Иорданияда Астана көшесі пайда болды
Иорданияның бас қаласындағы көшелердің біріне Астана атауы берілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Әкімдіктегілердің мәліметінше, қала әкімі Бақыт Сұлтанов ресми сапармен Амманға барған. Көшені ашу салтанатына Қазақстан астанасының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Иорданияның бас қаласы Амманның мэрі Юсуф әл-Шауариба қатысты.
Астана әкімі Бақыт Сұлтанов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иордания королі ІІ Абдолла арасындағы достық қарым-қатынастың өзгелерге үлгі екендігін, екі елдің мүддесі үшін қызмет ететінін тілге тиек етті. Ол аммандықтарға Елбасымыздың қызметіне деген ықыласы үшін өз алғысын білдірді.
Айта кетейік, 2010 жылы Иордания астанасындағы орталық көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген болатын.
"Біз барша аммандықтарға біздің Елбасыға көрсеткен құрметі үшін өз алғысымызды айтамыз. Жаңа ғана жоғары мәртебелі Шауариба мырзамен бірге Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшеде болып, оның дамуын көріп қайттық. Ал енді Қазақстан астанасының атымен аталатын көшені ашып отырмыз.
Бұл оқиға жас Астананың 20 жылдығы тойланып жатқан жылы орын алып отыр. Ол біздің қалалар мен елдердің тұрғындары арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуіне жаңа импульс беретіндігіне сенімдімін", - деді Сұлтанов. Өз кезегінде Амман мэрі Юсуф әл-Шауариба екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жемісті болатындығына өз сенімін білдірді.
"Біздің халықтардың арасындағы қарым-қатынас пен екі ел басшыларының арасындағы саяси достық өзгелерге үлгі. Астана - заманауи қаланың үздік эталоны. Одан әлемнің басқа қалалары үлгі алады. Сол себепті, Иорданияның бас қаласында Астана атындағы көшенің ашылғаны біз үшін үлкен құрмет. Ол біздің мемлекеттеріміздің арасындағы достық пен жемісті ынтымақтастықты бейнелейді", - деді Юсуф әл-Шауариба.
Көшені ашу салтанаты Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың Иорданияның бас қаласына жасаған ресми іс-сапарының аясында өтті.
Кездесу барысында Астана әкімі мен Амман мэрі екі елдің алдағы уақыттағы түрлі салада ынтымақтастықта іс жүргізуінің әлеуетін талқылады.
Еске салайық, 2012 жылдың қаңтарында Астанада Иордания Королі марқұм Жоғары мәртебелі Хусейн бен Талалдың құрметіне көше атауы берілген болатын.
Астана әкімдігі мен Амман қаласының муниципалды органы арасында туыстық қарым-қатынас орнату туралы келісім-шарт 2005 жылдың 8 қарашысында бекітілді.