Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Балық аулау және аңшылық кезіндегі қауіпсіздік ережелері

Балық аулау және аңшылық кезіндегі қауіпсіздік ережелері

Балық аулау және аңшылық бел­сенді демалыстың керемет түрі болып табылады, алайда қауіпсіздік ере­же­сін сақтамаса, ол қауіпті болуы мүмкін.Балық аулау және шағын көлемді кемелермен аңшылық кезінде қайыққа отыру алдында қайықты мұқият қарап, ескек, ескектің тұтқасы, құтқару шеңбері мен суды құйып алуға арналған қауғаның болуына көз жеткізу қажет.

Қайыққа отыруда сақ болу керек, қайықтың ортасынан басып, орын­дыққа бірқалыпты отыру қажет. Қа­йық­тың бортына отыруға, бір орыннан екінші орынға көшуге, сонымен қатар бір қайықтан екінші қайыққа ауы­суға, қайықты шайқауға, шомылуға және қайықтан сүңгуге тыйым салынады. Қайықтағы тұлғалар жеке құтқару құрал­дарын (құтқару жилеті, белбеуше, кеудеше) киіп алулары тиіс.

Шағын көлемді кемелерде жеке құтқару құралдарынсыз отырып, бұзу­шылық жасаған тұлғаларға ескерту шарасы қолданылады немесе бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде айып­пұл (әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 583-бабы) салынады. Түнгі мезгілде балық аулауға немесе аң­шылыққа тыйым салынады.

Шағын көлемді кемелермен аңшы­лыққа шыққан кезде және балық аулау кезінде сақтауға тиісті қарапайым ережелер:

1) Өзімен бірге дәрі-дәрмек қобди­шасы, қолшам, жергілікті жердің картасы, өзінің тұрған жерін құлақтандыра­тын құралы болуы тиіс;

2) Балық аулар алдында немесе аң­шылықты бастамас бұрын таңдап алынған жерді мұқият қарау керек;
3) Спирттік ішімдік және есірткі заттарын пайдалануға тыйым салынады;

4) Қайықтың жарамдылығын, оның құтқару жилетімен және шеңбермен, белбеумен жабдықталуын тексеру қа­жет;

5) Қайықта шелектің немесе суды құйып алатын кез келген ыдыстың болуы қажет;

6) Балық аулау жабдықтары мен аң аулайтын құрал-саймандарды қайық­тың бортына жағалай, заттарды (киім, сөмке, чемодан) қайықтың тұмсығына, артқы жағына және орындық астына орналастыру қажет.

Төтенше жағдай туындаған жағ­дайда «101» «112» номері бойынша құт­қару қызметіне хабарласыңыз.
Сырдария ауданының төтенше жағ­дайлар бөлімінде 21-4-94 нөмірлі сенім телефоны жұмыс жасайтынын есте­рі­ңізге саламыз.

Сырдария ауданының
төтенше жағдайлар бөлімі
10 маусым 2023 ж. 359 0