Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың кейбір тетіктері

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың кейбір тетіктері

Қазақстанның бастамасымен 2003 жылы қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі (Съезд) ұлтаралық және дінаралық диалогты қалыптастыруда аса маңызды іс атқарып отырған салиқалы да сындарлы халықаралық форумдардың бірі болып табылады.

Форумның туындауының өзі негізінен халықаралық шиеленістің күшеюі, жаһандық қауіпсіздік жүйесінің ыдырай бастауы, сондай-ақ қарулану бәсекелестігінің күшеюі мен жаһандық экологиялық проблемаларының күн тәртібіне шыға бастауынан болғанын айту қажет. Осы күрделі жағдайда халықтарды қоғамдық келісім, діни төзімділік пен бейбітшілік, адамгершілік құндылықтары идеялары төңірегіне ұйыстыру мәселесі тұрды. Осы мақсатта құрылған бірегей алаң саясаткерлерді, діни көшбасшылар және халықаралық ұйымдарына дінаралық диалог пен тұрақты даму мәселелерін талқылауға ширек ғасыр тиісті септігін тигізіп келеді. Диалогтың маңыздылығы ол тараптардың келісімге келуін үйлестіретін бір таптырмас тетік іспеттес болып, бір-біріне деген сенім артуға мүмкіндік береді, демек, діни және саяси қайшылықтарды кемітуге жол ашады.

Аталған мақсаттарға сәйкес өткізіліп отырған Съездің қазіргі күнге дейін 7 отырысы өтті. Бірінші Съезге Еуропа, Азия, Африка және Таяу Шығыстың 13 елінен қонақтар мен 17 діни конфессияның өкілдері қатысса, 2022 жылы қазанда өткен VII Съезге қарай қатысушы елдердің құрамы 50 мемлекетке және барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің, діни бірлестіктердің, халықаралық ұйымдар өкілдерінен тұратын 100-ден астам делегацияға дейін көбейген. Бұл жыл өткен сайын Съездің абыройы мен маңызы артып, әлемдік сұранысқа ие болғандығын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл бір реттік іс-шара емес, тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан үдеріс екенін білдіреді. Айта кетерлік жайт, форум осы уақыт аралығында өзінің өміршеңдігін дәлелдеді және жаһандық дінаралық, өркениетаралық диалогтың маңызды алаңына айнала білді.

Қазіргі кезде дінаралық диалог әлемде белгілі форумдардың қатарында ғана болмай, сонымен бірге халықаралық қатынастардың маңызды факторы ретінде аталуда.

Дегенмен, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының өзара пікір алмасуы, тиісті диалогқа келуі мәселесін қарастырғанда осы тақырыптың идеясы ұлтаралық және дінаралық татулықты ту қылып ұстанған еліміздің мемлекеттік саясаттың моделіне негізделгенін де айту керек шығар. Ел басшылығы өзінің ішкі саясатының мәйегіне айналған қағидаттар арқылы әлемге дінаралық алауыздықты шешу жолдарын кеңінен көрсетуде. Осыған байланысты, ҚР Сенатының төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы М.С.Әшімбаев 2021 жылы қазанда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Біз үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Хатшылығы мен Съезін өткізу имидждік оқиға емес, Қазақстанның даму моделінің органикалық және ажырамас бөлігі болып табылады» - деп, оның еліміздің ішкі жағдайының дамуына етене құрамдас екенін білдірді.

Съездің халықаралық аренадағы 20 жылдық тарихына көз жүгіртер болсақ ондаған маңызды құжаттарға қол қойылғанын, халықтардың өзара түсіністік пен сенімге негізделген достық ынтымақтастығына тиісті серпін берілгенін, әсіресе, сонымен қатар әлемдік дінаралық диалогтың сәтті дамуына үлкен үлес қосқанымызды айта аламыз. Ең маңыздысы – осы жылдары Съезд өзінің өзектілігі мен қажеттілігін дәлелдей білді.

