«ҰЛТАРАЛЫҚ ЖӘНЕ ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ – БЕЙБІТШІЛІК КЕПІЛІ»
Қазақстан экономикалық, әлеуметтік-саяси, демократиялық тұрғыдан жедел даму жолына түсті және де ол тек ТМД кеңістігі аясында ғана емес, сонымен қатар әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдердің қатарында. Әрине, мұндай жетістікке қоғамдағы жарасымды үйлесім мен ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың тиімді тұтқаларын жасаудың дұрыс бағытын таңдап алу арқылы қол жетті.
Мемлекетімізде барлық азаматтар ұл¬ты¬на және діни сеніміне қарамастан, тең құқылы. Осы құқықтық норманың сақталуы нәтижесінде қазақ елі өз тәуелсіздігінің 27 жылын бейбітшілікпен өткерді. Сондықтан бүгінгі еліміздегі этно-мәдени және діни бірлестіктер арасындағы ұлтаралық және дінаралық келісімді қастерлеп, оны баянды ету – барша қазақстандықтардың басты міндеті.
Осы орайда, облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Достық үйінде «Ұлтаралық және дінаралық келісім – бейбітшілік кепілі» тақыбырында «дөңгелек үстел» өтті. Шараға «Қоғамдық келісім» КММ-нің директорының орынбасары Рахима Ахметова, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Ерсұлтан Есов, «Нұр» мешітінің бас имамы Марат Үркінбаев, «Шымкент епархиясы Қызылорда қаласы Қазан Құдай Ана Иконасы» храмының иподьяконы Виктор Перехватов және аймақтағы этно-мәдени және діни бірлестіктер жетекшілері қатысып, еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық қатынастардың тиімді тұстарын сөз етті.
«Достықтың арнасы – кең, тамыры – терең» дейді дана халқымыз. Біздің облысымызда тамырын тереңнен тартқан достық қазіргі таңда одан әрі нығая түсуде. Оны 30-дан аса ұлт өкілдері мекен ететін аймағымыздың бүгінгі бейбіт өмірінен-ақ байқауға болады» - деді Р.Ахметова.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Е.Есов жиналғандарға ұлттар мен ұлыстардың бірлігі маңызды екенін айта келе, осы келісімді одан әрі нығайта түсуге шақырды. «Қазір елімізде 18 конфессия тіркелсе, облыста 6 конфессияға жататын 180-нен астам діни ғибадатхана бар. Олардың басым бөлігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер, 15-і христиандық бағыттағы діни бірлестіктер мен олардың филиалдары. Сіздерді Тәуелсіз еліміздің ұлтаралық келісімін одан әрі дамытуға, жерімізде тыныштық пен достықтың туын мәңгі желбіретуге үлес қосуға шақырамын», - деді бөлім басшысы.
Шара соңы этно-мәдени және діни бірлестік жетекшілерінің пікір сөзімен қорытындыланады. Жиналғандар бірауыздан берекелі елдің мамыражай бейбітшілігін баянды етуге күш салатындықтарын білдірді.
Ерқанат СӘРСЕНБАЙ,
Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының
дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы