Әлемдегі ең "мықты" төлқұжаттар анықталды: Қазақстан қай орында
Henley & Partners компаниясы төлқұжат индексімен визасыз саяхаттау мүмкіндігі бойынша халықаралық рейтинг жасады. Мұнда Қазақстан 66 орында. Біздің азаматтар 78 елге визасыз бара алады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл рейтингте 200-ден астам елдер мен аумақтардың визалық ережелері талданып, олардың басқа мемлекеттерге визасыз кіре алу мүмкіндігі бағаланған.
Компанияның 19 жылдық бақылауында алғаш рет алты ел визасыз саяхаттаудың рекордтық санымен бірінші орынды иеленді. Олардың төртеуі Еуропалық Одақ елдері – Германия, Италия, Испания және Франция, екеуі Азия елдері – Сингапур мен Жапония. Бұл елдердің төлқұжат иелері әлемнің 194 бағыты бойынша визасыз жүре алады.
Ал екінші орынды Оңтүстік Корея, Финляндия және Швеция иеленді. Олар 193 бағытқа визасыз баара алады. Австрия, Дания, Ирландия және Нидерланды 192 бағытпен үшінші орынды бөлісті.
Жаңа индекстің үздік 10 елі Еуропа елдерін құрайды. Олардың ішінде Ұлыбритания 191 бағытпен төртінші орынға, АҚШ 187 елге кіру мүмкіндігімен жетінші орында.
Еліміз Қазақстан бұл тізімде 66 орында тұр. Біздің азаматтарымыз 78 елге визасыз бара алады. Еліміз бүгінде Грузия, Армения, Сент-Винсент, Гренадиндер, Түркия, Албания, Колумбия, Коста-Рика, Молдова, Моңғолия, Ресей, Украина, Әзірбайжан, Аргентина, Барбадос, Беларуссия, Бразилия, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Малайзия, Мальдив аралдары, БАӘ, Сербия, Тәжікстан, Филиппин, Эквадор, Гонконг, Иран, Оман және Өзбекстан және тағы басқа елдерге визасыз режимде бара алады.
Ал Ресей мен Түркия 51-52 орында. Өзбекстан 80 орынға жайғасқан.
Еске салсақ, 10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим жұмыс істей бастаған еді.
Фото: Вaq.kz