Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» Әкімге сапа керек...

Әкімге сапа керек...

Облыс әкімі Н.Нәлібаев құрылыс мәселелеріне арналған мәжіліс өткізіп, облыстық басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері өңірде салынатын нысандар бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның ішінде, қарқыны баяу, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспары орындалмау қаупі бар нысандар бойынша жағдай егжей-тегжейлі қарастырылды.

Аталған жиыннан кейін аудан әкімі Берік Сәрменбаев Бесарық ауылында салынып жатқан спорт кешені құрылысының барысын көрді. Бұл нысанға аудан басшысының баруы бекер емес. Өйткені осыдан бірер ай бұрын біз аудан әкімінің Бесарыққа барған сапарында әкімдік таратқан мәліметке сүйеніп «...қыркүйек айында құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда» деп жазып, жариялаған болатынбыз. Алайда қыркүйек өтіп, қазан аяқталса да нысан құрылысы әлі аяқталар емес.

– Ауыл халқының спортпен тұрақты шұғылдануына мол мүмкіндік жасайтын спорт нысанының құрылысын «SCS Инжиниринг» ЖШС атқаруда. Қазіргі таңда спорт кешенінің ішкі құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі спорт нысанының ауыл үшін маңызы зор екенін атап, оның сапалы салынуы басты шарт екенін ескертті. Салалық орынбасарына осы жұмыстарды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды, – делінген әкімдік таратқан мәліметте.

Айта кетейік, жоба құны 381,8 млн теңгені құрайтын Бесарық елді мекеніндегі спорт кешені құрылысы жобасына облыстық бюджеттен 2022 жылы 144, 2 млн теңге бөлініп, жұмыс басталған болатын. Биылға құрылыс жұмыстарына 218,2 млн теңге қаржы бөлінген. «SCS Инжиниринг» ЖШС өкілдері құрылыстың нақты қай күні аяқталып, қай күні пайдалануға берілетінін айта алмауда.
Жалпы, ауылдық округте спорт кешенінің жабық ғимараты алғаш рет бой көтеруде. Спорттық кешен заманауи қондырғылармен қамтылып, спортшылардың жаттығуы үшін барлық жағдай жасалады деп жоспарланған болатын. Ауыл халқы спорт кешенінен волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, күрес тағы басқа спорт түрлеріне арналған үйірмелер ашылғанын қалайды.

Еске салсақ, аймақ басшысы салынатын құрылыс нысандарының ең алдымен сапалы болуын қатаң қадағалауды тапсырды.

–  Үкімет басшысы ай сайын әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындыларын тұрақты қарап келеді. Негізі 9 ай қорытындысына мән беріледі және жылдық болжам нақтыланады. Барлық макроэкономикалық көрсеткіштердің 100 пайыздан аса орындалуы үшін әрбір бюджеттік бағдарлама әкімшісі және әкімдер бірлесіп жұмыс жасауы қажет. Сондай-ақ жоспарланған қаражат 100 пайыз мақсатты және уақытылы игерілуі тиіс. Осы бастан тауар жеткізушілермен, мердігерлермен заң аясында тиісті жұмыс жүргізіңіздер. Ұлттық жобалар мен бағдарламалардағы өңірге қатысты көрсеткіштердің орындалуын тікелей қадағалаңыздар, – деген еді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, бұл мәселе Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының да жіті назарында. Осы ретте аудан аумағында салынып жатқан құрылыс нысандарына басқарма мен әкімдік тарапынан мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді. Өткен аптада Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Ғанижан Қалиев пен аудан әкімі Берік Сәрменбаев Бесарық ауылындағы Спорт кешенінің және Н.Ілиясов ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулатория құрылысымен танысты. Мониторинг барысында мердігер мекемелерге құрылысты бекітілген кестеге сәйкес жүргізілу керектігі және техникалық, авторлық қадағалаушыларға құрылыс объектілеріне бақылауды күшейту қажеттігі тағы да ескертілді. Мердігер мекеме өкілдері бұл жолы да күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін айтып, құрылысты барынша уақытылы және сапалы аяқтауға жұмыстанып жатқандарына сендірді.


Ақтөре Ибрагимұлы

---
18 қараша 2023 ж. 121 0