Шегіртке шекарада тұр
Ресейдің Орынбор облысында шегірткенің италиялық түрінің дернәсілдері тіркелді. Солтүстіктегі көршіміздің фермерлері қауіптеніп отыр. Себебі италиялық шегіртке – тез көбейіп, үйірімен ұшатын, миграцияға бейім жәндік. Зиянкес ошағы деп танылып отырған Орынбор облысы Соль-Илецк ауданы Қазақстанға өте жақын орналасқан. Жері Ақтөбенің Мәртөк, Әйтеке би және БҚО-ның Шыңғырлау аудандарымен шектеседі. Сондықтан шекарадағы зиянкестен бізге де қауіп келуі әбден мүмкін.
Иә, шегіртке шекара таңдамайды әрі олардың «жорығын» шекара қызметі де шектей алмайтыны белгілі. Сол себепті іргелес елдер территориясына «рұқсатсыз» кіріп-шыға беретін жәндік. Биология ғылымдарының докторы Валерий Әжбеновтің айтуынша, соңғы жылдары шегірткенің Ресей аумағынан біздің жерге өтуі жиілеген. Өйткені РФ-да олармен күрес технологиясы бөлек. «Біздің Үкімет шегіртке және өзге де зиянкестерге жыл сайын қаражат бөліп, препараттарды алдын ала сатып алу процесін жүзеге асырады. Ал Ресейде ондай жүйе жоқ, оларда зиянкеспен күресу тәсілі басқа, яғни дәріні шегіртке тіркелген аумақтың иесі, яғни фермерлер өздері сатып алуы тиіс. Сондықтан оларда шегірткеге қарсы дәрілеу тұтас жүргізілмейді, әр аймақ өз алдына бөлек жұмыс жүргізеді», – дейді ғалым.
Италиялық деп аталатын зиянкес түрінің Ресей жерін иектеп алғанына да біраз жыл болды. Үйірлі шегіртке былтыр РФ-ның Ростов пен Самара облысында және Кабардин-Балкар аймағында да тіркеліп, соя мен жүгеріні баудай түсіріп жеп жатқаны жазылған. REGNUM ақпарат агенттігі 2019 жылдың 29 тамызында зиянкестердің негізгі бөлігінің Қазақстанмен шекаралас облыстарда әлі де қалып қойғанын жазған болатын. Россельхозцентр филиалының мамандары агенттікке берген сұхбатында жәндіктердің көп орналасқан жері Соль-Илецк ауданы екенін растаған. Мамандар 70 гектар жерге зерттеу жүргізіп, текше метріне 10 зиянкестен келеді деген талдау жасапты.
ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?
Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Аiqyn-ға жолдаған мәліметіне сүйенсек, жыл сайын «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ мамандары Ресей мамандарымен бірге шекаралас аумақтарда бірлескен тексеру жұмысын жүргізеді. Былтыр 228,4 мың гектар жер тексеріліп, шегіртке қоныстанған 40,97 мың гектар анықталған. «2019 жылы Ақтөбе облысы бойынша 22,7 мың гектар тексеріліп, зиянкестер анықталмады. Батыс Қазақстан облысы бойынша 8,5 мың гектар тексеріліп, шегіртке қоныстанған жер 0,5 мың гектар болды», делінген комитет жолдаған хабарламада.
Байқап отырғандарыңыздай, бұл былтырғы жылға қатысты дерек. Ал биыл шекаралас облыстарда үйірлі шегірткелерге қатысты 19,6 млн гектар жер, саяқ шегірткелер бойынша 1,2 млн гектар жерде тексеру жүргізіледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл шегірткемен күреске 1,5 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Республикалық бюджеттен берілетін қаражат пестицидтерді және химиялық өңдеуді сатып алуға жұмсалмақ.
Сатып алу дегеннен шығады. Бізде шегіртке және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің зиянкестерін жоюға арналған препарат дайындайтын химиялық зауыт жоқ. Сапалы дайын өнімді шетелден сатып аламыз немесе препараттың негізін құрайтын затты әкеліп, қоспасын қосып пайдаланамыз. «Степногорскі қаласындағы кәсіпорын өзімізде өндірілетін қоспаларды қосып, өнім шығаруды қолға ала бастады. Осы кәспорынның жұмысын одан әрі жетілдіріп, толық циклді дайын өнімді алатындай жағдайға жеткізу керек», – дейді В.Әжбенов.
Қазіргі күні Ресеймен шекаралас облыстарда жағдай қатаң бақыланып, мониторинг жүргізілуде. Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті хабарлағандай, Ресеймен шекаралас облыстардағы мониторинг жұмыстарына GPS навигаторлармен жабдықталған 619 анықтаушы және 295 автомашина қатыстырылмақ. «Ақтөбе және БҚО әкімдіктерімен бірлесіп өңірлерде жедел штабтар құрылды және мониторинг пен химиялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс жоспары бекітілді. Қажетті препараттар жеткізіліп, химиялық өңдеу жүргізуге келісімшарттар жасалған», – дейді хабарламада.
ҚАУІП ҚАЙДАН?
Рас, Ресеймен шекарада әзірге зиянкестер тіркелген жоқ. Теріскейіміз шегірткеден таза тұрғанымен, қауіп бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі Түркістан және Жамбыл облыстарында марокко шегірткесі 143 мың гектар аумаққа таралғанын анықтады. Қазіргі уақытта зиянкестер қоныстанған аумақтың 67%-дан астамы өңделген. Министрліктің хабарлауынша, көршілес мемлекеттермен шекаралас аумақтарда бірлескен зерттеулер жүргізіледі. Ел Үкіметі жыл сайын шегіртке шабуылының алдын алу үшін қомақты қаражат жұмсайды. Себебі шегіртке секілді басқа да зиянкестерді түбірімен жойып жіберу мүмкін емес. Биолог ғалым Валерий Әжбеновтің айтуынша, бұл жәндіктің табиғатта өзіндік орны, қызметі бар. «Біріншіден, шегірткенің өзі белгілі бір дәрежеде топырақты өңдейтін жәндік және онымен өзге құстар қоректенеді. Оны улы химикатпен тұтас құртып жіберсек, жаратылыс заңының тепе-теңдігі бұзылады, басқа жәндіктер уланып қалады», – дейді ғалым.
Халқымыз мұның жауабын «шегірткеден қорыққан егін екпес» деген бірауыз сөзбен берген. Ең бастысы, мемлекеттен бөлінген қаржыны тиімді жұмсап, алдын алу ісі тыңғылықты жүргізілсе болғаны.
Бауыржан БАЗАР