ҰБТ: ШЕШУШІ СӘТ ТАЯУ
Үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған түлектердің алдында сынақ тұр. он бір жылдық білім нәтижесі оларға даңғыл жол ашпақ. биыл аудан бойынша 307 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 204-сі, яғни 66,4 пайызы ҰБТ-ға қатысуға тіркеліп отыр. Қазіргі таңда мектеп бітірушілер қорытынды мемлекеттік аттестаттау тапсыруда.
Түлектер бүгінгі күні 4 пәннен мемлекеттік емтихан тапсырды, ал 7 маусымда соңғы пән Қазақстан тарихынан ауызша тапсырады, 12 маусым күні орта білім туралы аттестат алғаннан соң мемлекеттік грант алу үшін Қызылорда қаласындағы №2 Мұрагер мектебіндегі тестілеу пунктінде ҰБТ тапсырады.
Олардың 82-сі ұл, 122-і қыз балалар. Қызылорда қаласындағы №2 Мұрагер мектебіндегі тестілеу пунктіне келетін мемлекеттік комиссия 22 маусымда Қызылорда қаласына келеді, 1 кезең 23 маусымда, 2 кезең 25 маусымда өткізіледі деп жоспарлануда.
ҰБТ-ге жергілікті бюджеттен барлығы - 5 602,0 мың теңге бөлінді. Оның ішінде оқушылардың тамақтануына 1 815,0 мың теңге, жатын орнына 2 087,0 мың теңге , тасымалдауына 1700,0 мың теңге қаралды. мемлекеттік сатып заңдылығына сәкес, мамыр айының 28-не жеңімпаз мердігерлер анықталды.
Мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ге дайындау іс-шара жоспары бойынша жүргізілді. Дайындық жұмыстары мектептегі күндізгі, кешкі дайындықтар,қосымша консультациялық сабақтар, жыл бойы жұмыс жасайтын «Жалын» тынығу лагеріндегі курстар, білікті, жоғары деңгейлі мамандармен репетиторлық сабақтар және түрлі ақылы оқу орталықтарындағы курстар арқылы жүргізілді.
ҰБТ-ге дайындық барысын ұйымдастырудың іс-шаралар жоспарына сәйкес барлық мектептердің ата-аналарымен және мектеп бітіруші түлектермен кездесу өткізіп, әрбір оқушыға жеке-жеке тоқталып, талдау, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бітірушілердің ай сайынғы аралық білім деңгейлері мектептерде, Қызылорда қаласындағы тестілеу пунктінде 2 рет, онлайн түріндегі режимімен 307 оқушы жаңа форматтағы сынама тесттеріне қатысып, өз білімдерін сынақтан өткізді.
Әрбір тестілеудің немесе сынама кітапшалар арқылы тестілеудің нәтижелері сарапталып отырды. Сынама тест қорытындысы бойынша жыл бойы төмен нәтиже көрсеткен №147,130,126 орта мектептердегі бітірушілерге практикалық жұмыс өткізіліп, десантық көмектер ұйымдастырылды. Осы күнге дейін оқу жылы басынан бері барлығы – 30 рет сынама тест алынды. Барлық алынған сынама тестілер қатаң бақыланып, оқушылардың қосымша құралдарды т.б. пайдалануына тыйым салынып, нақты білім көрсеткіштері саралануда. Оқушының өз-өзіне сенімділігін ұялату, өзін-өзі тәрбиелеу, уақытты тиімді пайдалануға байланысты психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен 2018-2019 оқу жылында 21 «Алтын белгіге», 26 «Үздік аттестатқа» үміткерлер бар.
2017-2018 оқу жылында ҰБТ ден орташа балл 85,02 болып, мемлекеттік грант бойынша облыста бірінші орынды иелендік. Былтыр мектеп бітіруші түлектер толық оқумен қамтамасыз етілді. Биыл да мектеп түлектерін 100 пайыз оқумен қамту үшін жұмыстар жасалуда. 2019 жылы 12 маусым күні барлық мектеп мекемелерінде бітірушілердің «Болашақ жастардікі» тақырыбында аттестат беру кеші өтеді.
Білім және ғылым министрі Күлаш Ноғатайқызы Шамшадинованың мектеп бітіру кештері мектеп қабырғасында мектеп бітіруші түлектердің мұғалімдерге жылы лебіздерін білдірумен шектелу керектігін атап өтті. Министрлік мектеп бітіру кешінің мақсатын сәнді киімдер мен мол дастарханды көрсету емес, шын жүректен, жақсы ұйымдастырылған шара ретінде балалардың, мұғалімдер мен ата- аналардың есінде қаларлық мектепішілік жиын деп есептейді. Әрине, олар кешті есте қаларлықтай, балаларға қызықты етіп ұйымдастырғылары келеді. Әйтсе де, ол шығынды екінің бірінің қалтасы көтере алмайды. Осы орайда, ата-аналарға ұстаздарға сыйлыққа ақша жинамауға, балаларына қымбат көйлектер алмауға, мектеп бітіру кештерін кафе, ресторандарда өткізбеу жөнінде қатаң ескертіліп, білім бөлімі тарапынан 2019 жылдың 13 мамырында №106-нқ бұйрығы шығарылып, мектептерге таратылып, 15 мамыр күні жалпыұлттық ата – аналар жиналыстарында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Біздің ауданның оқушыларының үндеуі әлеуметтік желілерде, «Кызылординские вести» газеттерінде жарияланды.
Жиын өткізу барысында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық білім бөлімі тарапынан жергілікті полиция қызметіне, аудандық ауруханаға, аудандық төтенше жағдайлар бөліміне, аудандық денсаулық сақтау басқармасына арнайы мамандар бөлуге хаттар жолданды. Барлық елді-мекендерде мұғалім, ата-ана және жергілікті полиция қызметкерлерінен құралған күшейтілген педпатруль ұйымдастырылатын болады.
Жалпы, осы шараларды ұйымдастыру аясында балалар қауіпсіздігі басты назарда болады. Ең қуаныштысы, облыста бірінші болып, аудан түлектері сән-салтанаты келіскен кештен, қымбат киім мен кортеж ұйымдастырудан бас тартып, облыс түлектеріне Үндеу тастады. Оның есесіне есте қаларлық мектепішілік шара ұйымдастыруды қолдап отыр. Сондықтан біз ұстаздар қауымы да осы шараның мәні терең, мазмұны жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысатын боламыз.
Баян Сүюбаева,
аудандық білім
бөлімінің басшысы