Шыңжаңда коронавирусқа шалдыққан соңғы науқастың жағдайы қалай?
Қазақстанмен шекарада орналасқан Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында (ШҰАА) коронавирусқа шалдыққан соңғы пациент сауығып, жексенбі күні ауруханадан шығарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
«Жэньминьуан» басылымының атап өтуінше, қазіргі кезде Шыңжаңда коронавирусқа шалдығу оқиғалары тіркеліп жатқан жоқ. ШҰАА-да коронавирусқа шалдығудың алғашқы оқиғасы 23 қаңтарда тіркелген болатын. Жалпы, мұнда ауруды жұқтырудың расталған 76 оқиғасы анықталды. Ал соңғы 19 күнде бірде-бір жаңа жағдай тіркелмеген.
Соның нәтижесінде Шыңжаңда коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай деңгейі жоғарыдан (бірінші) үшіншіге төмендетілді.
Бұдан басқа, коронавирус індетінің ошағы Ухань қаласында (Хубэй провинциясы, Орталық Қытай) пациенттердің ауруханадан шығуы себебінен 14 уақытша госпитальдің 11-і жабылды.
Жалпы, соңғы тәулікте (8 наурыз сағат 24:00-дегі жағдай бойынша) құрлықтық Қытайда коронавирусқа шалдығудың 40 жаңа оқиғасы тіркелген, 22 адам көз жұмды (21 адам – Хубэй провинциясында, біреуі – Гуандун провинциясында), ауруханалардан 1535 адам жазылып шықты.