Аналар форумы – дәстүр жалғастығы
Халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел ананы отбасының алтын қазығы деп құрмет тұтады. Ер адамның шаңырақтың иесі, жанұяның тірегі екендігі еш дәлелдеуді қажет етпейді. Ал жарық дүниедегі барлық жақсылық атаулы ана жүрегінің жылуынан, мейірімінен бастау алады. Әйел-Ана – тіршілік тұтқасы, отбасының берекесі, алтын діңгегі, тілеуқор қолдаушысы. Сондықтан әйелдің бақыты – отбасының әрі Отанның мерейі.
Аудан әкімінің қолдауымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында аудандық мәдениет үйінде Аналар кеңесінің форумы өтті. Облыстық деңгейдегі аналар басқосуына аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев модераторлық етті. Жиынға Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова, облыстық мәслихат депутаты, «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Аида Әбибуллаева, облыстық ана мен бала орталығының бас дәрігерінің орынбасары, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Гүлнара Жұмашева, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Қуаныш Мырзабаева, облыстық курмонологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Индира Байнишева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балшекер Өтегенова, ауданымыздың аналары, ұстаздар қауымы қатысты.
«Сыны мен сыры бөлек Сыр аналары» деген тақырыпты арқау еткен форум әйел аналардың қоғамдағы орны мен рөлін күшейтуді, отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыруды мақсат етті. Орталық алаңда шатыр тігіліп, онда медицина қалашығы қызмет көрсетті. «Әжелер» ансамблі ән шашуын арнап, қонақтарға ерекше әсер сыйласа, ұлттық аспаптардан құралған ансамбльдің құлақ құрышын қандырар күймен қарсы алуы қазақтың ұлттық құндылықтарын айшықтап тұрды. Фойеде аяулы аналарды дәріптейтін кітап көрмесі және нәзік жандылардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, Сыр елінің қонақжайлығынан, өнер тұнған орда екендігінен хабар беріп тұрды.
Аудан әкімінің орынбасары қоғамдағы аналардың рөліне баса мән бере отырып, форумның мәні мен мақсатына тоқталды.
– Ауданымыздың баянды бірлікте тоғысып келе жатқаны ең алдымен Сырдария ауданының халқының бекем бірлігі, соның ішінде батыр аналарымыз КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбира Майқанова, сұлу сөзбен күмбез қалаған ақын-жазушылар Жадыра Дәрібаева, Күләш Ахметова, еңбекпен есімі тарихта жазылған Балдырған Мұстапаева, Рысты Өкшебаева, Бексұлу Синаева, Балапан Арзымбетова, Райкүл Жалғасбаева, Мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Жеңіс Ысқақова апаларымыз халық игілігі жолында еңбек етіп, туған елді түлету үшін тындырымды тірлікпен ерекшеленіп, сара жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі болып келе жатыр. Тәңірдің бізге ұсынған үлкен сыйы – Тәуелсіздік болса, басымызға қонған осы бақыттың баянды болуына әйел-аналардың қосар үлесі зор. Халқымызда «Әйел ана бір қолымен тал бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген даналық сөз бар. Ұрпақ тәрбиелеу арқылы ұлт тәрбиесін қалыптастырып жүрген әйел аналардың қоғамдағы орны биік, – деді Димаш Серікбайұлы.
Алғашқы сөз мемлекеттік қызметте 45 жыл мінсіз қызмет етіп, Тереңөзек аудандық партия комитетінің хатшысы, Қызылорда облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы қызметін абыроймен атқарған Рахима Ахметоваға берілді.
– «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы аналар форумын облысымыздың әр ауданында өткізіп келеміз. Бүгін міне өзіміз түлеп ұшқан, талай жыл қызметте болған ауданымызға ат басын тіреп отырмыз. Сіздер сияқты әдептен аспаған, тірліктен қашпаған, өсіп-өнген, ұлағатты, аяулы аналармен осы форумда бас қосып отырғаныма қуаныштымын, – деген облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы қобалжып тұрғанын жасырмады. – Еліміз егемендік алып еңсе тіктегелі үлкен жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырып келеміз. Десек те, бүгінгі таңда рухани тәрбие беру жағы әлсіреп, басқаша сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанымыз жасырын емес. Ана мен бала мәселесі, қоғамдағы түрлі тәртіпсіздік көбейіп, толастамай тұрғаны да – келелі мәселесі. Бұның бәрі рухани келбетіміздің әлсіреп, ғасырлар бойына жинаған ұлттық құндылықтарымыздан алшақтап бара жатқанымыздың көрінісі, – деп өзекті мәселені қозғап өтті.
Одан кейін сөз алған Сырдария ауданы әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева Рахима Қаржаубайқызының сөзін қоштай отырып, «Отбасы, неке мәртебесін көтеру, отбасы құндылықтарын дәріптеу» тақырыбында мәселе көтерді. Бүгінгі таңда ұрпақты ұялы телефон тәрбиелеп отырғанын айтып, ұлт болашағының бүгінгі буынның қолында екеніне тоқталды.
Басқосу аудан өнерпаздарының ән шашуымен өріліп отырды. Өнерпаздар мен «Ақ әжелер» ансамблі ән шырқап, көрерменнің көзайымына айналды.
Одан кейін аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жанар Жұмабаева сөз алып, «Ана мен бала денсаулығын қорғау» тақырыбында ақпарат берсе, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Абай Мұстафаев аудан бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алу көрсеткішімен, ондай мәселені шешу жолымен бөлісті. №129 орта мектептің директоры Жанболат Назаров «Қазіргі өркениетті заманға сай қыздардың, жасөспірімдердің, әйел аналардың бейнесін білім саласында қоғамдық санада қалыптастыру» тақырыбындда ой толғап, аудандағы ұстаздардың 80 пайызы нәзік жандылар екенін атап өтті.
Көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері Қуаныш Мырзабаева сөз сөйлеп, әйел-Аналарға бас иіп алғыс айтты. Сондай-ақ баянмен ән шашуын арнап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Сыны мен сыры бөлек Сыр аналары» тақырыбында өткен әйелдер форумы салтанатты марапаттаумен жалғас тапты. Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Х-ХІ шақырылымының депутаты, екі бірдей «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бексұлу Синаева жас отбасыларға неке куәлігін табыстаса, «Ленин» орденінің иегері, ауылшаруашылығы саласының ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Рысты Өкшебаева жас дихандарға кетпен табыстады. Ал Аида Ибрагимқызы жас аналарға туу туралы куәлікті салтанатты түрде ұсынды. Сонымен қоса, «Өз ісінің шебері» номинациясымен шебер қол иесі Ұлбосын Бекмағанбетова марапатталса, «Дәстүр насихаттаушысы» номинациясымен Алтын Нұртаева құрметке бөленді. Бибімариям Маханбеталиеваға «Ардақты ана» номинациясы табысталса, Сәуле Сейіловаға «Үлгілі жас ана» марапаты берілді.
Рухани әрі тәрбиелік мәні зор басқосу жоғары дәрежеде өтті. Жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғас тауып, қонақтар ризашылықпен тарқасты.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