Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Данэлия Төлешова «Балалар Евровидениесінде» Қазақстан намысын қорғайтын болды

Данэлия Төлешова «Балалар Евровидениесінде» Қазақстан намысын қорғайтын болды

 
«Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде «Балалар Евровидениесі» байқауына республикалық іріктеу финалы аяқталды. Қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беру нәтижесінде «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауында Қазақстан намысын Данэлия Төлешова қорғайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Финалда өңірлік іріктеулерден өткен 10 қатысушы, атап айтқанда Максим Ержан, Зере Әмірбекова, Мейіржан Жидебай, Мария Затварницкая, Жанелья Қалдыбек, Динар Нәдірбекова, Асуат Санат, Бинура Саудабай, Данэлия Төлешова, Сүйкім Қабылбек  алғаш рет мыңдаған көрерменнің алдында ән салған болатын. Жеңімпазды таңдау үшін көрермендер өздеріне ұнаған қатысушыға смс жолдау немесе телефонмен хабарласу арқылы дауыс беріп, әділқазылар алқасы да олардың өнерін бағалаған болатын.
Нәтижесінде «Өзіңе сен» әнін орындаған Данэлия Төлешова көрермендер тарапынан 12, ал әділ қазылардан 10 балл жинап, халықаралық байқауда бағын сынау мүмкіндігіне ие болды.
Естеріңізге сала кетсек, алматылық әнші Данэлия Төлешова Украинада өткен «Голос. Дiти» шоуында жеңіске жеткен болатын. Алғашқы кезеңде ол  "Stone Cold" әнін орындап, барлық қазылар алқасына тәнті етті. Данэлия осы әнін Youtube желісінде 8 млн-ға жуық адам көрген.  Ал финалда «Не твоя война» атты композицияны орындап, көпшілікті таңдандырды. Арнайы атақпен бірге Данэлия Төлешоваға Disneyland Paris-де саяхаттауға жолдама берілді.
Айта кетейік, «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауы алғаш рет 2003 жылы Копенгагенде (Дания) 16 елдің қатысушысы арасында өтті. Телекөрермендер мен қазылар алқасының жеңімпазды бірлесіп анықтауы 2008 жылдан бастап енгізілді. Оған дейін көрермендер тікелей көрсетілім кезінде дауыс беретін. Әр жылдары байқауды Бельгия, Румыния, Нидерланды, Кипр, Украина және т.б. елдер ұйымдастырды.
Ал Ресей, Грузия, Беларусь және Мальта екі рет жеңіске жетті. 2017 жылғы Тбилисиде өткен байқауда «Wings» әнімен ресейлік 14 жастағы Полина Богусевич жеңімпаз атанды. Биыл байқауға 19 ел қатысады. Олардың қатарында Албания, Армения, Австралия, Әзербайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия, Ирландия, Израиль, Италия, Қазақстан, Мальта, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Нидерланды, Уэльс бар. Қазақстан мен Уэльс бұл байқауға алғаш рет қатысады.

http://www.syrboyi.kz/
23 қыркүйек 2018 ж. 942 0