Әлемдік рекорд орнатылды

Дүниежүзілік рекордтар кітабы саналатын «GLOBAL BOOK OF RECORDS GBR» және халықаралық рекордтар тіркеу қызметі агенттігінің сүйемелдеуімен қазақ құрақшылары әлемдік рекорд орнатты. Қолөнер саласын бірнеше жыл бойы жанына серік еткен жергілікті кәсіпкер Нұрсұлу Ажарова мен ісмер Алма Омарова 660 құрақшының қатарынан табылды. Сырдариялық қос қолөнер шебері Қызылорда облысынан барған 56 құрақшының сапында болып, өнерімен көпті тәнті етті.
Өз кезегінде жобаның басты ұйымдастырушысы Нұргүл Абайхан аталған іс-шараның мақсат-міндетін айқындап, құрақшыларға ақжарма тілегін жеткізді.
– Бүгін біз әлемге әйгілі болып оянған аламаншылармыз. Әлемде теңдесі жоқ рекорд жасадық. Бұл рекордтың жемісі – жыл бойы рухымызды көтеріп, жүрегімізді қуантады деп сенемін. Алатаудың баурайындағы аты аңызға айналған мұз айдынында бұған дейін талай спорттық рекордтар жасалғанымен, қолөнерден дәл осындай ғажайып рекорд бұрын-соңды болмаған. Жобаға қатысқан кішкентай қыздардың ертең мықты өнер иесіне айналарына сенімім мол. Шаттық пен қуаныш қарт Алатаудың тәжі болып қала берсін. Қолынан өнер тамған 660 құрақшының да аты әлемге тарады. Ертең сол жобаға қатысқан құрақшылардың мәртебесі биіктей түседі және өмір бойы бала-шағасы мен жеті ұрпағына дейін мақтаныш болады. Осындай ауқымды істі ұйымдастыру оңай емес. Бұл – мемлекеттік деңгейде өткен, ұлттың рухын көтерген имидждік жоба. Сіздер бір-бір көрпе тігумен ғана шектелмей, бәріміздің жүрегімізді тоғыстырған, әлемдегі ең үлкен құрақ көрпені құрадыңыздар, – деді Нұргүл Абайхан.
Жобаға белсене қатысып, әлемдік рекорд орнатуға үлес қосқан сырдариялық қолөнершілер марапат төрінен көрінді. Нұрсұлу Ажарова мен Алма Омарова қазақтың өнерін әлемге танытқанына дән риза.
– Алатау бөктерінде елімізге танымал құрақ құраушылар жиналды. Ұзақ уақыт дайындықтың нәтижесінде, біздің жұмысымыз рекордтар кітабына енді. Әрине, кеудемізді мақтаныш кернейді. Қазақтың құрақ құрау өнері ерекше мәнге ие. Әріптесім Алма Омарова екеуміз жоғары жетістікке қол жеткізіп отырмыз, – дейді Нұрсұлу Ажарова.
Балтабай ОРДАБЕКОВ