Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҚЫНҒА БАРМА, АҚЫНҒА БАР...

ЖАҚЫНҒА БАРМА, АҚЫНҒА БАР...


Өзіміз ұстаз тұтқан Балашбек аға Шағыров ақын «Әбділда Тәжібаевтан бата алдым», – деп жиі айтып отыратын. Және «Жақынға барма, ақынға бар...» деп естелік-эссе жазғаны бар еді. Үстіміздегі жылы ақын Әбділда Тәжібаевтың туғанына 110 жыл толмақ. Соның қарсаңында естелік-эссені оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
(Редакциядан)
Мен бұл естелікті жазсам ба, жазбасам ба екен деп көп толғандым. Сонымен, міне кірісіп те кеттім. Ешкім де, ештеңе де ұмыт қалмауы тиіс. Мен өлеңдегі ұстазым Әбділдә Тәжібаев жөнінде «Бата» деген естелік-дастан жазған едім. Өлеңмен жазған соң ба, көп жері естелік-дастанға ілінбей қалды. Ал енді өлеңмен жазғаным да дұрыс болды. Себебі, қара сөзбен жеткізе алмаған естелігім, сезім әсерлерімді өлеңмен толғадым. Ертеректен бастап өз жүрегім «Ақынға бар» деп ылғи да маған билік-төрелік айтатын. Атақты Әбділдә Тәжібаевқа бірінші алғаш рет барғанымды дастан-естелік етіп жазғандықтан да ол туралы қара сөзбен қайталап тәптіштеп жазбайын деп отырмын.
Ол менің өмірімдегі елеулі жыл – 1977 жыл еді ғой. Мен Әбекеңнің ақ батасын алған алғашқы жыл мәңгі есте. Әбекең сол кездегі беделді «Лениншіл жас» газетіне менің бір топ өлеңдерімді «Алғы сөз» жазып бастырған. Содан бері 13 жыл уақыт өткен екен. Басқа бір пысықайлау адам болса арасын суытпай барып, Әбекеңді пайдаланып, кітабын шығарып алар еді. Мен тым ұзартып жібердім. Әбекеңе барамын деп жүрген екі ортадағы уақытта түрлі себеп те болды. Әсіресе бір үлкен жиенім менің «жақынға барма, ақынға бар» деген қағидамды өзгертіп, «сен ақынға барма, жақынға бар» – деді. Анау жақын туысың Әбіраш Жәмішев ақын, сыншы, әрі Жазушылар Одағының парткомы және ол баспаның директоры Әбілмәжін Жұмабаевпен бір класта, бір партада бірге оқыған. Бір-бірінің сөзін жерге тастамайды. Сен сол ағаларыңа барсаң шаруаң бітеді. Ақынды, Әбділдані қайтесің, ол кісі үлкен адам, ғылым докторы, ол кісіге өтінішпен адамдар көп келеді. Саған ол кісінің назары түсе ме, түспей ме? Оны қой да не де болса жақыныңа бар. Жақының жаны ашиды. Мен Әбірашқа баратын кезіңде телефон шалып айтып қоямын. Тек мынаны ескергейсің: – Алматының адамдары оның ішінде әсіресе ақын-жазушы халқы шыншыл келеді. Олардың алдында сыпайы, әдепті бол. Арнайы Сіз деп келдім, – де. Оларға қолпаш көрсете сөйлеуді де ұмытпа, ешуақытта ол кісілермен талас­па, тек «Сіз білесіз» деп сөйле, – деп біраз ақылын айтты. Мен мақұл дедім. Сондықтан Алматыға апаратын жеңіл-желпі балық, т.б. майда-шүйде базарлық алып, чемодан көтеріп, сәтті күні сомолетпен Алматы қайдасың деп тартып кеттім. Сенбі күні ол жаққа барыппын. Барысымен ескі «Ыстық» атты мейманханадан орын алдым. Одақта адам жоқ болып шықты. Вахтерден телефон нөмірін, үй адресін алдым. Кешкілік Әбіраш ағайдың үйіне телефон соғып жатырмын. Телефонды Зәйпін жеңгей алды. – Қош келдің, ағаң тау­­да, санаторийде жатыр еді, - деп, үйге кел, бағана түстен кейін Қызылордадан Тәнеш ағаң звандап еді, «сені бара жатыр» деп. Сол кісі айтқан дейді. Мен қуанып қалдым. Туысқан деген қандай жақсы, алып келе жатқан балығымды өзі берсе, күні бұрын қарсы алсаңдар десе, маған да ақылын айтса, бұдан артық не керек деймін.
