Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәртебесі артқан ұлттық мереке

Мәртебесі артқан ұлттық мереке

Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетінде ерекше орын алатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры махаббат пен адалдықтың символы аталады. Бұл жыр ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, аңызға айналған махаббат хикаясы. Елімізде бірнеше жылдан бері «15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні» ретінде тойланып, оны көпшілік ұлттық «Ғашықтар күні» деп те атап келеді.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры – түркі халықтарының ортақ мұрасы болып саналады. Бұл эпостың әртүрлі нұсқалары қазақ, татар, башқұрт, алтай, тіпті монғол мәдениеттерінде де кездеседі. Қазақ фольклорындағы ең кең таралған нұсқасы XIX ғасырдың әдебиет зерттеушілері арқылы жазылып алынған. Жырда қос ғашықтың бір-біріне деген адал махаббаты, тағдырдың қиындықтарына мойынсұнбай күрескен ерік-жігері баяндалады. Жырда Қозы мен Баянның ата-аналары балаларын дүниеге келмей жатып атастырады. Шын мәнінде, қос ғашықтың махаббат ғұмыры баянсыз аяқталады.

Бұл күн жастар арасында шынайы махаббатты дәріптеу, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында белгіленген. Ғашықтар күні алғаш рет 2011 жылдан бастап кеңінен аталып өтіле бастады және қазіргі таңда жас жұбайлар, ғашықтар үшін ерекше күнге айналды.

Қазіргі жаһандану заманында Батыстың 14 ақ­панда тойланатын Әулие Валентин күнінен гөрі, халқымыздың төл махаббат символына арналған мейрамды дәріптеу маңызды. «Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббаты арқылы тек сезімге емес, рухани беріктікке, адалдыққа, күреске негізделетіні көрсетіледі. Сондықтан бұл күн – тек ғашықтар үшін емес, ұлттық құндылықтарды сақтау үшін де маңызды мереке санатында.

Ғұмыр бойы ерекше жарасымдылығымен ел аузында қалған жұптар аз емес. Көбісі махаббаттың символы мен татулық тірегін арқау етіп, бақытты, баянды ғұмыр кешті.

Бүгін – «Ғашықтар күні». Ерекше күнде жұбыңызбен уақытты қызықты өткізіңіз.

Алтынай МҰРАТ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
4 курс студенті
Фото: Ашық дереккөзден
15 сәуір 2025 ж. 225 0