Ғазиз ғұмыр
Қазақ эстрадасының дамуына бар ғұмырын арнаған Роза Тәжібайқызының өз естелігінде 1922 жылы 1 қаңтар күні Қазалы ауданында теміржолшының отбасында дүниеге келгенін айтқанын естігенім бар. Ол да бір тарих, өмір жолымдағы тың дерек.
Бала кезімізде ата-анамыз ауданға танымал әртістер келіп концерт қоятын болса, алдын ала айтып, отбасымыздағы барлық баланы арнайы сол концертке ертіп апаратын. Аудандық мәдениет үйі ол кезде бізге тура хан сарайындай болып көрінетін. Көктемнің алғашқы күндері болуы керек, бірде анамыз еліміздің атақты әншісі Роза Бағланованың концертіне баратынымызды ескертті. Ол жылдары мәдениет үйінде сырт киіммен отырамыз, біріміз әкеміздің, енді біріміз анамыздың тізесінде отырып, сахна шымылдығы ашылғанын тағатсыздана күттік. Музыканың зор әуені ойнағанда диктордың дауысы естілді. Артынша сахна ашылып, әсем дауысты диктордың келбеті көрінді. Есімде қалғаны Алматыдан келетін қандай әнші болмасын, концертін өздерімен еріп келетін жүргізушілер жүргізетін.
– Қарсы алыңыздар, сахнада Халық әртісі, сүйікті әншілеріңіз Роза Бағланова! – деді сыптай киінген жүргізуші жігіт.
Залдағы көрермен алақандарын аямай қол соқты. Сол кезде сахна төрінен сызыла жүріп, күлімдеп, көзінде көзілдірігі бар, аппақ бүрмелі көйлек пен алтынмен апталған қамзол киген, басында үкілі бөрігімен атақты әнші көрінді.
Залда бір сәтке тыныштық орнады. Халық көптен бері сағына күткен әншісін көріп, оның сұлулығына тәнті болып, демдерін ішке тартып отырғанын сезіндім. Бір кезде әнші апамыз ғажап дауысымен «Айналайын, халқымнан! Қазақ деген халықтың еркесімін, Аллаға мыңда бір шүкір, мені сіздермен жолықтырған» деді.
Сол күнгі концертте аңыз адамды өз көзіммен көргеніме, жезтаңдай әншінің әнін тыңдағаныма қатты қуанғаннан сол концерт көпке дейін есімнен кетпеді. Әр шырқаған әннен соң міндетті түрде өз өмірі туралы айтып, естеліктерден сыр шерткенін ұмытпаймын.
«Бала кезімнен әжем мен анамның ән айтақанын естіп өстім. Қызылордадағы пединститутта оқыдым, балалық кезім қиын шаққа тура келді. Әкем қайтыс болды. Ташкентте білім жетілдірдім, бірақ жаным ән айтуды қалады. Үй тірлігінде жүріп, халық әндерін айтатынмын. Менің өнерге келуіме өзбек кісі себепкер болды. Ташкенттегі филармонияда әнші болдым. Қабілетімді ескеріп, Мәскеуге жолдама алдым. Бірақ Ұлы Отан соғысы басталып кетті» деп күрсінді қазақтың қайсар қызы көзіне жас алып.
Әнге кезек берілгенде «Ах, Самара, городок», «Кестелі орамал», «Әдемі-ау» әндерін бірінен кейін бірін шырқады. Халықтың қуанышында шек жоқ. Ал әнші сахнадан түсіп, халық арасына келгенде қолын алуға, гүл шоқтарын ұсынуға асыққандар көп болды. Әнші апамыз біздің де тура жанымыздан өткенде әппақ жүзін, күлімдеген көзін көріп, бала жүрегіміз лүпілдеп соқты, қуаныштан мәз-мейрам болдық.
Концерт уақыты зымырып өтіп жатты. Бір кезде сахна сыртына шығып кеткен әнші мүлдем басқаша, көздің жауын алатын ұлттық киіммен қайта шыққанда, сұлулығына көз сүйсінбеген жан қалмады. Тура әдеміліктің, нәзіктіктің символы ретінде сахнада жұлдыздай жарқырай түсті. Кеудесінде ордені бар қаһарман әнші бұл жолы соғыс жылдарындағы көргендерін айтты.
«Майдан даласына барып, сарбаздарға рух беру үшін жүк көлігінің үстінде тұрып ән айттым, небір жаралы жауынгерлерді көрдім, жақын жерден оқтың дауысы естіліп, зеңбіректер атылып жатты. Адамзатқа қасірет әкелген соғыс аяқталғанда Берлинде өткен Жеңіс концертіне қатыстым. Сталиннің қабылдауында болдым. Бір емес, үш рет ресми қабылдады. Қолбасшы менің қос бұрымыма мақтау айтты. Ұлттық киім киген менің киіміме ризашылық білдірді» деп еске алды қазақтың қайталанбас талант иесі Роза Бағланова.
Шын мәнінде әннің арасында естеліктерін айтып отырған әншінің ғұмыры көз алдымнан кинолентадай өтіп жатты. Ұлтымыздың қаһарман қыздары Әлия мен Мәншүк секілді ержүрек батыр болған қазақ қызының қайсарлығына қайран қалдым.
Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген әншінің көзінен отты жалын көрінді. Еліне деген патриоттық сезімі ұшқындай лаулады. Қаншама елді, жер жаһанды араласа да туған жерге ештеңе жетпейтінін паш етті. Ғұмырын өнерге арнаған жан сыңғырлаған дауысымен қазақ әндерінен бөлек, орыс, өзбек, грузин, поляк, үнді тағы басқа халықтарының әндерін шырқады. Тура үш сағатқа созылған концерттің соңында халық әншіні ұзақ сәтте сахна сыртына жібермей, қошеметпен қол соқты.
Бүгінде балалықтың бал дәурені алыстағанымен осындай сәттерді көз алдымнан өткізген бақытты ұрпақ болғанымды мақтан етемін. Өнегелі өмір иесі, аңыз адам Роза Бағланова елдің жүрегін баурап, 90 жыл өмір сүрді.
Бибісара ЖАНӘЛІ