ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ МЕ?
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына төленетін әлеуметтік аударымдарды есептеу және аудару ай сайын жүргізіледі.
Жұмысберушілер жалдамалы жұмысшылары үшін, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар өздеріне әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнiң (табысынан) 3,5 % мөлшерінде әлеуметтік аударымдарды төлеуді жүргізеді және де әлеуметтік аударымдардың ең төменгі және ең жоғарғы мөлшері белгіленген.
Бұл ретте, ай сайынғы табыс әлеуметтiк аударымдарды есептеу үшiн республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының (бұдан әрі - ЖТМ) жеті еселенген мөлшерiнен аспайтын мөлшерде алынады. 2019 жылға әлеуметтiк аударымның ең жоғары мөлшері – 10413 теңге.
Егер күнтізбелік айда әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі (табысы) ЖТМ кем болса, онда әлеуметтік аударымдар ЖТМ негізге алына отырып есептеледі, аударылады, 2019 жылға әлеуметтік аударымның ең төменгі мөлшері – 1488 теңге.
Заңға сәйкес, жұмыс беруші әлеуметтiк аударымдарды және әлеуметтiк аударымдарды уақытылы және толық көлемiнде төлеуге міндетті. Ал, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылатын әлеуметтiк аударымдардың толықтығын және уақытылы төленуін қадағалауды мемлекеттік кіріс органдары қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, міндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылары аударылған әлеуметтік аударымдардың сомалары туралы (дұрыстығын тексеру үшін)өзі үшін ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорация бөлімшелерінен тегін алуына болады. Әлеуметтік аударымдар әр айға жеке төленуі және азаматтар өзі үшін аударылған әлеуметтік аударымдарды қадағалап, олардың болуын тексеруі қажет.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төленген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары келесі әлеуметтік төлемдер алуға құқылы.
- еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда;
- асыраушысынан айырылған жағдайда;
- жұмысынан айырылған жағдайда;
- жүктілікке және босануға немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда;
- бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда.
Сонымен қатар, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем, балаға күтімді жүзеге асыратын азаматқа тағайындалады. Әлеуметтік төлемнің бұл түрі баланың тууы туралы куәлiгiнде көрсетiлген туған күнiнен бастап ол бiр жасқа толған күндi қоса алғандағы мерзімге төленеді. Екi және одан да көп бала туған жағдайда бұл әлеуметтiк төлем әр балаға жеке тағайындалады.
Әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш берудің алдында әлеуметтік аударымдардың толық аударылғанын тексеру қажет. Өйткені, әлеуметтік тәуекел туған жағдайда тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мөлшері азаматтың жұмыс берушісінің әлеуметтік аударымдардың мөлшерін есептеуіне (қаншалықты дұрыс) және оларды ай сайын уақытылы аударуына байланыс¬ты болады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы әлеуметтік аударымдарды төлеушілер категориясы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 774-бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді (әрі қарай - БЖТ) төлеуші болып табылатын жеке тұлға болып кеңейді.
Бұл ретте, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып, дара кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын, жеке тұлғаларға ғана қызмет көрсететін азаматтар болып табылады және көрсетiлген қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде алатын кірісінің күнтiзбелiк жылдағы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1175 еселенген мөлшерінен аспауға тиiс.
БЖТ-ң мөлшері:
қала тұрғындары үшін - 1 айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) - 2525 теңге,
ауыл тұрғындары үшін - 0,5 АЕК құрайды (тұрғылықты жерінде тіркелуіне сәйкес).
БТЖ үлесі мынандай:
-10% - жеке табыс салығы;
-20 % - әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорына әлеуметтік аударымдар;
-30 % - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарнасы
- 40 % - міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударымдар;
Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер үшін әр бір айдағы табыс ең төменгі жалақы деңгейіне жеткізіледі. Бұл бір айдағы табыс жүйенің барлық қатысушылары үшін түскен әлеуметтік аударымдар негізінде ескерілмейді (505 / 3,5 % әлеуметтік аударымдар ставкасы = 14 428 теңге қалалықтар үшін және 7 228 теңге ауылдықтарға), ал 1 ең төменгі жалақыны құрайтын болады (2019 жылы 42 500 теңге) деген сөз.
Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер:
- еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда;
- асыраушысынан айырылған жағдайда;
- жүктілікке және босануға немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда;
- бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда тағайындалуы мүмкін.
Сондай-ақ, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ www.gfss.kz сайтынан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы толық ақпарат алуға болады.
Г.ДЕНЕЕВА,
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры