Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 40 ЖЫЛ ТАРТҚАН ЗҰЛМАТ

40 ЖЫЛ ТАРТҚАН ЗҰЛМАТ

Жер бетінде атом бомбасының қасіретін тартқан екі халық болса, қазақ соның бірі! 40 жылдан аса ядролық сынақ алаңына айналған қазақ жерінің қасіретін ауызбен айтып жеткізу өте қиын. Негізі атом бомбасы деген түсінік қайдан шықты. Оны ойлап тапқандардың көздегені не?
Кейбір дереккөздерінде дүниежүзілік соғыс басталмас бұрын Еуропа елдеріндегі фашистік режимнен қашқан ғалымдар Америка Құрама Штаттарына жиналған деп айтылады. Осылайша, өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Америка үкіметі еуропалық ғалымдарды ұлттық ғылыми және әскери зерттеу орталығына жинап, адамзатты қырып-жоятын қуатты қару жасауды ойластырды. Бұл аса құпия жағдайда жүзеге асады. Сөйтіп бір-екі жыл бойы ғалымдар қуатты қаруға қажетті материалдардың құрамын зерттейді. Оны дайындаумен шұғылданады. Құрама штаттың Нью-Мексика штатындағы Лос-Аламос деген жерде алғаш сынақтан өткен атом бомбасының авторы, әрі ғылыми жобаға жетекшілік еткен Роберт Оппенхейлмер. Оны былайғы жұрт «ядролық бомбаның әкесі» деп те атайды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ бұл бомбаны іс жүзінде сынап көру үшін Жапонияның Хиросима қаласына тастайды. Бұл – 1945 жылдың 6 тамызы болатын. 350 мың тұрғыны бар қаланы жермен-жексен еткен бұл жарылыс адамзат атаулының жанын түршіктірді. Әп-сәтте 140 мыңнан астам адам ажал құшса, мыңдаған адам радиоактивті сәуленің әсерінен мүгедек болып қалды. Араға үш күн салып, 9 тамыз күні америкалықтар екінші бомбаны Нагасаки қаласына тастады. Бұл жолы 75 мың жапондық мерт болды.
Атом бомбасы жарылған кезде оның температурасы бірден бірнеше миллион Цельси градусқа дейін жетеді. Демек, мұндай күшті қызу ұрғанда бірнеше шақырым қашықтықта тұрған тіршілік атаулының тек күлі қалады екен. Кейбір деректерде Хиросима қаласына атом бомбасы тасталғанда, қаладан 3 км жерде болған адамдардың тек күлі қалған деседі. Әп-сәтте мыңдаған адамның өмірін жалмайтын жарылыстың мұнан басқа зияны да жетерлік. Мысалы жарылыстан аман қалғандар өмір бойы мүгедек болуы әбден мүмкін немесе екіқабат әйел түсік тастауы, баласын өлі тууы мүмкін.
Алысқа бармай-ақ қазақ жерінде жасалған ядролық сынақтың зардабын тартқан қаншама қандасымыз мүгедек қамытын киді десеңізші. 1949 жылы 29 тамызда Семейде алғашқы ядролық бомбаның сынағы өткізілді. Сөйтіп Семей жерінде қырық жыл бойы 500-ге тарта жарылыс болған. Оның 118 жер үстінде, 352 жер астында болған жарылыстар. Ал, мұндағы ең соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды. Бұрынғы Кеңес Одағы бойынша өткізілген мұндай сынақтың басым бөлігі Семейде жасалған. Ол еліміздің солтүстік-шығыс және орталық аудандандарында айтарлықтай экологиялық зиян келтірді.
1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен жабылды. Қазақстан өздігінен ядролық қарудан бас тартқан бірден-бір бейбітшіл мемлекет ретінде тарихта қалды. Семей сынақ ядролық полигоны жабылған соң, Ресейдің Жаңа жердегі сынақ полигоны, АҚШ аумағындағы америкалықтар мен ағылшындар ядролық сынақ өткізіп келген «Невада» полигоны, француздардың Тынық мұхиттағы полигоны, қытайлықтардың «Лобнор» ядролық сынақ алаңы жабылды. Қазір Қазақстанды әлем елдері өздігінен жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан бас тартқан бейбітшіл ел ретінде, жаһандық қозғалыстың көш басында тұрған мемлекеттің бірі екендігін мойындап отыр.
Бүгінде адамзатты жаппай қырып-жоятын қаруға иелік ететін елдер қатарында АҚШ, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Солтүстік Корея, Израйль бар. Стокгольмдегі Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты ғалымдарының айтуынша дүние жүзінде ядролық қару саны кемігенімен, ядролық қаруға ие елдер өз арсеналын модернизациялап жатыр. Алдағы уақытта олар қарудың бұл түрінен бас тартуы мүмкін емес. Аталған институттың мәліметінше 2017 жылдың басында қуатты қаруы бар тоғыз мемлекетте жедел қолданысқа дайын 4150 дана ядролық қару болған. Қазір биресми деректерде ядролық оқтұмсықтар саны 14935 болғаны айтылады.
Қуаты жөнінен әлемде төртінші орын алатын ядролық қарудан бас тартқан Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамашылық рөлі өзге елдерге үлгі болып қалатын болады.БҰҰ бас Ассамблеясының 2015 жылғы 7 желтоқсанда Нью-Иорк қаласында Қазақстан Президенті жетекшілік еткен Ядролық қарудан азат әлемді құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдауының өзі осыған дәлел. Мұнан басқа 2016 жылы 5 сәуірде Н.Назарбаев жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесі берілгенін атап өткен орынды.
Сөзіміздің басында жер бетінде ядролық қарудан зардап шеккен екі халық болса бірі қазақ дедік. Екіншісі жапондар. Демек, екі халықтың да бұл қару жөніндегі білгені көп. Ең бастысы, өсіп келе жатқан ұрпақтардың амандығы, саулығы бәрінен қымбат. Сондықтан әрбір қазақстандық қарудың кез келген түрінен бас тартып, бейбіт өмір сүруді қолдайтынына сенеміз.

С.ЕРІМБЕТ

27 тамыз 2019 ж. 624 0