Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті

«Халық заңгері» республикалық акциясы өтті

Көпшілік арнайы мамандардан кеңес алу үшін алдын ала қабылдауға жазылып, кабинет тоздырып әуре болмайды. Жақында республика көлемінде «Халық заңгері» ауқымды акциясы өтіп, тұрғындарға құқықтық кеңес берілді. Бұл акция азаматтарға тегін заң көмегін көрсетуге бағытталған. Халықтың барлық тобын заң көмегінің қолжетімділігімен қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық мәдениетті насихаттау мақсатындағы акция еліміздің барлық өңірінде бір мезетте өтті.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2025 жылғы 18 қыркүйектегі тапсырмасының 8-тармағына сəйкес Қазақстан Республикасының барлық аумағында «Халық заңгері» республикалық əлеуметтік акциясы өткізілді. Сырдария ауданының әкімдігі мен прокуратураның ұйымдастыруымен акцияға сырдариялықтар да белсене атсалыс­ты. Тұрғындар құқық қорғау және атқарушы орган өкілдерінен жеке мәселелері бойынша тегін құқық­тық кеңес алды.

«Руханият орталығында» түрлі сала мамандары мен халық көптеп жиналып, мәселелердің шешім табуына атсалысты. Бұған дейін акция Аманкелді ауылында бастау алған еді. Сырдария ауданының прокуроры Абай Мұхтарұлы, аудан әкімінің орынбасары Роллан Манарбекұлы, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қасымхан Асанұлы және де заңгерлер, адвокаттар мен мемлекеттік орган өкілдері тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап берді. Айта кетейік, акция аясында кент және ауылдық округтерден 100-ге жуық азаматқа заң тұрғысынан көмек көрсетілді.

Аталған акция жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Жалпы республикалық акция Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің қолдауымен және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Әділет министрлігі, мемлекеттік билік органдары, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Республикалық адвокаттар алқасы, сондай-ақ Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары, мемлекеттік билік органдарының ұйымдастыруымен өткізілді.

– «Халық заңгері» акциясының ұйымдастырылып жатқаны туралы хабарландыруды аудандық газеттен көріп, арнайы келіп отырмын. Сала мамандарынан құқықтық кеңес алу үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған акция халыққа тиімді болды. Мәселемізді айтып, мамандардан ұтымды кеңес ала алдық. Жалпы акция көпшілікке тиімді болды, – дейді Бесарық ауылының тұрғыны Сара Сарыбаева.

Айта кетейік, акция барысында көпшілік көтерген мәселе әлеуметтік сала, тұрғын үй, жер, білім, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау және құқық қорғау саласына қатысты болды.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

04 қараша 2025 ж. 373 0