Алайда, осы үрдістермен қатар геосаяси мен геостратегиялық жағдайларда әртүрлі себептерден соңғы кездері қолайсыз өзгерістер белең алуда және олар кейбір мемлекеттер арасындағы қақтығыстарға да алып келді. Әсіресе, Украинадағы соғыс жағдайы мен Таяу Шығыстағы шиеленістер және осыдан бастау алған мәселелер кейбір елдер арасындағы өзара түсініспеушіліктер мен текетірестерге әкелуде. Сонымен бірге осы сын-қатерлерді еңсеруге бағытталған халықаралық күш-жігердің тиімділігі төмендеп келе жатқанын көреміз. Аталған мәселелердің салдары әлемдік деңгейде тарала бастауы халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылыққа өзінің кері әсерін тигізуде.

Осы жағдайда адамгершілік пен төзімділік құндылықтары негіз болған Съездің күн тәртібіне тиісті өзгерістер енгізіп, бүгінгі күннің уақыт талабына сай жаһандық диалог пен сенімді нығайтудың жаңа тәсілдерін іске асыру мақсаты белең алды. Осыған уақтылы көңіл аударған Қазақстан басшылығы халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуде рухани басшылар да үлкен үлес қоса алатынына назар аударып, Съезд жұмысына жаңа бағыт беруді тапсырды. Атап айтқанда, 2022 жылы қазанда өткен VII Съезд отырысында Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев 2023-2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамыту Тұжырымдамасын әзірлеуге тапсырма берді. Өз сөзінде Президент «Бұл Тұжырымдама форумымызды одан әрі нығайту және ықпал ету үшін нақты қадамдар мен кезеңдерді қамтуы керек. Біздің міндетіміз – өркениеттер арасындағы ашық диалогты қамтамасыз ету және ілгерілету, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту», – деп, болашақтағы нақты іс-шараларға басымдық беруге шақырды.

Тұжырымдама Съезд Хатшылығының жұмыс органы болып саналатын «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ тарапынан жан-жақты мұқият қарастырылған құжат ретінде дайындалып, 2023 жылы қазанда Астанада өткен Хатшылықтың кезекті XXI-ші отырысында бекітілді.

Жалпы алғанда Съезд жұмысы 2003-2023 жылдардағы бірінші онжылдықта негізінен көпжақты дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайту мен оны әлемде мейілінше ілгерілету болып табылды. Бұл жұмысты форум өте сәтті аяқтай білді және біз оны Съездің маңызы мен абыройының асқақтағанынан көрудеміз. Енді алдымызда Съезд дамуының келесі онжылдығы – 2023-2033 жылдардағы атқарар бағыт-бағдарларымыз бен іс-шараларымыз тұр.

Адамзаттың ең өзекті мәселелерімен айналысу Съездің басымдық берілген бағыты болғандықтан оның шешуі жолында рухани-діни басшылардың өзара тығыз ынтымақтастықта және бірлікте болуы форумның ішкі қағидатына айналмақ. Сондықтан олардың кейбір қиын проблемаларды шешуде өзара күрделі компромистерге баруы күтіледі. Жалпы, бір бірімен келіссөзге келмейтін, ол емес, тіпті ортақ үстелге отырмайтын кейбір антогонистік діни бірлестіктер Съезд жұмысы аясында ортақ шешімдерге келіп, сындарлы ұстанымда дауыс беруде екенін айтуымыз керек. Бұны форумның үлкен жетістігі деп қарастырса болады және екінші жағынан ол халықаралық қарым-қатынастарға оңтайлы әсер етіп, халықтар ынтымақтастығының маңызды факторына айналуда екенін атап өтеміз. Осы үрдіс өзінің оңтайлы жалғастығын табуда. Мысалы, 2019 жылы ақпандағы Қасиетті Тақ пен Әл-Азһар әл-Шариф арасындағы «Бейбітшілік пен бейбіт қатар өмір сүрудің пайдасына адами бауырластық туралы» құжатқа қол қою, Мекке декларациясының қабылдануы және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Ыбырайым отбасы үйінің ашылуы әртүрлі конфессиялардың өкілдерін бір- біріне жақындатқан іс-шаралар болып табылады. Бұл көңілге сенім ұялатып, күш-жігер береді және жоғарыда айтылған діни басшылардың ауызбіршілігін нығайтуға үлкен үміт арттырады.

