Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытай және Орта Азия мемлекеттік басқару академияларының желісі құрылды

Қытай және Орта Азия мемлекеттік басқару академияларының желісі құрылды

Бейжіңде «Өркениеттер қарым-қатынасы және жаһандық даму» форумы өтті. Форум аясында Қытай мен Орталық Азия елдері мемлекеттік басқару академиялары арасындағы ынтымақтастық желісі құрылды. Оны құру туралы Қытай ұлттық мемлекеттік басқару академиясы бастама көтерген, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Желі мемлекеттік қызметшілерді даярлау және оқыту саласындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді, демек, жалпы елдерді модернизациялауға ықпал ететін болады», деді Астана Мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов.

Желінің құрылтайшы-мүшелері – Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы мемлекеттік басқару академиялары.

Жалпы, Қытай Ұлттық мемлекеттік басқару академиясы бастамасымен өткен өркениетаралық коммуникация мен жаһандық даму форумы жұмысына Еуропа, Америка, Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азияның 30-дан астам елінен үкімет мүшелері, ірі саяси қайраткерлер, халықаралық ұйым басшылары мен талдау орталықтары сарапшылары қатысты.

Пленарлық сессияда Қытай Компартиясы жоғары партия мектебі (Қытай Ұлттық мемлекеттік басқару академиясы) атқарушы вице-президенті Си Чунтао, Жаңа даму банкі президенті және Бразилияның экс-президенті Дилма Руссефф, Брукинг институтының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Джон Торнтон (АҚШ), Бельгияның бұрынғы премьер-министрі Ив Летермэ, Астана Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменов және басқа да бірқатар халықаралық сарапшы сөз сөйледі.

Си Чунтао тұрақты әрі үйлесімді әлемдік даму үшін түрлі өркениеттер арасындағы қарым-қатынас пен ынтымақтастықты дамытудың, диалог пен өзара түсіністікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Өз сөзінде Алихан Байменов адам табиғатына тән ізденімпаздық, жаңашылдық, таным көкжиегін кеңейтуге ұмтылыс өркениет дамуына әрдайым серпін беріп келгенін айтты. Ал ғасырлар бойы Конфуций, Әл-Фараби, Абай секілді ойшылдар адамзатқа ортақ құндылықтарға негізделген орта құруға үндеу арқылы ғылыми-техникалық прогресс жемістерін адам игілігіне жұмсауға бейім ахуал қалыптастыруға үлес қосқанын атап өтті. Адам табиғатына тән қауымдасуға, қарым-қатынас аясын, ортасын, әріптестік кеңістігін кеңейтуге ұмтылыс та өркениет дамуы тетігі болғанын тілге тиек етті.

Мәселен, оны Мыңжылдықтың даму мақсаттары, Тұрақты Даму Мақсаттары, сондай–ақ «Бір белдеу-бір жол» бастамасы және ортақ тағдырлы Ғаламдық қауымдастық тұжырымдамасы сияқты ғаламдық бастамалардан көруге болады. Олар адамзат прогресі үшін әрбір елдің тұрақты дамуы мен әлеуетін  арттыру бойынша жаһандық орта қалыптастыруға бағытталғанын айтты. «Бұл тұрғыда жүйелі тәжірибе мен білім алмасу, оның ішінде бүгінгі форумдар сияқты жиындар - жаһандық диалогты байытудың өте маңызды құралы», деді Байменов.

Форум аясында Орталық Азия өңірі өкілдері ҚКП Орталық партия мектебі (Қытай Ұлттық мемлекеттік басқару академиясы) атқарушы вице-президенті Си Чунтаомен кездесіп, пікір алмасты.

Кездесу барысында Алихан Байменов пен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттік басқару академиялары басшылары кадрларды даярлау және қайта даярлау саласындағы ынтымақтастық перспективалары туралы өз ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар Байменов Қытайдағы мемлекеттік басқару реформаларына арналған Хаб журналының арнайы шығарылымын ұсынып, Хабтың қатысушы елдері мен серіктестерінің осы басылымға қызығушылығы мен сұранысын атап өтті.
09 қараша 2023 ж. 547 0