Сонымен кешкілік сәлем-сауқатымды салған чемоданды арқалап Әбіраш ағайдың үйіне келдім. Жолдан келген адамның шаршайтыны белгілі, жеңгей бір оңаша бөлмеге көрпеше салып берді. Мен демалып жатырмын. Бір кезде үйдің ішіне өңкей бір ерлі-зайыпты азаматтар жиыла бастапты. Жеңгей қазан көтеріп, ет асып жатыр. Байқаймын жиылып жатқан ылғи бір қожа руынан менің туысқандарым болып шықты. Осының бәрі менің келу құрметім үшін жасалып жатыр ма деп мен ыңғайсызданып, қысылып отырдым. Түу, Алматыдағы туысқандар қалай ауызбірлікті деп қоямын ішімнен. Бір кездері ет жеп, бата бергеннен кейін бұл кісілердің неге жиналғаны белгілі болды. Осылардың ішінде Балтабай Табылдиев деген суретші бауырымыз тез үйленбекші болып жатыр екен. Бұл кісілер соған бола жиылған екен. Тойға кімдер шақырылады? Той қалай өтеді? Соның шаруасы екен, бәрінің де жеген қамы. Ертеңгісіне Балтабай осы мәліметтерді алып, Алатау санаторийіне бармақшы. Әбіраш ағамыз мені де ертең сол жерде күтетін болды. Ертеңіне тауға Әбіраш ағаға келдік. Әбекең елдің амандық-саулығын сұрап жатыр.
– Мәутай ағаның үй-іші аман ба? – дейді Әбекең.
– Аман, аман, - деп жатырмын мен.
Ол кісі менің шаруаларымды сұрап, жазғандарыңды екі-үш күнге маған тастап кет, – деді. Мен солай жасадым. Ойым жинақ шығару. Мен қайтадан өзім жатқан қонақ үйге келдім. Сөйтіп жүргенде бір аптадай уақыт та зулап өте шықты. Қонақ үйге осы үлкен шаһар Алматыдағы мені іздеп келетін адам ол Ибрагим Исаев. Ол: «Ту, Бәке, сіздей адам көрген жоқпын. Жан-жаққа шықпайсыз. «Жалынға» т.б. баспаларға бармайсыз ба?» – деп өкпе айтты.
-Ай, Ибрагим, айналайын бар айтқаның дұрыс. Бір туысқаныма арнайы келіп едім. Сол кісімен сөйлесіп алайын. Сосын сендерге бірыңғай шығамын ғой. Мен сендерсіз қайда барады дейсің, - деймін.
Сонымен екі-үш күн өткен соң мен Әбіраш ағаға бардым. Ағаны баспадағы сыйлас інісі Сағи Жиенбаевқа өтініш етіп мені жіберді. Олар маған біраз уәде беріп, мен ағаларыммен қоштасып, өзімнің бастапқы қонақ үйіме келдім тағы да.
Қолым босаған соң Ибрагим інімнің сөзін орындап, «Жалын» журналы альманағына келдім. Тура бас редактор Тұманбай Молдағалиевке кірдім. Тұманбай аға кең пейілді кісі екен: – Інім, кел, жақындап отыр, – деп жатыр. – Сен маған квартир сұрап келген жоқсың ғой, берірек отыр, – дейді аға. – Өзің ауырып жүрген жоқсың ба? Түрің боп-боз болып кетіпті ғой деп ағалық қамқорсып сөйлегені маған өте ұнады. Мен ағаға өлең жазатынымды. Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданынан келгенімді айттым.
