Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ФИДЕЛЬ КАСТРОНЫҢ 68 ЖАСТАҒЫ ҰЛЫ ҚАЙТЫС БОЛДЫ

ФИДЕЛЬ КАСТРОНЫҢ 68 ЖАСТАҒЫ ҰЛЫ ҚАЙТЫС БОЛДЫ


Кубаның бұрынғы президенті Фидель Кастроның үлкен ұлы Фидель Анхель Кастро Диас-Баларт кеше бақилық болды.

 Prensa Latina ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ол өз-өзіне қол салған. Бірнеше ай бойы ауруханада жатып емделген Анхель Кастро ақыры дертіне ем таппаған көрінеді. Психологиялық тұрғыдан ауыр күйзеліске ұшыраған ол ақыры өз-өзіне келе алмай өмірден өтті. Бірақ оның жүйкесіне не салмақ түсті, ол жағы нақты айтылған жоқ.
Өмірінің соңғы жылдарына дейін Куба Мемлекеттік кеңесінің ғылыми жұмыстар жөніндегі кеңесшісі қызметінде болған ол Ғылым академиясының инновация жөніндегі вице –президенті қызметін де қоса атқарған. Халықаралық ғылыми қауымдастықта өз орны бар азамат бірқатар медальдармен марапатталған. Өлерінен бірнеше сағат бұрын ол ағайын-туған туыстары мен отбасына  арнайы хат жазып қалдырған көрінеді. Бірақ онда не жазылғаны ашып айтылған жоқ. Ол қай жерге, қай уақытта жерленеді? Ол жағын да отбасы шешеді.
Орыс тілін өте жетік білетін Анхель Кастро Диас-Баларт 1974 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. Ядролық зерттеу институтында ядролық физика тақырыбына қатысты кандидаттық диссертация қорғады.  Курчатов атындағы Атом энергетикасы институтында жұмыс істеді.
1983-1992 жылдары Куба делегациясының МАГАТЭ-дегі Ассамблеясын басқарды, сонымен қатар, аталған ұйымдағы Куба мемлекетінің ресми өкілі болды. 2004 жылдан бастап Куба мемлекеттік кеңесінің ғылым  саласы бойынша кеңесшісі болып істеді.
Еркін ҚАЛДАН
 
02 ақпан 2018 ж. 1 160 0