Тұжырымдама регламентіне сәйкес Съезд жұмысы 2023-2033 жылдары өзінің даму жолында төменгі үш бағытты қамтиды деп шешілді:

Өзекті жаһандық трендтер мен сын-қатерлерді ескере отырып, дінаралық форумдарды дайындау және өткізу;

Съездердің декларацияларын жүйелі іске асыру негізінде қазіргі әлемнің жаһандық проблемаларын шешуге жәрдемдесу;

Рухани дипломатияны дамыту, Съездің халықаралық институттармен және алаңдармен, халықаралық қатынастардың басқа да субъектілерімен серіктестік қатынастарын нығайту.

Съездерді дайындау мен өткізу

Әр үш жылда шақырылатын Съезд жұмысы болашақта ашық пікірталас пен сындарлы диалогқа негізделген жалпы демократиялық құндылықтарды сақтау шеңберінде дамып отырмақ. Ол өз құжаттарында бірлескен іс-қимылдардың жалпы бағыттары мен басымдықтарын айқындайды және көбіне-көп өзінің осыған дейінгі істеп келген дәстүрлі жұмысын жалғастырады деп күтілуде. Дегенмен, оның қызметіне едәуір серпін берер кейбір қосымша тармақтар қосылғандығын атап өтеміз. Мысал ретінде әр форумнан соң «Жол картасының» түзілуін жаңа үрдіс ретінде атап өтсе болады. Бұл құжат әрбір Съездің декларацияларын ілгерілету мен іске асырудың басқы тетігі ретінде қабылданып, рухани басшылардың форумда ұсынған пікірлері мен тезистерін жүзеге асыруға ықпал етеді. Бұл бұрын-соңды болмаған жаңа механизм және болашақта форум жұмысына үлкен өзгерістер әкеледі деген сенімдеміз.

Маңыздылығымен көзге түсер тезистер ретінде форумның БҰҰ Бас Ассамблеясы мен өзге халықаралық ұйымдардың жаһандық күн тәртібін ескеретінін атап өтуге болар. Осы ретте форумның тиісті үндеулері БҰҰ тарапынан шығып отыратын арнайы қарарларға қажет болған жағдайда кіргізу мақсатында оның құзіретіне жіберіп тұру үрдісі жалғасатын болады.

Съезд төңірегіндегі қордаланып қалған мәселелердің тез шешілуіне кепілдік беретін ұсыныстардың бірі ретінде оның аясында Жас діни лидерлер форумын (секциялық отырыстар) өткізуді атау қажет. Бұл әрекеттер форум жұмысына жаңа серпін беріп, ондағы ұрпақтар жалғастығына оңтайлы әсер береді деген ойдамыз.

Съезд жұмыстарына үзбей қатысып, дінаралық диалогты ілгерілетуде қосқан зор еңбегі үшін діни көшбасшыларға берілетін Астана халықаралық сыйлығы мен Съездің Құрмет медалін тапсыру рәсімдері өз жалғастығын табады.

Съезд декларацияларын жүйелі түрде іске асыру

Бұл бағыттағы арнайы жұмыс Съезд декларацияларының ережелерін іске асыру мен оның барысына мониторинг жүргізу, сонымен қатар, келесі Съездің күн тәртібі мен материалдарын әзірлеу болып табылады.

Аталған іс-шаралар арнайы қабылданған «Жол картасы» құжатына сәйкес жүргізіледі деп белгіленген. Осы мақсатта онлайн/офлайн халықаралық кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар, уағыздар, дәрістер, көрмелер, семинарлар, сонымен бірге өңірлік дінаралық конференциялар (консультациялар) өткізілуі тиіс.