–Інім, өлеңіңді оқы онда, – деді. Мен өлеңдерімді оқи бастадым. Аға тыңдай берді. Бір кездері баспаның басқа да жігіттерін телефонмен шақырып алды да: – Ауылдан ақын ініміз келген екен, өлеңдерін бірге тыңдайық, – деді ол. Бір кездері айналама қарасам Жаппар Өмірбеков, Жарасқан Әбдірашев т.б. ақындар қарап отыр екен. Мен өлеңімді оқи бердім. Бәрі риза болыс­ты. Рахметтерін айтып жатыр. Ең соңында өз кабинетінде қалған Тұманбай аға: – Ал, айналайын, елде жүрген ақын екенсің. Бұрын сенімен кездеспеген соң, біз сені қайдан білейік. «Көктем тынысы» деген жас ақындардың шыққалы жатқан жинағына енгізейік. Суретіңмен «Жалын» журналына бір топ өлеңдеріңді дайындап, жариялаймыз. Екі жұмысты да өзіңнің жерлесің Жарасқан Әбдірашевке берейін. Мен мұны інім, әрі қызметкерім Жарасқанға тапсырамын. Сен жерлесіңнің қолын қақпа, өзі ішінен таңдап, қалаған өлеңіңді алсын, ал Жарасқан жұмысқа кіріс, - деп келіп маған: - Бір келгенде осындай шаруа бітірсең жаман болмайды. Бір келгеннен жинағымды шығарып бермеді деп өкпелемессің. Бәріміз де осылай бастағанбыз. Журналға, ұжымдық жинаққа кіруден бастағанбыз. Елге сәлем айт. Келіп тұр, жазып тұр, жақсы,– деп қоштасып, мен елден келген ініңізбін ғой, бірге дәм-тұз татайық, – дедім. Тұманбай аға басын ала қашты. – Рахмет, інім, мен бір жаққа асығып бара жатыр едім, сен енді ол шайды ана жерлес ініңмен бірге ішерсіңдер, – деді. Сөйтті де қоштасып шығып кетті.
Айтпақшы мен Тұманбай ағаның кабинетіне ең алғаш кіріп, өлеңдер оқып болған бір сәтте аға: - Сен тірі ақындардан кімдерді көріп едің? – деді. Мен Шымкент қаласында үшінші курс оқып жүрген кезімде Төлеген Айбергеновті көргенімді, және ол кісімен бір түн бірге болып, өлең оқығанымды тілге тиек еттім. Тұманбай аға бірден: – Е, бәсе, сенің оқуың Төлеген Айбергенов сияқты ау бәсе! – деді. Мен бұған іштей өте қуанып қалдым. Төлеген Айбергенов өлеңді керемет, қатты оқитын және керемет жазатын ақын еді ғой. Демек, мен де өлеңді жаман оқымасам керек...
Тұманбай тапсырған шәй ішу шаруасын біз Жарасқан екеуміз реттедік. Сонымен мен жинаққа, журналға ендім. Менің сол жолғы Алматыға сапарымнан жақсы бір із қалды. Ал, Алматыға «Жақынға бар, ақынға барма» деген жиенім Тәнеш Оразовтың айтуынан барғанмен түк те шықпады. Туысқаным Әбіраш Жәмішев те, жерлесім Әбілмәжін Жұмабаев та еш нәрсе жасай алмады.
Қайта айдаладағы көлденеңді көк атты Тұманбай аға әкемдей қамқорлық жасап, жақсылық көрсетті. Мен Тұманбай ағаны үлкен ақын деп бағалаймын. Кішкентай кезімнен ол кісінің өлең-жырларын сүйюші едім. Өзімнің «Жақынға барма, ақынға бар» деген іштен жиі айтатын сөзімнің растығына сол жылы алғаш рет көзім жетіп еді. «Жақынға барма, ақынға бар» тек ақынды ақын ғана шынайы бағалайды. «Зердің қадірін зергер біледі» – деген сөз өте дұрыс деп түсіндім.
