Сырдариялық сұлу «Сыр аруы – 2022» байқауының жеңімпазы
Сырдария ауданына қарасты Жетікөл ауылының тумасы Дильназ Кеңесова «Сыр аруы – 2022» облыстық сұлулық байқауында жүлделі І орынды иеленді. Ақылы мен көркі келіскен арудың бұл жолғы жетістігі аудан үшін ортақ қуаныш болды.
Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музыкалық драма театрында «Сыр аруы – 2022» сұлулық байқауы өтті. Жиынға облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімова мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов қатысып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Негізі алдын ала облыстық деңгейдегі байқау қатысушыларын анықтау үшін кастинг өткен болатын. Кастингке облыс бойынша 80-нен астам ару белсене қатысқан. Олардың арасынан байқау талаптарына сай келетін 12 қызға «Сыр аруы – 2022» облыстық сұлулық байқауына жолдама берілген.
Қазылардың шешімі бойынша байқаудың бас жүлдесін Жалағаш ауданынан келген Махаббат Жалғасова иеленсе, жүлделі бірінші орынды сырдариялық Дильназ Кеңесова жеңіп алды. Дильназ – бүгінде ауданға қарасты Жетікөл ауылындағы №174 орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Ол өзіне қолдау білдірген барша тілектестеріне, ұстаздарына шынайы алғысын айтады.
– Бұл менің өмірімдегі ұмытылмас байқау болды. Маған тілектес болып, қолдау білдіріп, көмектескен барша жақындарыма алғыс айтамын. Байқаудан көп ой түйіп, білімімді арттырып, шабыт алдым. Алдағы уақытта да ата-анамның, ұстаздарымның сенімін ақтап, жақсы қырымнан танылатын боламын. Болашақта мемлекеттік гранттың иегері атанып, жоғары білім алуды жоспарлап отырмын. Сенім білдіріп, ақ тілектерін арнап жатқан тілектестеріме жақсылық тілеймін, – дейді Дильназ Кеңесова.
Айта кетейік, сайыс жеңімпаздары арнайы дипломмен, қалған қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Барлық қыздар демеушілер дайындаған арнайы сыйлықтарға ие болды. Кеш соңында халықтың ықыласына бөленіп жүрген отандық әншілер, кеш қонақтары әуелете ән шырқап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыс қатысушыларына қойылған басты талап жас аралығы 16-23, бойы 1 метр 68 см-ден кем болмауы керек. Жетінші рет сахна шымылдығын түрген байқау 4 кезең бойынша өтті. Сымбаты мен сыры жарасқан арулар алғашқы кезеңде қазақ қызына тән әдебімен өздерін таныстырған. Екінші кезеңде мың бұрала билеп, тамылжыта ән салып, өз өнерлерін көрсетті. Үшінші кезеңнің ережесі бойынша қыздар қазылар алқасының дайындаған сұрақтарына жауап берсе, соңғы айналымда кешкі сән үлгісін көрсетіп, көпшілікті таңғалдырды.
Аудандық газет редакциясы атынан біз де Дильназды жеңісімен құттықтаймыз!
«ТТ» ақпарат