Съезге қатысушылар әлемнің әртүрлі өңірлеріндегі даулар мен қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу мақсатында медиация рәсімдеріне қатыса алады.

Жастар болашағындағы өзекті мәселелерді шешу жолында халықаралық жастар диалогы мен ынтымақтастықты дамытуға ықпал ету міндеті күн тәртібіне қойылған. Осы мақсатта Съезд құрылымдары діни және зайырлы жастар ұйымдарымен, соның ішінде AIESEC, SIFE, Жастар түсіністігі үшін, Халықаралық жастар палатасы, Еуропалық құқық студенттері қауымдастығымен (ELSA) және өзге де халықаралық ұйымдарымен ынтымақтастық құратын болады.

Сонымен қатар, форум аясындағы еріктілер қозғалысына серпін беру және дін көшбасшыларының шет ел жастарымен кездесулері жоспарланған.

Форум қызметін БАҚ арқылы әлемдік медиа орталықтарына шығару мақсатында халықаралық рухани білім онлайн-орталығы құрылып, онда электрондық кітапхана жұмыс істейтін болады.

Съезд құрылымдары оқу орындарымен, зерттеу орталықтарымен, ғалымдармен және сарапшылармен ынтымақтастықты дамытып, діни диалог тақырыбын зерттеушілерге арналған «Дінаралық ынтымақтастық жөніндегі стипендиялар» бағдарламасы мен осы саладағы басқа жобаларға қолдау көрсетуге ниетті.

Рухани дипломатияны дамыту, Съездің халықаралық институттармен және алаңдармен, халықаралық қатынастардың басқа да субъектілерімен серіктестік қатынастарын нығайту

Съезд құрылымдары конфессияаралық және өркениетаралық диалог саласындағы беделді халықаралық ұйымдармен тығыз байланысқа түсуде, осы мақсатта форум өкілдерінің БҰҰ пікірталастарына қатысып, өзге де алдыңғы қатарлы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық құруға ниетті.

Форум өзінің мақсаттары мен идеяларын халықаралық деңгейде ілгерілету үшін көрнекті діни, саяси және қоғам қайраткерлері өкілдерінен Съездің Ізгі ниет елшілерін тағайындайды. Олар форумның миссиясын, мақсаттары мен декларацияларын ілгерілету үшін өз мүмкіндіктерін пайдаланады, оның іс-шаралары мен жобаларына қатысады.

Сонымен, сөз соңында жиырма жылдық тарихы барысында дінаралық диалог пен ынтымақтастықтың тиімді алаңы бола білген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі өзінің кезекті даму сатысына көтерілу үстінде екенін атап өтеміз.

2023-2033 жылдардағы жүзеге асырар қызметіне байланысты Съезд тарапынан қабылданған Тұжырымдамаға сәйкес оның атқарар жұмысының ауқымы біршама ұлғайғанын көреміз және «Жол картасын» жүзеге асыру арқылы нақты іс-шараларды атқаруға айрықша басымдық берілуі мамандар арасында дер кезінде қабылданған шешім ретінде аталуда. Қабылданған Тұжырымдамаға сәйкес 2023-2033 жылдары Ізгі ниет елшілерін тағайындау, жас діни лидерлері форумын құру, волонтерлік қозғалысты қолдау, медиация рәсімдерін өткізу, форум аясында зерттеу жұмыстарын жүргізу және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста болу секілді және т.б. іс-шаралар жүзеге асырылмақ. Осы іс-шаралар механизмдері арқылы Съезд рухани дипломатияның әлеуетін белсенді пайдалана отыра әлемдегі сын-қатерлерге қарсы тұруда дін басшыларының күш-жігерін біріктіруді іске асырмақ.

Аталған шаралардың сәтті түрде өзара үйлесуін ескере отыра Съезд болашағының жарқын екеніне үлкен сеніммен қараймыз.

Руслан АХМЕТ,
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету департаментінің бас консультанты

19 наурыз 2024 ж. 173 0