Маған осы сапардан кейін дұрыс ой түсе бастады. Мен ақын Әбділда Тәжібаевқа барайын, рахметімді айтайын дедім. Бұрын рас мен 1977 жылы ол кісінің алдында өлең оқып, «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш» газетіне ол кісі «Сәт сапар» берген болатын. Содан бері 13 жыл уақыт өтіпті. Менің өмірімде де үлкен өзгерістер болды. Үйлендім, балалы болдым. «Батамен ер көгегер» дегендей ақсақалдың батасымен көгердім. Енді Әбекеңе арнайы бір барайын, сәлем берейін, рахметімді айтайын дедім. Қасыма ел-жұрттан таңдап алған сұлуым Ләйләмді, төртінші балам қызым Ботамды ерітіп алып Алматы қайдасың деп тартып бердім. Тура ақынға барайын дедім. Баяғы батасын алғаннан кейін іле-шала баруым керек еді деп өзімді тілдеп те қоямын. Ертерек барғанда мүмкін Әбділда ақын біраз көмек көрсетер еді-ау. Кеш те болса нар-тәуекел дедім. Бірден Алматыдағы Интернационал көшесіне Әбділда ақынның үйіне түстік. Айтпақшы, көре берсең көсем боласың дегендей Алматыға көп барған соң, ол жаққа барудың да айла-тәсілін игеріп, кетерде ауылдағы шаруашылықтардағы таныс, силас бухгалтерлерден Алматыға 12 күндік жолдама «Алатау» туристік санаторийіне алып кеткен болатынмын. Жолдама екеу, біреуі өзіме, екіншісі әйелім мен қызыма. Әуелі соған барып орналасып, жеңілденіп алдық. Содан соң чемоданымды көтеріп Әбекеңнің үйіне келдік. Үйде Рүстем (Әбекеңнің баласы) бар екен. Ол: «Әбекең таудағы дачада» - деді. Ол да машинасымен менің бала-шағамды сонда апарды. Дача дегеніңіз таудың бойындағы айналасы алма бағымен қоршалған үй екен. Бізді Сара жеңгеміз және Әбекең қарсы алды. Емен-жарқын амандасып жатырмыз, бұрыннан таныс адамдардай. Әрине, арада 13 жыл өтіп кеткен. Мен бір ауық Әбекеңе осыдан 13 жыл бұрын үйіне келіп бата алғанымды, өлеңдерімді айттым. «Сәт сапармен» қазіргі «Жас Алаш» газетіне шыққанын. Сол «Сәт сапар» батасынан кейін үйленгенімді, қазір 4 баланың әкесі болғанымды т.б. бәрін айтып жатырмын. Мынау келіншегім, есімі Ләйлә, руы Табын, мынау кенже қызым Бота деп таныстырдым. Мынау ауылдан Сіздерге әкелген дәм дедім. Арнайы үйітіліп әкелген қойдың басын жеңгейге тапсырдым. Әбекеңе су жаңа костюм-шалбар кигіздім. Өзіміздің ауылдан әкелген сый, жөн-жоралғымды жасадым. Әбекең де емен-жарқын қарсы алды. Қызылордадан Тереңөзекті, бүкіл ауыл-елдің амандығын сұрап жатыр. Мен барлық жайды хал-қадірімше өзімнің білгенмді айтып жатырмын. Бәріміз бірге шайға отырдық. Шайдан кейін сөз арасында Әбекең екеуміз бір бөлек, біздің Ләйла мен Бота Әбекеңнің Сарасы өздерінше әйелдер боп бір бөлек әңгіме құрып кеттік. Әбекеңнің алдында үлкен екі жаққа ашылатын кеңседегі календарь күнделік жатыр. Соған менің аты-жөнімді, Ләйланың атын, қызым Ботаның есімін жазып қойды. Бұл мен үшін таңданарлық, үлгі алатын нәрсе болып көрінді. Мұндай күнделік жазбасы орыстың ақыны Александр Блокта жиі кездесетін. Сонда А.Блок күнделіктің бір жеріне Бүгін сонау алыс Рязань қаласынан бір сары алтын шашы бар бала келіп кетті. Маған өзінің жазған өлеңдерін көрсетті, оқыды. Өлеңдері керемет деп баға берген екен. Келген баланың аты-жөнін айтуды да ұмытпапты А.Блок ұлысы үміт күткендей ол баланың аты-жөні Сергей Есенин екен. Атақты А.Блокты Сергей Есенин осылай таңдандырған көрінеді. Мен Әбекеңнің жазып жатқан күнделігін көріп сол А.Блоктың жазбалары есіме түсіп кетті. Несі бар, бұлай ету үлкен ақындарға жарасады және солай болуы да өте орынды деп түйдім өзімше. Әбділда ақын маған да жаңа өлеңдерімді оқытты. Мен «Қымыз», «Бауыржан қайтқан күн», «Бауыржанмен кездесу», «Сұңғыла сұм» т.б. өлеңдерімді оқып бердім. Әбекең «Бауыржанмен кездесу» деген өлеңімді оқығанда «прямо ожил» деді орысшалап. «Бауыржанмен кездесуді» өте әсерлі жазғансың, бірақ ана бір Әбу Сәрсенбаев деп келетін жерлеріңді алып таста. Басы артық шумақтардың қажеті жоқ деді. Мен таласқаным жоқ. Бір әңгіменің ретінде «Әбеке анада бірінші рет сізге келгенімде сіз менің өлеңдерімді өте көп мақтап едіңіз. Енді бұл жолы ондай мақтау жоқ. Әлде менің өлеңдерім бұрынғыдан төмендеп кетті ме деген сұрағыма ол: «Балашбек, бірінші рет келгенде сені мен көп мақтадым. Солай ету керек болды. Сенің рухыңды көтеру ол кездегі менің парызым еді. Енді одан бері біраз жыл өтті. Енді мен талапты саған қатты қоямын. Бұрынғыдай сені бұл жолы көп мақтамаймын, себебі сол», – деді ақын аға.
