Нұрғали Қордабай: Аймақтың макроэкономикалық көрсеткішінде өсім бар
Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде оң қарқын бар. Мәселен, осы жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың қазынасы – 74 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,5 пайызға жоғары. Сондай-ақ, өңірде халықтың табысын арттыру мақсатында жаңа жұмыс орындары ашылып, аталған бағдарлама аясында халықтың табыс деңгейін арттырудың жүйелі шаралары жүргізілмек, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай мәлімдеді.
«Аймақтың негізгі макроэкономикалық көрсеткішінде айтарлықтай өсім бар. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі – 5,8 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 1,5 пайызға, инвестиция тарту – 17,1 пайызға, бөлшек сауда көлемі – 1,4 пайызға, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 7,9 пайызға артты. Ал облыс бюджеті – 74 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 19,5 пайызға өсті. Оның ішінде салықтық түсімдер – 60,2 млрд теңге болса, салықтық емес түсімдер – 3,7 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, халықтың табысын арттыру бағдарламасы шеңберінде тиісті шаралар жүргізілуде», – деді Нұрғали Рахымшаұлы.
Облыста жыл басынан бері экономиканың барлық саласында 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес, өңірде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету бағыты жүргізіледі.
«Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде осы жылы 128 жоба арқылы 1500-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күнге дейін Ұлттық жобалар аясында 522 жұмыс ашылып, онда тұрғындар еңбек етуде. Жалпы еңбек нарығына жыл сайын 32 мыңға жуық азамат маман ретінде келеді. Бұл өз кезегінде тұрақты жұмысқа орналасуға біршама қиындық келтіреді. Осыған орай жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуға арналған «Алғашқы жұмыс», түлектерге арналған «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша жалақы көлемі мен мерзімі ұзартылды», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева.
Статистикалық мәліметтер бойынша, халықтың тұтыну шығысының 56,8 пайызы азық-түлік тауарларына, 26,0 пайызы азық-түлік емес тауарларға, 17,2 пайызы ақылы қызметтерді құрады. 2022 жылдың І тоқсанында халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы қаржылай табысы – 103 685 теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,2 пайызға өскені байқалады. Жалпы халықтың нақты ақшалай табыстары 16,1 пайызға жоғарылаған.