Қазақстан Eurovision ән байқауына қатысатын болды
Келесі жылдан бастап Қазақстан Eurovision ән байқауына қатысатын болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Қазақстан мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Еуропалық таратылым одағына 31 арна өтініші қабылданған соң Қазақстан өз әншісін қатыстыру мүмкіндігіне ие болды. Әдетте республикадағы мемлекеттік телеарналар мұндай өтініш жасай алмайды.
«Біз үлкен Eurovision байқауына 2018 жылы мамыр айында жасы үлкен әншілерді сынақ турына қатысуға алып барамыз, ал 2019 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, үлкен Eurovision байқауына қатысамыз. Іріктеу үшін кастинг жарияланады», - дейді 31 арна бас директоры Бағдат Қожахметов.
Eurovision байқауына Еуропалық хабар тарату одағына кіретін телеарнасы бар елдер қатыса алады. Байқау келесі жолы Португалияда өтеді. Оған 43 ел қатысуға ниет білдірген.