Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ҚЫЗЫЛОРДА

ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ҚЫЗЫЛОРДА

Бүгінде Қызылорда облысының әлеуеті артқан. Аймақ күн сайын жаңарып, көркейіп келеді. Барлық салада дамудың оң динамикасы қалыптасып, ілгері басушылық басым. Өңір мұнайға тәуелділіктен арылып, индустриялы-инновациялық жұмыстарды жандандырып, өңдеу секторын дамытты. Соның арқасында Қызылорда қазіргі таңда республикадағы дамуы дара аймақтардың көшін бастап тұр. Оның үстіне, бұл өңір кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы облысқа айналған. Оған өткен жылдың қорытындысындағы «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша облыс әкімі Қ.Көшербаевқа табысталған «Алтын сапа» сыйлығы дәлел.
Қызылорда облысының зор жетістігін барлық саланы тізбектеп емес, бір ғана құрылыстың өзінен аңғаруға болады. Өйткені, соңғы бес-алты жылдың көлемінде аймақтың құрылыс алаңына айналғаны баршаға мәлім. Олай дейтініміз, облыс тұрғындары үшін Қызылорда қаласында, аудандарда көпқабатты үйлер салына бастады. Өңірде баспана мәселесін шешу мақсатында облыс орталығында жаңадан бірнеше шағын аудандар бой көтеріп, көптеген қызылордалық баспаналы болды. Жыл сайын құрылыс қарқыны артып, қызылордалықтар айтулы мереке сайын пәтер кілтін алып, қоныс тойын Тойлады.
Бұдан бөлек, бас қалаға қарап байыпты бастамаға барған Сыр жұртшылығы ерке Есілдің оң-сол жағалауы секілді сұлу Сырдың сол жағалауына «Жаңа қала» тұрғызуды бастап кетті. «Елге ел қосылса құт» демей ме?! Бүгіннің өзінде құрылысы қызу жүріп жатқан «Жаңа қаланың» зәулім ғимараттары бой көрсете бастады. Бірнеше ғимарат салтанатты түрде ашылды. Осыдан-ақ қала көлемі ұлғайып, халық санының көбейіп жатқанын білуге болады. Бұл алғашқы астананың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті өскенін аңғартады.
Жалпы, соңғы 6 жылда 3 млн. шаршы метр шамасында тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыс орталығының өзінде 2013-2018 жылдары 15 жаңа шағын аудан салынса, аудандарда да тұрғын үйлер бой көтерді. 2013 жылы 270 мың. шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жылы тұрғын үй берудің жылдық көлемі 2,6 есеге өсіп, 700 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.
Жақында Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХҮІІІ съезінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға, оларға әлеуметтік қолдау білдіруді нығайтуға бағытталған шараларды ұсынған болатын. Оның ішінде, әлеуметтік аз қамтылғандарды баспанамен қамту мәселесін баса айтты. Міне, бұл тапсырманы аймағымыз алғаш болып іске асыруды қолға алды. Атап айтқанда, Қызылордада көпбалалы отбасылар үшін баспана құрылысы басталып кетті. Осыған қатысты ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көп балалы және толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша өткен кеңесте меморандумға қол қойылды. Мұның негізінде, аз қамтылған көпбалалы 150 отбасы облыстық бюджет қаражаты мен «Болат Өтемұратов қорының» қайырымдылық көмегі есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Жергілікті бюджет есебінен 100 отбасы және қалған 50 отбасы қор есебінен үйлі болады.
Баспананың 1 шаршы метрінің құны 70 мың теңгені құрайды және тұрғын үй құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарлануда. Тұрғын үйлер «Бәйтерек» шағын ауданында салынып жатыр. «Болат Өтемұратов қоры» тарапынан тұрғын үйлерді салу бойынша «Баламекен» жобасының жүзеге асырылуына 450 миллион теңге бөлінген.
Облыс әкімдігі өз тарапынан осы уақытқа дейін барлық инженерлік инфрақұрылымдар – электр, газ, су, телефон байланысы мен автожолдар құрылысын аяқтауға, сондай-ақ, әрбір үйге 6 сотық жер телімін бөлуге кепілдік береді.
Қызылорда облысы халқының әлеуметтік осал тобының тұрғын үй мәселесін шешудегі тәжірибесі республикада ерекше аталып өтілді. ҚР Премьер-министрі А.Мамин Қызылорда облысының оң тәжірибесін басқа да аймақтарға енгізуді тапсырып, бизнес өкілдерін әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға үлес қосуға шақырды.
Міне, бір ғана құрылыс саласының өзінде Қызылорда республикада қарқынды жұмыс жүргізіп, өзге өңірлерден көш ілгері келеді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде сырбойылықтар баспанамен қамтылып, халықтың әл-ауқаты жақсарған. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқын алып, зәулім ғимараттар көптеп бой көтерген соң Қызылорда – әсем қалаға айналып отыр.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
13 сәуір 2019 ж. 726 0