Абыройы биік Ақжарма жастары
Ақжарма ауылының әкімі Е.Ешмұратов ауылдың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына атсалысып жүрген ауыл жастарын қабылдап, төл мерекелерімен құттықтады. Ауыл басшысы жастар қоғамның қозғаушы күші екенін айтып, байыпты бастамаларына сәттілік тіледі.
– Жастар – ел ертеңінің тірегі, бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін өскелең ұрпақ ұлылардың ұлағатты өмір жолынан үлгі алып, келешекке кедергісіз жету мақсатында аянбай еңбек ете білуі керек. Ел болашағы – жастарымыздың білімі мен күш-жігеріне, патриоттық сезіміне тікелей байланысты. Қай кезде де мемлекетіміздің гүлденіп, қарыштап дамуы үшін ауыл жастарының тың идеясы, орнықты пікірі қажет. Біз жастардың жалынды жігерімен жаңа Қазақстанның іргесін бірге қалауға, қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Алдағы уақытта да білім мен біліктіліктеріңізді ауылымыздың өркендеуіне арнап, жастар саясатын дамытудағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына үлес қоса беретіндеріңізге сенемін, – деген ауыл әкімі бірқатар жасты «Алғыс хатпен» марапаттады.
Кездесуде ауыл жастары ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, өз ойларымен бөлісті. Ауыл әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі маманы П.Асқарова жастар саясатын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мағлұматтармен бөлісті.
Жастар мерекесіне орай салтанатты іс-шара кешке орталық алаңда жалғасты. Іс-шараға ауыл халқымен қатар аудан, облыс орталығынан келген қонақтар, ауылдағы мекеме басшылары мен қызметкерлер қатысты.
Мерекелік іс-шараны аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы құттықтау сөзбен ашып, жиналғандарды Жастар күнімен құттықтады.
– Бүгін халықаралық жастар күніне орай бірнеше ауылдан мерекелік іс-шараларға қатысу жөнінде шақыру түскенімен тіректі ауыл саналатын, құт қонып, бақ дарыған киелі Ақжарма ауылы жастарының қуанышына ортақтасуды жөн көрдім. Ауылдың дамуына, ауылдағы қоғамдық саяси іс-шаралардың жоғары деңгейде өткізілуіне өз үлестерін қосып келе жатқан жастарға алғысымды білдіремін. Баршаңыздың алдағы жоспарларыңызға сәттілік тілеп, ауданның, ауылдың абыройын көтере берулеріңізге тілектестігімді білдіремін, – деген аудандық мәслихат депутаты бірқатар жасқа аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының Алғыс хатын табыстады.
Бұл күні ауыл өнерпаздары әннен, жырдан шашу шашып, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ауыл таланттарының өнерін тамашалап, зор шабыт алып, риза болған ауыл халқы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Айта кету керек, іс-шара А.Темірханов басқаратын ауылдық мәдениет үйінің бірлесе ұйымдастыруымен өткізілді.
«Тт» ақпарат