Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Отбасы құндылығы – сарқылмас қазына

Отбасы құндылығы – сарқылмас қазына

Отбасы Отаннан бастау алады. Отбасы құндылығы үлкен­нің өнегесімен, кішінің көре­генділігімен құрылмақ. Осы ретте бірлігі мен көркем тірлігі жарасқан отбасылардың өне­гелі өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында Шаған ауылында өткен жақсы іс-шараға куә болдық.

«Әкем – тірегім, анам – жүрегім» деген та­қырыпты арқау еткен кездесуге «Қызылорда облысы бойынша әйелдер күші альянсы», Қы­зылорда облысы бойынша саясаткер-әйелдер клубы «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қоры қолдау көрсетті. Әдемі әңгіме мен сырлы сұхбатқа не­гізделген кездесуді Шаған ауылдық мәдениет үйі жоғары деңгейде ұйымдастырды.


Ең алдымен қонақтарды ауылдық мәдениет үйі фойесінде ауылдағы іскер ана, қыз-келін­шектердің қолдан жасалған бұйымдарынан дайын­далған көрме күтіп тұрды. Ауыл шебер­лерінің қолынан шыққан көздің жауын алатын әдемі дүниелердің сәнін кездесуге келген ақ жау­лықты әйел-аналар еселей түсті.


Ауылдық мәдениет үйінің кең залы бір дегенде көрерменге лық толды. Солай ауылдағы іскер және көпбалалы «Батыр аналармен», үлгілі отбасылармен кездесу басталып кетті. Басқосуға «Асыл аналар» жобасының қолдаушысы, Қы­зылорда облысы бойынша саясаткер-әйелдер клубы «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының төрайымы Рахима Ахметова, ардагер ұстаз, «Ел құрметі», «Білім беру үздігі» төсбелгілерінің ие­гері, қолөнер шебері Ұлбосын Бекмағанбетова, көпбалалы «Батыр ана», мәдениет саласының майталман маманы, «Қожабековтер» халықтық ансамблінің көркемдік жетекшісі Қуаныш Ах­метқызы, облыстық шешендер этномәдени бір­лес­тігі басшысының орынбасары Лайла Пашаева құрметті қонақ ретінде қатысты. Келелі кездесуді ашып беру үшін сөз Рахима Қаржаубайқызына берілді. Ұзақ жылдан бері әйелдер саясатын дамыту жолында елеулі еңбек етіп жүрген ардақты жан Шаған ауылына өзі де бөтен еместігін айтып, көпшілікке ақжарма тілегін арнады.


Содан кейін кездесудің басты кейіпкерлері сахна төріне жайғасты. Олар – ауылдың ең жа­сы үлкен, қарт анасы, еңбегімен елге сыйлы, көп­балалы «Батыр ана», 2021 жылы «Жыл адамы» номинациясына ие болған аяулы әже, асыл ана Кеншімкүл Жарасбаева, отағасы ұстаздық ұлы жолда еңбек етіп, отанасы еңбектің көркін қыздырған, қазақилығымен ауылға абыройлы Әзімжановтар отбасы, шешен ұлтының өкілі, балабақша саласында қызмет етіп, отбасының шырайын кіргізіп отырған Албика Илиясова, еңбегінің зейнетін көріп жүрген үлгілі Бала­па­­новтар отбасы, өнерімен өрге жүзген, рес­пуб­ликалық деңгейде ауыл, аудан, облыс атын әуелетіп жүрген Сарыбаевтар отбасы. Ша­ңы­рақтары биік, керегелері кең, бүгінде көпке үлгілі болған ардақты жандар, үлгілі отбасыларды көпшілік қошеметпен ортаға алды. Содан кейін жүргізушінің тың сұрақтарымен сырлы сұхбат басталып кетті. Бұрынғы мен қазіргі тәрбие, жастар, келін, тұрмыс, отбасы құндылығы туралы сөз болды. Кездесу еркін форматқа не­гізделіп, көпшіліктің көкейдегі сұрақтарын ортаға салуға да мүмкіндік берілді. Ең алғашқы сұрақ жасы тоқсаннан асса да, еңбектен береке тауып, қа­зақы нақыштағы көрпе-көрпеше тігіп, ұрпағына ұлағатты үлгі көрсетіп отырған Кеншімкүл апаға берілді. Аузынан Алласы түспей, Жаратқанға шүкіршілікпен сөз бастаған әжей тыңдарманға үлгі болар әңгіменің тиегін ағытты.


– Алланың берген қуатымен осы жасқа жетіп отырмыз. Еңбекпен есейіп, ер жеттік. Құдай қос­қан қосағыммен бірге балаларымызды өсіріп, тәрбиелеп, оқытып-тоқытып, бүгінде немере, шөбере сүйдік. «Шеше көрген тон пішер» деген, көргеніміздің арқасында тігін тігіп, әлі күнге құрақ құраймын. Бұл өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр деп айта аламын. Қол қусырып, қарап отыру о бастан табиғатымызға жат. Құдай қуат берсе, еңбек қылғанға не жетсін, – деген ардақты жан өз кезеңі мен бүгінгі заманның тұрмысы турасында да пікір білдірді.


Шаған ауылының бірлігі бекем, тірлігі көркем, тұрғындары ақкөңіл, жайдары екеніне тағы бір көзіміз жетті. Сол жерде отырғандардың, жиынға қатысушылардың бәрі – сол ауылдың тұрғындары. Бәрі бір-біріне көрші-көлем, туған-туыс. Менің риза болғаным – бірнеше отбасы сахна төріне шыққанда – қалғандары залда отырып, сондай бір ыстық ықыласпен қолдап отырғаны. «Әу» деп қолдау көрсетіп, шынайы көңілмен, риза пейілмен бір-біріне демеу болып, ақ көңілдер сахнаны да, залды да ерекше жылылыққа бөлеп тұрды. Сырлы сұхбат арасын ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарлама­сы әрлеп, әңгімемен үйлесім тауып отырды. Өнерпаздар ауыл туралы, ана туралы, отбасы туралы әдемі әндерді әуелете шырқап, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады.


Әдемі әңгімеге негізделген, сырлы сұхбатқа құрылған іс-шара соңында ауылдың ардақты аналары, үлгілі отбасылар, кәсіптен береке тауып отырған жандар арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ «Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Ж.Сыздықовтың қолдауымен ауыл ардақтыларына сый-сияпат тарту етіліп, құрмет көрсетілді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
18 сәуір 2023 ж. 1 477 0