Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Берлинде Қазақстан киносының апталығы басталды

Берлинде Қазақстан киносының апталығы басталды

Мәдени іс-шара Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көрермендерге алғашқылардың қатарында режиссёр Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи картинасы көрсетілді. Массагеттердің патшайымы мен парсылардың Кир патшасы туралы фильмді тамашалау кезінде зал кісіге лық толды. Көрсетілім неміс астанасындағы ең атақты кинотеатрлардың бірі Zoo Palast-та өтті.

Көрермендердің айтуынша, актерлардың ойыны мен костюмдері ерекше әсер қалдырған.

Осы апталық аясында режиссёр Нұргелді Садығұловтың «Балуан Шолақ», Рашид Сүлейменовтің «Оралу» фильмдері, ал кішкентай көрермендер үшін режиссёрлер Тілек Төлеуғазы мен Тұрдыбек Майданның «Мұзбалақ» мультфильмі көрсетіледі. 

«Мен жаңа ғана фильмді көріп шықтым, картинадан керемет әсер алдым. Әсіресе майдан даласындағы көріністер көңілімнен шықты, оларды түсіру, каскадерлардың жұмысын жалпы бүкіл үдерісті ұйымдастыру өте қиын. Бұл керемет іс және тарихқа терең бойлауға тамаша мүмкіндік. Ерік-жігері мықты әйелдің бейнесі сәтті берілген. Сосын әрине костюмдер өте қатты ұнады», деді фильм продюсері Тереза Кламанн.
«Осы іс-шараның аясында біз үш көркем фильм, бір деректі фильм және бір балаларға арналған мультфильмді көрсетуді жоспарлап отырмыз. Әрине, екі ел қарым-қатынасындағы ерекше бір сала – мәдени дипломатия. Біз еліміздің салт-дәстүрін, мәдениетін кино арқылы жергілікті жұртшылыққа жеткізейік деген мақсатымыз. Бұл елшіліктің жеке жоспарлаған іс-шараларының бірі болып табылады. Қарым-қатынастың 30 жылдығы болғандықтан, әрине, біз осы мерейлі жыл аясында көптеген іс-шараларды жүзеге асыруға жоспарлап отырмыз», деді ГФР-дағы ҚР елшісі Дәурен Карипов.
28 сәуір 2022 ж. 409 0