Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Таулы Қарабақ Республикасы 2024 жылдан бастап таратылады

Таулы Қарабақ Республикасы 2024 жылдан бастап таратылады

Мойындалмаған Таулы-Қарабақ Республикасының президенті Самвел Шахраманян республиканың өмір сүруін тоқтату туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Sputnik.kz.

"Ведомстволық бағыныстағы барлық мемлекеттік мекеме мен ұйымды 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін таратылсын және Таулы Қарабақ (Арцах) Республикасы өмір сүруін тоқтатады", - делінген жарлықта.


Осы жарлық күшіне енгеннен кейін Таулы Қарабақ тұрғындарына, оның ішінде республикадан тыс жерлердегі тұрғындарға Әзербайжан ұсынған реинтеграция шарттарымен танысуға, содан кейін аймақта қалу-қалмауды өз бетінше шешуге нұсқау беріледі.

Бұл шешім Таулы Қарабақ халқының физикалық қауіпсіздігі мен өмірлік мүдделерін қамтамасыз ету үшін, қалыптасқан күрделі әскери-саяси жағдайға байланысты қабылданды.

Жарлық жарияланғаннан кейін бірден күшіне енеді.

24 қыркүйектен бастап Таулы Қарабақ тұрғындары аймақтан кете бастады. Таулы Қарабақта 120 мыңға жуық армян өмір сүрді.

Әзербайжан 19 қыркүйекте Таулы Қарабақта Конституциялық жүйені қалпына келтіру үшін "жергілікті сипаттағы терроризмге қарсы іс-шаралар" деп аталатын әскери операцияны бастады. Ереванда болған оқиға агрессия ретінде қарастырылып, Қарабақта армян бөлімшелері жоқ екені айтылды.

Бір күннен кейін Ресей бітімгерлерінің делдалдығымен Баку мен Степанакерт атысты тоқтату туралы келісімге келді. Бітімгершілік шарттарының бірі армян құрамаларын қарусыздандыру және ауыр техниканы Қарабақтан шығару болды. Жиырма бірінші қыркүйекте Әзербайжанның Евлах қаласында Қарабақ армяндары өкілдерінің Әзербайжан делегациясымен өңірдің республика құрамына кірігуіне арналған кездесуі өтті. Келесі күні Ресей қорғаныс министрлігі Қарабақтың Қарулы күштері бітімгерлердің бақылауымен қару-жарақ пен әскери техниканы тапсыра бастағанын хабарлады.

Фото: sputnik.kz
28 қыркүйек 2023 ж. 451 0