Бәсе деймін, мен де әйтеуір бұрынғыдай қалпым жоқ, әсіресе «Қымыз» деген өлеңімді оқығанда Әбекеңнен өте бір мақтау күткенім рас еді, олай болмады. Қайта оның орнына әлгіндей жауап алдым. Келген кезде: «Шаруаңды айта отыр» деген Әбекеңнің сұрағына:
– Әбеке, еш шаруам жоқ. Бар шаруам сізге сәлем берген, аман екеніңізді біліп қайту, – дегем.
– Ой, Сара бұл бір жақсы бала екен, шаруасы, бізде жұмысы жоқ. Біздің үйге әдетте көбіне кісілер шаруамен, жұмыспен келетін, – деп мәз-мәйрам боп қалған, шаруасыз еш қамсыз бір отырайықшы.
Содан бір кездері... үйде әңгіме айтып отырып, Әбекеңнің өзі шұқылап сұрап қоймаған соң «Ия, аға, баспада «Ақжарма» атты өлеңдер жинағым жатыр», - дегем. Құдай қаласа алдағы жылы жарық көрмек дедім. Әбекең: Сара, бері қара, бұл жай келмеген бала ғой, баспада кітабы жатыр екен. Соның баспадан шығуыны жәрдем беруіміз керек, - деп дауыстады.
Сара жеңгей: - Иә, солай ма екен деп жатады.
– Мен жоқ Әбеке деп қызарып кеттім.
– Шаруам жоқ дегені жәй әншейін дипломатия ғой, сыпайылық қой бұл баланың жасырған шаруасы бар екен... дейді Әбекең.
Менің ішкі есебім... ойым осы еді. Оны қалай Әбекең біліп қойғанына аң таң қалдым. Әрі ұрлығы ұсталған жандай қызара түстім.
– Ой, қысылма, дейді Әбекең кітабыңның көлемі қанша еді?
– 2 баспа табақ.
– Ой, ол дегенің тым аз ғой, шамалы болса да көбейтпейсің бе? Редакторың кім? Қай баспадан?
– Жалын баспасынан шыққалы жатыр.
– Әбеке, редакторым Есенбай Дүйсенбаев.
– Таныс есім.
– Сол кісімен Сізге келер алдында ғана жолыққам. Жас болса келіп қалды ғой, 2 баспа табақ біз үшін тым аз деп өтініш айтып ем. Ренжіген Есенбай: «Бәрі бітті, ешкімде енді жоспарды өзгерте алмайды» – деді.
– Сенің, ағаң баспаның директоры ма? – деді Есенбай.
– Жоқ – деймін мен.
– Туған ағаң болса онда өзгерте алар. Ал ұстазың Әбділда Тәжібаев болса да баспаның жоспарын өзгерте алмайды, - деген.
Мен осы сөздің бәріне шұқшиып сұрап қоймаған соң Әбекеңе айтқам.
Әбекең: – Оттамасын. Оның бәрі әншейін нәрсе ғой. Біз басылымның ішкі жұмысын жақсы білеміз. Жоспар түгіл, кітап шыққанша өзгертуге болады, – деді.
