Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС: АУДАННАН БАСТАЛҒАН ТӘЖІРИБЕ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС: АУДАННАН БАСТАЛҒАН ТӘЖІРИБЕ

Дана халқымызда «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады», – деген жақсы сөз бар. Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Елбасының «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек», – деген қанатты сөзі барша қазақстандықтарға ұран болмақ.
Егемен еліміздің қарқынды дамуына талмай жұмыс жасап, алар асуына қолдау көрсету – барша қазақстандық үшін міндет. Оның ішінде, мызғымас ауызбірлікті сақтау – аса қажет құндылық.
Осы бірлікті, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты­лығын сақтау үшін, елдің, аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту ба­ғытында облыс әкімінің қолдауымен, аудан әкімінің бастамасымен 2013 жылы барлық елді-мекенде Қоғамдық кеңес құрылды. Бұл елде ынтымақтың сақталып, жүйелі жұмыстың жасалуына ықпал етті. Ең бастысы, атқарушы билік пен халықтың арасындағы алтын көпір болды.
Қоғамдық кеңес ардагерлер кеңесі, білім сала­сының ардагер ұстаздары, «Жас Отан» жастар қанаты, қоғамдық, діни бірлестіктер, бизнес құры­лымының өкілдері, ауылдық округтердің белсенді тұрғындарынан жасақталып, ережесі бекітілді. Соған байланысты елдегі барлық мәселе, атап айтқанда, ауылдық округтердегі аяқ су, ауыз су, жұмыссыздық, құрылыс және тағы басқасы Қоғамдық кеңесте көтеріліп, тиімділігін дәлелдеді.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес тек ауылдық округ бойынша проблемалы мәселелерді ғана емес, болуы мүмкін жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстарға ұсыныс-пікірлер беру арқылы жоспарланып отырады.
Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген нақыл бар. Ауданның өркендеуі жолында жасалған бұл қадам ауданның дамуына оң ықпал етті. Елдің арқауы бірлік болатын болса, Қоғамдық кеңес – сол бірліктің бастапқы сатысы. Оның қазіргі қоғамға керектігі дәлелденді. Ауданнан бастау алған жүйелі жұмыс Елбасының “Ұлт жоспары – 100 нақты қадамында” көрініс тапты. Яғни, қазір республикалық деңгейде қолданысқа енгізіліп, арнайы Заң қабылданды. Демек, мемлекеттің дамуына Қоғамдық кеңестің ықпалы зор. Ауданнан басталған тәжірибе республикада іске асырылып, татулық, бірліктің ұйытқысы болып келеді.

Е.БЕРКІНБАЕВ

14 мамыр 2019 ж. 484 0