Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ЕРЕКШЕ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ

ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН ЕРЕКШЕ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ

Жеке тұрғын үйге қол жеткізу – әрбір қазақстандық үшін бірінші кезектегі қажеттілік. Ол үшін әр отбасы баспаналы болудың жолын қарастырады. Бірі – несие алса, енді бірі мемлекеттік бағдарламаға жүгінеді. Ұлттық банктің ресми деректеріне сенсек, 2018 жылы қазақстанда 490 миллиард теңге көлемінде ипотека несиесі берілген. Соның 300 миллиардқа жуығын «тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүзеге асырған.
Жақында «тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ақ қызылорда облыстық филиалының клиенттермен жұмыс жүргізу басқармасы бөлім басшысының орынбасары мұрат үркінбаевқа жолығып, бірнеше сауал қойдық.
– «Жастар жылында» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «жастарды жұмыспен қамтыды» деген сүйінші хабар естідік. Осы жайлы тарқатып айтып берсеңіз?
–«Әр адам өз бойына жұмыс істей білу, оқып-үйрене білу, өмір сүре білу қасиетін сіңіру керек», – деген болатын Елбасы Н.Ә.Назарбаев.
2019 жыл – «Жастар жылы» болып жарияланып, жастарға бағытталған бағдарламалар көптеп жүзеге асырылуда. Осы орайда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 20-35 жас аралығындағы жастарды жұмыспен қамту мақсатында Қызылорда облысына қарасты барлық аудандар мен ауылдық округтерде «Тұрғын үй жинақ аптасы» іс-шарасын өткізді. Іс-шара барысында баспаналы болудың бағыттары ауыл тұрғындарына түсіндіріліп, 8 ауданнан «Кеңес орталығын» ашу және әр ауданнан аталмыш орталықтарда кеңес беретін 2 жасты жұмысқа қабылдау шарасы жоспарға алынып отыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің командасына қосылған жастарды үздіксіз білімін жетілдіру, еркін жұмыс кестесі, мансапқа жету мүмкіндігі және ұйымшыл әріптестермен жұмыс жасау жағдайымен қамтамасыз ету қарастырылған.
– «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы кімдер баспанаға қол жеткізеді? Оның қандай артықшылығы немесе ерекшелігі бар?
–Жаңа әлеуметтік бағдарламаға көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар мен кәмелет жасына толмаған балалары бар толық емес отбасылар қатыса алады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласы бойынша алғашқы отбасы өз баспанасына қол жеткізді. Қала тұрғыны Салтанат Әшірбекова «Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасы» категориясы бойынша өзі таңдаған пәтерге ие болған. 2012 жылы банктен депозиттік шот ашып ай сайын қаржы жинақтау барысында тұрғын үй құнының 10 пайызын депозиттік шотына жинақтады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасының көмегін пәтерді жаңа және қолданыстағы үйден алуға болады. Немесе жер үй сатып алу мүмкіндігі де беріледі. Ең жоғары займ мөлшері 10 млн. теңгеге дейін. Жылжымайтын мүлікті қарыз алушы тұрғын үй үшін кезекте тұрған аймақта ғана сатып ала алады.
Бағдарламаға қатысушылар үшін тағы бір маңызды жайт – жергілікті әкімдіктен жолдама алу керек. Ол отбасының расында да қажетті категория бойынша бас¬пана кезегінде тұрғандығын дәлелдейді. Әкімдік беретін жолдаманы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі несиелік өтінімді берген сәтке дейін алу керек.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін отбасының әр мүшесіне келетін табыстың мөлшері 42 500 теңгеден аспауы керек(барлық салықтар мен зейнетақы жарналарын шегергенде). Мәселен егер отбасы 5 адамнан тұратын болса, онда оның жалпы кірісі 212 500 мың теңгеден артық болмауы тиіс. Яғни бұл бюджеттік жәрдемақы емес, жұмыс орнынан берілетін қаражат болуы керек.
Сонымен бірге «Бақытты отбасы» бағдарламасы 2019-2021 жылдар аралығында жүзеге асырылатын болады. Пәтер құны 10млн. теңге болған жағдайда, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында төлем мөлшері алғашқы 8 жыл ішінде алдын-ала займ бойынша 52 600 теңгені құраса, алған қалған 11 жыл бойы тұрғын үй займы бойынша 36 мың теңгеден төлеп тұру керек.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы берілетін үйлердің әр шаршы метрі қанша болады және ол жылдық неше пайызбен беріледі?
–«Нұрлы жер» Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының сол жақ жағалауында бой көтерген 4 көпқабатты тұрғын үйге өтініштер қабылдау басталмақ.
Бағдарлама талабы бойынша тұрғын үйге өтініш беруші азаматтың соңғы 5 жылда өз атына тіркелген баспананың болмауы тиіс. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ашылған депозитке үй құнының 20 пайызын толықтырылып «BASPANA.KZ» сайты арқылы конкурсқа өтініш беріледі. Несие жылдық 5 пайызбен рәсімделеді. 1 шаршы метр үшін тұрғын үй бағасы 140 000 теңге. 2 бөлмелі пәтер 55-57 шаршы метр, 3 бөлмелі пәтер 65-67 шаршы метрді құрайды.
Бағдарламаның басталу уақыты мен талаптары жайлы толық ақпарат «Instagram» және «Facebook» әлеуметтік желісінде «Жилстройсбербанк Казахстана» парақшасында жарияланатын болады.
– Конкурсқа қатыспай-ақ жаңа пәтер алуға бола ма?
– Конкурссыз жаңа пәтерге қол жеткізгіңіз келсе, Қызылорда қаласы, «Шұғыла» мөлтек ауданында З.Шүкіров көшесі бойында орналасқан «Дәнекер» құрылыс компаниясы салған көпқабатты тұрғын үйден қалаған пәтеріңізді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сатып алу мүмкіндігі бар. Бағдарлама «Өз үйім» деп аталады. Талабы 50\50. Яғни 50 пайызын салымшы өз депозитінде жинақтайды, 50 пайызын Банк¬тен жылдық 7 пайызбен, 6 жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеуге алады. Жеке меншігінде баспанасы бар азматтар да бағдарлама қатысушысы бола алады.
– Маңызды әңгімеңіз үшін алғыс айтамын.

Сұхбаттасқан С.СҰЛТАНҚЫЗЫ

17 тамыз 2019 ж. 550 0