Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛА БАҚЫЛАУДА БОЛУЫ КЕРЕК

БАЛА БАҚЫЛАУДА БОЛУЫ КЕРЕК

Кәмелетке толма­ған­­дар тарапынан жа­салатын құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторлары түнгі рейдке шықты. Оған аудандық «Жас­тар» орталығы маманы қатысты.
Бала тәрбиесіне жауапты ата-ана екені белгілі. Олардың кіммен ара­ласатыны, қайда жүргені туралы жақын жандары біліп, үнемі ба­қылауда ұстауы тиіс. Өйткені жас­өс­пірім шақта балалар әрнәрсеге үйір болып, келеңсіздікке баруы әбден мүм­кін. Сондықтан ата-ана кәме­летке толмаған балаларының беймезгіл уа­қытта көшеде жүрмеуін қадағалауы қажет. Ал оған жол берсе жауапқа тар­тылатыны анық. Бұл тұрғыда юве­налды полиция қызметкерлері күн­діз-түні жұмыс істейді. Түнгі уа­қыт­та жасөспірімдер көше, кафе-бар, дү­кендерде жүрсе, әкімшілік жаза қол­данады. Заңды өкілдерсіз немесе ересек адамдарсыз кәмелетке тол­мағандар ойын-сауық орындарына кіргенде кәсіп иелері де жазадан құтылмайды.
Статистикаға тоқталар болсақ, биылғы жылдың жартыжылдығында АПБ-нің ювеналды полиция қызмет­керлері қоғамдық тәртіпті бұзған 111 жасөспірімді анықтап, оларға тиісті әкімшілік шара көрген. Ата-анасының немесе ересек адамның бақылауынсыз үй-жайларынан тыс жерлерде жүргені үшін 101 жасөспірім үйіне жеткізіліп, ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылыпты.
Бұдан бөлек заңсыздыққа жол берген дүкен, ойын-сауық орында­рының иелеріне де әкімшілік шара көріліп, көпшілігіне айыппұл салын­ған. Қаң­ғыбастыққа салынған жасөспі­рімдер Қызылорда қаласын­дағы бейімдеу ор­талығына жатқызылған. Жалпы бей­­мезгіл уақытта қараусыз қалған жасөсі­пірімдер әкімшілік жазаға тартылып, ата-ана да зардабын көруде.
Рейд барысында полиция инспекторлары кент орталығындағы кафелер мен ойын-сауық орындарын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кәсіп иелеріне, дүкен сатушыларына түнгі уақытта кәмелетке толмағандарға алкаголь, темекі өнімдерін сатуға болмайтынын ескертті. Бұған жол бергендер жазаға тартылатынын түсіндірді.

Е.БЕРКІНБАЕВ

06 тамыз 2019 ж. 780 0