Британия мамандары қазақ поэзиясын ағылшын тіліне аударуды үйренеді
Британия поэзия аударма орталығында заманауи қазақ поэзиясын сауатты аудару бойынша семинарларға қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ағылшын тілді аудиторияны қазақ поэзиясымен және мәдениетімен таныстыруға бағытталған бірегей жобаны ұйымдастыруға Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі және Қазақстанның Ұлттық аударма бюросы атсалысқан.
Бір ай бойы өтетін алты семинар аясында британиялық ақындар, аудармашылар мен поэзия сүйер қауым Олжас Сүлейменов, Гүлнар Салықбай, Темірхан Медетбек, Ақберен Елгезек, Танакөз Толқынқызы және Ерлан Жүніс сияқты танымал қазақстандық ақындардың өлеңдерінің ағылшын тіліндегі жетілдірілген нұсқаларын жасау бойынша жұмыс жасамақ. Қазақстандық аудармашы Әсия Исембердиева британиялық мамандарға өлеңдердің қазақ тілінен ағылшын тіліне сөзбе-сөз аудармаларын ұсынуда. Шараға атақты британиялық ақындар Джон Стоун мен Лиз Берри модератор ретінде қатысып жатыр.
Поэзия аударма орталығының семинарларында қазақстандық авторлардың өмірбаяндарына, еліміздің менталитеті мен мәдени ерекшеліктеріне, әдеби дәстүрлерімізге үлкен мән беріледі. Мұның бәрі аудармаларды мейлінше түпнұсқаға жақын етіп тәржімалауға және ағылшын тілінде әуезді естілуіне ықпал етпек.
Бірінші семинар қазақтың көрнекті ақыны, әдебиеттанушы, саясаткер және антиядролық қозғалыстың белсендісі Олжас Сүлейменовтің шығармашылығына арналды. Оның «Құмыраға құйылған кез-келген ылғал» өлеңі мәні мен мағынасы, сондай-ақ туынды дүниеге келген жағдайларға қарай талдаудан өтті.
Семинардың қорытынды өнімі Олжас Сүлейменовтың аударылған өлеңі түрінде Поэзия аударма орталығының сайтынан табуға болады. Оған қоса сайт қолданушылары алдағы семинарларға онлайн қатысу үшін тіркеле алады.
Поэзия аударма орталығын 2004 жылы британиялық ақын және аудармашы Сара Магуайр құрған. Ұйымның мақсаты ағылшынтілді аудиторияны әлемнің жетекші ақындарымен таныстыру, сондай-ақ Ұлыбританиядағы мәдени әралуандылықты дамыту.
Айта кету керек шараға модераторлық етушілер әлемге аты шыққан шығармашылық өкілдері. Мәселен, Джон Стоун өзінің «Қолдан жасалған дүниелер мектебі» (School of Forgery) атты дебюттік өлеңдер жинағымен белгілі. Ол сондай-ақ «Жаман жігіт Катулл» - ежелгі Рим ақыны Гай Валерий Катуллдың еңбектерін жаңаша аударған заманауи автор ретінде танымал. Бұл туынды «The Guardian» басылымының нұсқасы бойынша 2018 жылдың ең үздік 10 поэтикалық антологиясының тізіміне енген.
Лиз Берри болса, ең үздік өлеңі үшін 2018 жылғы «Forward Prize for Poetry» сыйлығының иегері атанған. Оның алғашқы «Қара ел» (Black Country) жыр жинағын Поэзия қоғамы жоғары бағалаған. Берри Сомерсет Моэм сыйлығын, Джеффри Фабер мемориалды сыйлығын және 2014 жылы ең жақсы дебюттік өлеңдер жинағы үшін «Forward Prize for Poetry» сыйлығын иемденген.