Содан келесі үйіне соққанымда Әбекең маған тілдей қағаз хат жазып беріп:
– Мынаны «Жалын» баспасының бас директоры Қоғабайға апарып бер, – деді. Мен «записканы» қолыма алып, баспаға зыттым. Жолда тілдей қағазға не жазды екен Әбекең, деп қарадым. Жазылғаны мынау: «Қоғабай інім! Мына менің шәкіртім Балашбектің кітабын шығарып жатыр екенсіңдер. Оларыңа рахмет, бірақ оның көлемі тым аз ғой, бар болғаны 2 бас­па табақ. Жасы болса қырыққа келіп қалды. Ең болмаса соған 1 баспа табақ қоссаң жақсы болар еді. Жалынамын! Сәлеммен ағаң Әбділда Тәжібаев, 1990 жыл» – деп жазылыпты.
– Ойпырмай-ай, – дедім мен, қап, Әбекеңе обал жасаған екенмін. Соншама жасы кіші інісіне жалындырып ұят-ай... Сол кезде Әбекең алғаш рет келгенімде маған айтқан бір сөзі есіме түскені:
– Балашбек-ай сендер әлі күнге маған сүйенесіңдер ме, мен сендерді сүйеніш етем қартайғанымда десем деп күлдіріп айтқан. Сонда бір қысылып едім... Енді міне екінші рет шын қысылып кеттім. Бірақ амал жоқ. «Жақсы әке баласына қырық жыл азық болады» деген бар емес пе? Әбекеңе сүйеніш болуды емес сүйенуді мына біздің маңдайға жазса...
Сонымен, «Жалын» баспасының бас редакторы Қоғабай аға Сәрсекеевке Әбділда ағаның қолхатын тапсырдым. Қоғабай аға қолхатты оқып көріп отырды да, былай деді.
– Балашбек сенің кім екеніңді білсем де, қандай «ақын» екеніңді білмеймін. (Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қоғабай аға бізге газеттің жауапты хатшысының қызметі жөнінде лекция оқып, мен ол кезде аудандық газеттің жауапты хатшысы едім, мені Алматыға осы қызметім жөніндегі білімімді жетілдіру үшін оқуға жіберген). Әбділда Тәжібаев айтқан соң, сен үшін ғана емес, ағам Әбділда Тәжібаев үшін бір баспа табақ қосам деді. Сүйтті де Серікбай Оспанов деген қызметкерін шақырып мына Балашбектің шыққалы жатқан жинағына бір баспа табақ көлем қос – деді. Анау Серікбай мақұл деп есіктен шыға беріп еді, Қоғабай: - Әй, Серікбай тоқта, мақұл деп шығып бара жатқан Серікбайды тоқтатып: – Тоқта, Серікбай мені сендер мақұл деп құрттыңдар ғой, осыдан мына Балашбекке бір баспа табақ қосылмаса ісім сенімен болады деп қайталап қатты ескертті. Мақұл, деп Серікбай кабинеттен шығып кетті.
Мен Қоғабай ағаға рахметімді айттым. Қоғабай аға Әбекеңнің жағдайын сұрап, сәлем айтты. «Ол кісіге сәлем айт, жұмыс басты боп соға алмай жатырмын. Әбекеңе сәлем беріп өзім кейін кіріп шығамын», – деді.
Мен қош айтысып шығып кеттім. Қоғабай ағаның Әбділда Тәжібаев ағасыне анық сыйлайтыны әрбір сөзінен көрініп тұрды. Мен оның азаматтығына дән риза болдым.
Әбекеңнің үйіне келген соң болған жайдың бәрін баяндадым. Қоғабай аға бір баспа табақ көлем қосты. Енді менің «Ақжарма» атты кітабым үш баспа табақ көлеммен шығатын болды», – деп қуандым. Әбекең де қуанып жатыр.
– Өлеңдерің тағы бар ма еді? – дейді аға.
– Әбеке, менде өлең деген жетеді, – деймін мақтанышпен.
– Неге онда бір 2 баспа табақ қоспадың, – дейді Әбекең.
– Менің атымнан қоса бермедің бе?
– Ойпырмай, қайда ондай Әбеке, Сіз бір баспа табақ қостырғанның өзіне жүрегім жарыла қуанды емес пе? Ондай ой келмек түгілі қанағат деймін. Осыған да рахмет. Бұл да Сіздің арқаңызда болып жатыр, - деймін. Мен Әбекең ұстазыма шын риза болдым.
