйым­дастырылады.

– Жыл басында өртке қарсы бірлескен іс-қимылы және іс-шара жоспары жасалып, жұмыс жасалуда. 2022 жылдың қаңтар, ақпан айларында орманшылар аудан кө­леміндегі шаруашылық құрылымдарға өрт қауіпсіздігін қа­таң сақтау және болдырмау мақсатында ескерту хатын тарат­ты. Дала өртінің алдын алу та­қырыптарында плакаттар дайындап, тиісті жерге орналастырылды. Көктемде орманды өрттен қорғау минералды жолақтарының 40 шақырымы жаңадан және 60 шақырым ескісі жаңартылып, олар­ға үнемі күтім жасалуда. Елді мекен тұрғындары мен мектептерде орман-тоғай өртінің алдыналу және болдырмау мақсатына үгіт-насихат жүргізіліп, 8 мәрте лек­ция оқытылды. «Орман өрті» та­қырыбында бұқаралық ақпарат құралында мақала жарияланды. Аудандағы мекемелермен орман-тоғай өртінің алдын алу және жою жөніндегі бірлескен тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Ағымдағы жылдың 9 айында өрт оқиғасы тіркелген жоқ, – дейді мекеме басшысы Ә.Рақымжанов.

Мекеме қызметкерлері заңсыз аң аулауға тосқауыл қояды. Браконьерлерге қарсы күресті күшейту, орман және аң аулау заңдылығын бұзудың алдын алу мақсатында аудандық по­ли­ция бөлімі, аумақ­тық инс­пекциясымен жедел топтар құрылған. Арнайы топпен 24 рет рейд ұйымдастырылып, бар­лығы 8 жағдай анықталған. Оларға ӘҚБтК-сінің №382 ба­бының 1 тармағымен 7 хаттама, №372 ба­бының 1 тармағымен 1 хаттама тол­тырылған. Салынған айып­пұл­дар толығымен өндірілген.

Сала жұмысында балықтарды қорғау назардан тыс қалмайған. Қыс мезгілінде су айдындарында мұздарды ойып, қамыс қою арқылы балықтардың тыныс алуы­­на жағдай жасалған. Одан бөлек, «Таза су айдындары – 2022» атты акция жұмыстары бой­ынша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айта кеткен жөн. Акция кезінде су айдындарын­да тазалық сақтау керектігі түсіндіріліп, екі мәрте Сырдария өзенінің жағалаулары тұрмыстық қал­дықтардан тазар­тылған.

Аудан бойынша 31 көл бар. Бұл көлдерге үнемі мониторинг жа­сау орман қорғаушылардың құ­зырында. Биыл көлдерде балық шабақтарының қырылу жағдай­лары анықталмаған. Мекеме қыз­меткерлері аудандағы бірқатар мекемелермен бірігіп, шабақтарды қорғау және құтқару маусымында 1,5 млн дана балық шабақтары құтқарылған.

Қала мен аудан орталығы аралығында мекемеге қарасты саябақ бар. №9 аялдамадағы саябақта көк­тем мезгілінде 2 гектар жерге орман тұқымбағы орна­ластырылған. Оның 1 гектарына 10 мың дана терек, 20 мың Сыр талы, 5 мың дана ива, 5 мың дана жиде талы егілген. Сонымен қатар, 0,6 га қарағаш, 0,04 га жерге үйеңкі тұқымы себілген, шығымдылық 30% құрайды. Осы күні тұқымбақта 5 мың дана қарағаш, 5 мың дана Сыр талы, 3 мыңдана үйеңкі көшет­тері стандартқа сәйкес.

Ел Президентінің алдағы уа­қыт­та 2 млрд ағаш егу тапсырма­сына сәйкес, облыста 5 жылда Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар орман егу жұмыстары жоспарланған. Осы мақсатта орман шаруашылықтарына сексеуіл тұқымын себу мен сексеуіл көшет­терін отырғызу жұмыстары міндет­телген. Себілетін сексеуіл тұқымын жинау мен сексеуіл көшеттерімен қамтамасыз ету бағытында Іңкәр­дария елді меке­нінің учаскесінен 18 гектар жер дайындалып, қор­шалып сексеуіл тұқым­бағы орна­ластырылған. Қазіргі таңда тұқым­бақта 2 млн 450 мың дана сексеуіл көшеті өсірілуде. Алдағы уақытта осы көшеттер қазылып, Арал теңізі табанының құрғаған ұлтанына жі­берілмек. Оған қоса, күзде 16,0 тонна сексеуіл тұқымын жинау жос­парланған.

Осындай ауқымды міндетті ат­қаратын ауданның табиғат сақшы­лары осы жылды да табысты қоры­тындылау мақсатын қойған.

Бибісара ЖАНӘЛІ
18 қазан 2022 ж. 380 0