Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оңтүстік корея тұрғындары қазақ мәдениетімен жақын танысты

Оңтүстік корея тұрғындары қазақ мәдениетімен жақын танысты

Сеулде үш жылда алғаш рет үкімет ұйымдастырған Азия мәдени фестивалі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ашық аспан астындағы концерттерге аймақтың 7 елінің өкілдері қатысты, бірақ көрме павильондарын тек Қазақстан мен Вьетнам ғана салды. Осылайша Сеул Астана және Ханоймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуының 30 жылдығын атап өтті. Қазақ ауылы Сеулдегі  Ханган өзенінің жағасындағы Йоидо саябағында бой көтерді. Сеулдіктерді Кореядағы қазақ диаспорасының өкілдері қарсы алып, бауырсақпен шай берді. Жиналған халыққа қазақ өнерпаздары әнен шашу шашып, биден өрнек тікті. Қазақ ауылына келушілер Қазақстанның тұмса табиғатын бейнероликтерден тамашалады. 1937 жылғы жер аударылғандарға арналған стендтерде елімізде жүз мыңнан астам кәріс тұратыны және корей театры көрсетілген.

Владислав Цой, тілші:

- Қазақстанда ер-азаматтардың бойы орташа 176 см. Бұл көрсеткіш бойынша жігіттеріміз оңтүстіккореялықтардан 4 сантиметрге биік. Ал осындай 2 метрлік адамдар Сеул көшелерінде мүлдем кездеспейді. Сондықтан жергілікті тұрғындар біздің батырлармен суретке түсуге асықты. Корея пандемиядан айыққан жоқ, шектеулер әлі бар. Сондықтан жергілікті тұрғындар үшін бұл ауыл шетелге шықпай-ақ Қазақстанды танып-білуге жақсы мүмкіндік. Астана мен Сеул арасында мәдени байланыс мығым. Жыл соңына дейін оңтүстік кореялықтар қазақ киносының көрсетілімдерін тегін тамашалай алады.
17 қазан 2022 ж. 585 0