Әбекеңнің кейбір айтқандары есімнен шығар емес. Алматыда республикалық ақындар айтысы өтіп жатқан. Күндіз көбіне мен сонда болам. Оған біздің облыстан Мұхаметқали Тұрсанов, Замаддин, Лена, Серік т.б. ақындар қатысып, айтысты. Айтысқа кіруге билет жоқ. Айтыс Мұхтар Әуезов атындағы драма театрда өтті. Бізге билет те, орын да жоқ. Бір жақсы жері театрдың алдында үлкен бір радио репродукторы бар. Ішіндегі өтіп жатқан айтыстың бәрін содан сыртқа беріп тұрды. Менің құмарлығым сондай, ішіндегі өтіп жатқан айтысты сырттағы радиодан бірнеше сағаттар бойы тапжылмай тыңдадым. Маған айтыскер ақындардың түрінің қажеті жоқ, сөзі керегі. Әуелгі кезде ішке кіре алмағандар маған серік болды. Бірақ, шамалыдан кейін олардың бәрі кетеді. Себебі олар мендей айтысқа ынтық, құмар емес қой...
Радионың қасында жалғыз өзім қалам. Алғашқы бір-екі жұптан кейін жалғыз отырған маған театр есігінің алдындағы күзетшінің көзі түседі де, менің сөз өнеріне шын ғашық адам екеніме көзі жеткен соң «Ішке кіріңіз» деп өтініш жасайды. Мен бұл ұсынысты аса қуанышпен қарсы аламын. Кейде зал жағынан орын тимей, тура айтыс өтіп жатқан төрдегі айтыс декорациясының артқы тасасында тұрамын. Айтысып жатқан ақындар дәл менің қасымда, қол созымдай жерде ғана отырып айтысып жатады. Бірде мен өзіміздің жойқын ақынымыз Мұхаметқали Тұрсанов пен оңтүстіктің атақты Әселхан Қалыбекованың айтысының куәсі болдым. Айтысты жасы үлкен болған соң ба Мұхаметқали бастаған. Ол Аралдың жағдайын айтып, жұрттың бәрінің көмек беріп жатқанын тілге тиек ете келіп, «сен ақыным Әселхан қайда жүрсің?» деді.
Әселхан: Шақырсаң менде Аралға келер едім,
Бұлт болып аспаннан төнер едім.
Менің қолымда не тұр осы дейсің аға,
Нөсер боп Аралыңа төгер едім, - дегенде зал түгел тұрып қол соққаны есімде. Шын ақынға дауа жоқ екен. Сол сәттен бастап-ақ, Әселханның әрбір сөзі үстем боп, қалың көпшілік қол соғып отырды. Әселхан сөйтіп біздің Сырдың азулы ақыны Мұхаметқалиды жеңіп кетті. Неше түрлі сөздің құдыретті ләззатына баттым ғой сол күндері. Ғажап болды.
Айтыстар кеш аяқталады. Түнгі сағат 11-12-ге дейін созылады. Мен әр күні айтыс аяқталған соң өзімнің «Алатау» қонақ үйіме ораламын. Сөйтіп, қызыққа батып жүргенде бір күні Әбекеңе келем деген күні таң ертеңгісін келе алмай, ертеңіне келіппін. Әбекеңе айтыс жөнінде көрген-білгенді айтып жатырмын.
Бірде Әбекең «Түу Балашбек, жасың болса қырыққа келді. Осы ырду-дырду жүрісті қашан қоясың, одан да шаруаңды ойласаңшы» деді. Айтыс саған не береді? Ана кітабыңды шығар. Баяғыдан бері көрген қызығың да жетеді ғой деді. Енді шаруа ойлайтын кезге жеттің емес пе? Басыңа пайдасы жоқ нәрсенің қажеті қанша? – деп ұрысты.
