Миллиондаған қаралым: тыңдарман жүрегінен жол тапқан жұлдыз

– Бүгінде ән қоржынымда 4 ән бар. Оның біреуі әзірге әлеуметтік желіге шықпаған. Біз бұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта көптеген туынды жарыққа шығару ойда бар. Тыңдарман қауымды әлі талай жаңа әнмен қуантатын боламын. Әрбір әнге сауатты қараған дұрыс деп есептеймін. Ел алдына шыққаннан кейін өнерің көпшілікке өтімді болғаны дұрыс. Алдағы уақытта жұлдыздармен дуэт құру ойда бар.
– Өнерге сізді кім баулыды, неше жастан бастап ән айтасыз?
– Ең бірінші кезекте кішкентайымнан ән өнеріне баулыған асыл анама алғыс айтамын! Мені үнемі сан түрлі байқауға жетелеп жүріп, қабілетімді ашты. Перзенті үшін жасаған оның еңбегі осы кезде ақталуда. Қашанда сенім артқан ата-ана үмітін ақтауға тырысамын. Отбасыммен бірге тереңөзектіктердің қолдауын анық сезінемін.
– Бүгінде әлеуметтік желіде Сіздің әндеріңіз хитқа айналған? Көбіне әнді кімге жаздыртасыз?
– Біз осы күні мықты сазгер Қуат Әбілмен жұмыс жасаудамыз. Әннің сөзін Рамазан Рахымжан жазады. Шығармашылық топпен бірге жүректерге жететін әдемі әндер жазуды жоспарлаудамыз. Продюссерім Әлішер Бұрхановпен бірге команда жасақтап жатырмыз. Маркетинг маманы, видео түсіруші секілді кәсіби біліктілігі жоғары жандарды командаға қосудамыз.
– Спортшы Баян сұлудан әнші Баян сұлудың қандай айырмашылығын байқайсыз?
– Иә, мен ең алдымен ауданда спортпен айналыстым. Волейболмен тұрақты түрде айналысып, талай жарыста жеңімпаз атануға ұмтылдым. Әрине, спорттың аты спорт. Ол жерде физикалық күш керек. Өнер жолында жүру де көп энергияны талап етеді. Спорттан мен тәртіп және командалық жұмысты үйрендім. Әнші болғалы эмоциямен жұмыс істеуді қолға алдым. Сондықтан, екеуін салыстыруға келмейді.
– Әндеріңізге бейнебаян қай жақта түсірілді?
– Бейнебаян Алматы қаласында түсірілді. Әсем қаланың көрікті жерлерін таспаға түсірдік. Сонымен бірге ерекше бірнеше студия басшылығымен бейнебаян түсіруге келісімге келдік. Алдағы уақытта барлығына талғаммен қарап, бейнебаян түсіруді дамыта береміз.
– Балалық шағыңыз, отбасыңыз туралы айтып бересіз бе?
– Отбасымда барлығымыз өнерге жақынбыз. Нағашыларым да ән айтады. Ағам мен әпкем де өнерден алыс емес. Барлығы аспапта ойнап, шығармашылығын дамытып келеді. Әпкем болса, «Мисс Қызылорда» атағын жеңіп алған. Әрине, мен балалық шағымнан әкем Әуезхан мен анам Перизаттың жол нұсқауымен өнерге де, әнге де жақын атандым.
Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Балтабай ОРДАБЕКОВ