Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шығармашылық шыңына шыққан шағандықтар

Шығармашылық шыңына шыққан шағандықтар

Бекзат өнерді шынайы бағалайтын Шаған ауылының халқы өткен аптада естен кетпес кештің куәсі атанды. Осыдан 20 жыл бұрын елді мекендегі мәдениет үйі жанынан құрылған «Сыр гүлі» халықтық би ансамблі атаулы мерейтойын ерекше етіп өткізді. Мәдениет саласында өзіндік тәжірибесі мол маман Гүлзира Раймбекова жетекшілік ететін ансамбль «Бізге – 20 жыл» тақырыбындағы шығармашылық кешін жоғары деңгейде ұйымдастырды.

Жалпы өнер ұжымының негізі 2003 жылы қаланған. Талантты, талапты мың бұралған бишілердің бірнеше буыны үлкен өмірге қанат қақты. Өз кезегінде шығармашылық концертті ашқан ауыл әкімі Нұғыман Смайлов өнерлі ұжымның мерейтойымен шын жүректен құттықтады.

– «Сыр гүлі» халықтық би ансамблі Шаған ауылының мақтаныштары саналады. Өнері өрге жүзген ансамбль мүшелері толағай табыстарға қол жеткізе білген. Қашанда ынтымағы жарасқан, тірлігі көркем ауылымыздың атын жақсы жағынан шығара білетін өнерпаздарымыз өздерін барлық жағынан көпшілікке танытып келеді. Бұл ретте, ансамбль жетекшісі – Гүлзира Жақыпбекқызының еңбегі ерекше екенін айта кеткен жөн. Өзі би маманы болмаса да, 20 жыл бойы ауыл балаларын биік белеске жетеледі. Жастардың жол нұсқаушысы атанған сала маманының қызметін жоғары бағалаймыз, – деген ауыл әкімі ансамблдің бірқатар мүшесін арнайы «Алғыс хатпен» марапаттады.

Шығармашылық концерт барысында «Сыр гүлі» халықтық би ансамблінің мүшелері заманауи және халық билерін көпшілік назарына ұсынды. Атап айтқанда, өнерлі өрендер қазақ билерінен попурри, «Илигай», «Жайлауда», «Балалық шақ», «Лебедушка», Ұйғыр биі, «Той-думан», «Тойға тарту» билерін ерекше орындап шықты. Кеш қонақтары «Сырдария» квартеті мен жас әнші Динара Жәкешова әннен шашу шашса, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Толғанай Қашақова концерт тізгінін ұстады.

– Шын мәнінде, би ұжымымен жұмыс жасау өте күрделі. Әрбір бишінің қабілетін шыңдау асқан шеберлікті қажет етеді, «Сыр гүлі» ансамблінен айрықша талантымен танылған өнерпаздар үлкен сахнада өнер көрсетіп жүр. Сан түрлі байқаудан топ жарған кезімізде сахна сыртында қаншама еңбек жатқанын сезінеміз. Өзімнің кәсібім арқылы бала жүрегінен орын алсам жеткілікті, – дейді Гүлзира Раймбекова.

Аталған шығармашылық кештің жоғары деңгейде жүзеге асуына «Шаған-Жер» ЖШС директоры Жеңісбек Сыздықов демеушілік еткен. Негізінен «Сыр гүлі» би ұжымы халықтық атағын осыдан сегіз жыл бұрын алған. Ансамбль мүшелері халықаралық, республикалық, облыс­тық байқаулардың жеңімпазы мен жүлдегері саналады. Бұл ретте ансамбль мүшелеріне шығармашылық табыс тілейміз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
10 ақпан 2024 ж. 206 0