Айдақ-сайдақ сызудың да айтары бар
Есіңізде ме, қызықсыз сабақта немесе телефонмен сөйлесу кезінде қаламмен әлдене сызып отырамыз ғой. Ал сол әр кезде салған суреттеріңіз бір-біріне неліктен ұқсайды деп ойлайсыз?
Егер есіңізде болмаса қағаздарыңызды бір қарап көріңіз. Онда мән-мағынасын ажыратуға қиын соғатын әрқандай жазу, таңбалар табасыз. Дәл осы суреттер сіздің қандай екеніңізді айна-қатесіз сипаттап бере алады.
Ойда-жоқта салынған суреттер арқылы адамның қандай екенін қалайша айтып бере алмақ дерсіз. Бірақ біз белгілі бір іспен айналысып отырғанымызда қолымыздың қалай, нені сызып жатқанын білмейді. Ол сіздің бейсанаңыз. Ал бейсаналы түрде шыққан дүниенің барлығы да сіздің негізі қандай адам екеніңізді дәл көрсетеді. Мәселен сіз қатты толғанып жүрген мәселе, сізге қатты әсер еткен құбылыс санаңыздан орын алып қояды. Енді сіз сол суреттерді тауып алып, өзіңіз туралы, болашағыңыз туралы, өткеніңіз жайлы ақпарат алуға тырысыңыз.
Автограф
Егер бейсаналы түрде сіз қол қоя беретін болсаңыз – эгоцентриялық натурасыз. Ондай адамдар өзгелерге қарағанда өзін қатты ойлап, тек өз әуре-сарсаңымен өмір кешеді. Бар мәселесі өзінің айналасындағы жәйттар ғана. Ал егер бір парақ бетін қол салып, толтырып тастасаңыз сіз өркөкірек, эгоист, менменсіз. Мұндай жағдайда өзіңіздің құныңызды тым асырып жібермегеніңізге көз жеткізіңіз. Кішіпейіл болуға тырысып көріңіз. Мүмкін айналаңыздағы адамдар да сіздің назарыңызда болуды қалайтын шығар?
Адамдар
Ең бір қарапайым портрет – сопақ дене сызып, оған кішкентай сызықтар арқылы аяқ-қол жасайтын болсаңыз, сіз өзіңіздің жан-жағыңызға қорған болар адам іздейсіз. Қуыстанып, өз комплекстеріңізбен әуресіз. Ал егер адамның суретін кішкентай етіп салсаңыз – бл сіздің қорғансыз, еш қуаты жоқ, әлсіз екеніңіздің белгісі деуге болады. Ал адам суреті шынайылыққа жақын болса детальдарға көз жүгіртіңіз. Егер портрет салғанда адамның екі қолын алдына алып отырғанын салсаңыз – сіздің әлдекіммен жауласып жүргеніңізді анықтауға болады. Ал екі қолы артына тығылып тұрса мұндай адам қадалған жерінен қан алмай қоймайды деген сөз. Ал қол екі жақта салбырап тұрса өз өміріңіздің негізгі бағытын жоғалтып, адасып жүргеніңізді білдіреді. Енді адам келбетіне келейік, егер бет бөлігінің әр бөлігі нақтыланып салынса сіз үшін өзгелердің пікірі өте маңызды. Сырт келбетіңіздің ебедейсіз болып көрініп қалатынын үнемі ойлап жүресіз. Егер адамның құлағы үлкен болса өзгенің пікірін ести алатыныңыз, керісінше, кіші болса өзгелермен санаспайтын менменсіз.
Жүрекшелер
Жүрекшелерді сезімге мас адамдар көбірек салады. Олар өмірін, қоршаған ортасын шынымен де сүйеді. Бірақ мұнысын ол ешқашан да сыртқа шығарғысы келмейді. Оның себебін бірде өзгелердің назарға алмай қоюымен байланыстырса, ал бірде ешкімнің түсінбей қояды деп түсінеді. Мұндай адамдар өз эмоциясын ішіне сақтайтын болғандықтан бақытсыз болып жүреді.
Жұлдызшалар
Жұлдыздың суретін әрқашан да елдің алдында, басты назарда болғысы келетінде салады. Өзін біреулердің мойындағанын, мақтап, төбесін көкке тірегенін қалайды. Ал егер жұлдызшаның сәулелері көп болса адам депрессияға түсіп жүр деген сөз.
Үйшіктер
Үйді, терезесін, шатырын салатын адамдар өзінің табысын үнемі реттеп, үйін тазалықта ұстап жүретіндер. Жоспар құруға бейім тұратын адамдар өзінің мақсаты мен бағытын нақты біледі. Оларды тура жолынан тайдыру өте қиын.
Гүл мен күн
Егер гүл мен күнді қайта-қайта сала беретін болсаңыз өз өміріңіз өзіңізге ұнайды. Тұрақтылық пен тыныштықты қалайтындардың символы гүл мен күн. Сіз осы элементтерді салсаңыз үнемі көңілді, қуанышты адамсыз.
Айналма фигуралар
Толқын мен шеңберлерді салатын адамдар эмоционалдық жағынан қиындыққа душар болып жүр және шешім жасай алмайды. Бірақ өзгелердің қиындықтарына онша алаңдамайды. Өзін сынаған адамды жеккөріп кететін де қасиеті бар.
Геометриялық фигуралар
Шаршы, тіктөртбұрыш, ромб – бұларды шимайлап сызатындар алдына нақты мақсат қойған және соған жетуге қайтпас-қайсарлықпен ұмтылатын адамдар. Олар өздеріңнің әрбір жасаған қадамын бақылап, өзгелерге күмәнмен қарайды. Кейде бұл қасиет өмірдің рахатын сезінуге кедергі келтіреді. Сондықтан барлығын бірдей бақылап, қатал болудан да бір уақ демалып тұру керек.
Жануарлар
Сіз сол суретті салған кезде қандай көңіл-күйде болғаныңызды салған жануарыңыздан білуге болады. Қоян мен тиінді салсаңыз – өзгеден көмек, қорғаныш күтесіз, түлкі салсаңыз – қулық пен арамдықты ойлап отырғаныңыз, арыстан – өзіңізді маңызды ұстайтыныңыз. Басқа жануарларды олардың бала кездегі тыңдайтын ертегілердегі мінезі арқылы талдай берсеңіз болады.
Сандар
Мұндай суреттерді салатындар өмірде материалдық құндылықты бірінші орынға қоятындар. Жалақы сомасын, пәтер ақысын, қарыздарды ойлап жүргендер үнемі сандарды салып отырады екен.