Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлыбританияда Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Ұлыбританияда Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қауымға Ұлы дала еліне саяхаттаудың артықшылықтары туралы айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық туроператорлар шетелдік әріптестерін іскерлік қарым-қатынас орнатуға шақырды. Тұралап қалған туризм саласы пандемиядан кейін қайта қарқын ала бастады. Шектеулер жеңілдетілгелі саяхатқа деген қызығушылық артты. Сол сұранысты қанағаттандыру үшін дүниежүзі бойынша 180 елден 5000-нан астам қатысушы және 150 мыңға жуық көрермен Халықаралық туризм көрмесіне жиналды.

Талғат Аманбаев, «Kazakh tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Әр көрме немесе роуд шоу немесе шетелге шыққан сайын біз 200-500 турист қарсы аламыз. Бірақ одан басқа одан әрі имиджі артады. Себебі Қазақстан осында болмаса, басқа елдер бізді білмейді. Екіншіден, туризм, сауда, инвестиция ол деген бәрі бір-бірімен қатар жүреді. Көптеген ел үшін туризм – индустрия. Ол кіріс әкеліп, халықтың әл-ауқатының жақсаруына көмектеседі. Қазақстанда да туризм ілгері дамып келе жатқан салалардың бірі және оның әлемдік нарықта ойып тұрып орын алуға мүмкіндігі жеткілікті.

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:

- Қазақстанда туризм тұрғысынан шетелдік қонақтарға көрсететін көп дүние бар екендігіне сенімдімін. Бұған қоса, бұл сала біздің экономикамыз үшін өте қажет индустрияға айнала алады. Сондықтан менің ойымша, Қазақстанның осындай халықаралық көрмелерге белсенді қатысуы өте маңызды. Басқаларды былай қойғанда, британиялық саяхатшылардың елімізге деген қызығушылығы жоғары. Олар Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан көне қалаларымыз бен тылсым табиғатымызға ынтызар. Оның үстіне ағылшындардан 30 күнге дейін виза талап етілмейді. Пандемияға дейін 2019 жылы 23 мыңға жуық британиялық Қазақстанға ат басын бұрған екен.

Гүлғайша Қасенханова, «Тұран-Азия» туристік компаниясының директоры:

- Биыл коронавирустан кейін бірінші туристер Ұлыбританиядан болды. Олар мен ойлаймын, ештеңеден қорықпайды. 12-17 күнге келіп тұрды. Олар біздің жерді алдын ала келгенше оқып келеді. Біз әртүрлі қызықтарымызды көрсетеміз. Каньон, саябақтарды көрсетеміз, Жібек жолы маршруттарын көрсетеміз.

Том Пейдж, саяхатшы:

- Өкілдеріңізбен әңгімелестім. Экрандағы видеоны көріп, таң-тамаша болдым. Меніңше, сіздерде дәстүр, мәдениет, сәулет өнері және табиғат керемет үйлесім тапқан. Мен Қазақстанда болған емеспін, бірақ 2023 жылы баруды жоспарлап отырмын.

Еуропалық турист Қазақстанға табан тірегенде орташа алғанда қалтасынан 1 500 доллар шығарады екен. «Мәселен, 100 турист келсе, осындай іс-шараларға жұмсалған шығын салықтың есебінен толық жабылып, жергілікті бюджеттің де, бизнестің де кірісі еселене түседі», – дейді мамандар.
09 қараша 2022 ж. 451 0