Мен ақынның әрбір сөзінен оның баласына әкесінің айтатын қамқорлығын, жүрек жылуын сезіндім. Сездім де үндегенім жоқ. Менің қарсы алдымда ұлы ақын емес, жай ғана баласына жаны ашитын қамқор әке отырғандай болды. Мен Әбекеңнен ондай сөздерді күткен жоқ едім. Қайта менің сөз өнеріне деген ерек ықыласыма дән риза болатын шығар деп едім. Қайта түн ішінде такси іздеп сабылып, басың салбырап қонақ үйіне келгеннің несі жөн? Алматы ауыл емес, түнде бір бұзық өлтіріп кетсе не етесің? деген сөз естідім. Бұл шын жанашырлық сөз екенін ұқтым. Бірақ, бұл қыран баласын қияға ұшыратын тәсіл емес деп Әбекеңмен іштей келісе алмадым.
Әбекеңе бір соққанымда былай деді: – Балашбек, сенің мынау мен жөнінде жазған естелік дастаныңды оқыдым, өте керемет жазған екенсің. Тіпті, Мұқағалиша сілтепсің. Жаман ағаңды жарбитып қатты мақтап жіберген екенсің. Қол-аяғымды жерге тигізбей аспандатып жіберіпсің ғой. Сәл аспаннан жерге де түс. Өлеңіңнің артық-кем жолдары, шумақтары да жоқ емес, соны ескерерсің, – деді. Және осы айтқан пікірімнің мәтінін қол жазбаңның сыртқы бетіне жазып қойғанмын деп маған көрсетті.
– Ой, Әбеке, мұның керегі не деген маған.
– Бұл айтқаныма ешкім сенбейтін де кез болады ертең. Сен сонда мына менің жазған пікірімді көрсетесің, – деді. Мен саған риза болған соң бұл ойымды әдейі жаздым. Өкінішке орай осы кезде Әбекеңнің сол «Бата» атты естелік дастаныма берген баға сөзін жоғалтып алып, қолға сақтай алмағаныма өкініп жүрмін. Әбекеңнің айтқаны келді. Енді Әбекең осылай деген десем, жұрт сене ме сенбей ме?
Документ, түпнұсқа керек екен.

***
Қазіргі кезде менде Әбекеңнің өз қолымен жазған Әбекеңнің менің Қазақстан Жазушылар Одағына мүшелікке өтуге берген кепілдемесі ғана бар. Бұл нәрсе Әбекеңнің өз қолымен жазылған соң ба мен үшін өте ыстық, қымбат дүние. Мен үшін қазіргі үйімдегі қымбат та қасиетті нәрсе осы. Атақты Мұқағали ағаның өзі мойындаған, жыр арнаған. Әбекеңнің кезіндегі барлық айтқан сөздері мен батасы да, кепілдемесі маған үлкен рухани қуат, жаныма азық болып күш-қайрат беріп келеді. Міне, сол Әбекеңнің маған берген әйгілі кепілдемесі.
Қандай шыншыл, қандай менің дәл менің жан-дүниемді, барлық шығармашылығымды керемет түсінген. Сол кепілдемені осы естелікке түгел келтіріп кетуді жөн көрдім. Ол мынау.
Кепілдеме, 15.08.1990 жыл. Қазақстанның Халық Жазушысы Әбділда Тәжібаев деп қол қойған.
Осы кепілдемедегі «Балашбек есін білгелі қалың қазақтан іргесін айырмаған, мұғалім болып істеуден қол үзбеген. Солай еңбектеніп жүріп өзінің ақындық талантын дамыта білген қайраткер» деген шынайы бағасы мені тәнті етеді... Соны Әбекең қалай сезген, қалай бағалаған. Ал, ақындықтың ауыр жұмыс екенін өзі бір өлеңінде:
Ақындық ауыр еңбек түсінгенге,
Тас жарып, тау қопарған ісіңнен де.
Жалғызсың, жәрдем сұрап ала алмайсың,
Ең жақын, ең жанашыр кісіңнен де, – демей ме? Алла менің бір басыма осы екі ұстаздық пен ақындықты салыпты. Көп жылдар осы екі оттың арасында қалғаным, арпалысқаным рас! Осыны ұстаз Әбділда ақынның сезгеніне, білгеніне қуанамын, оған дән ризамын. Ол кісінің топырағы торқа, жаны жәннатта болғай. Мен Алладан осыны тілеймін.
Бұл еліміз егемендік алған алғашқы жылдары еді. Бірде Әбекеңнің саяжайында оңаша әңгімелесіп отырдық. Әбекең: «Біз тіл туралы сөйлегенде, шешім қабылдағанда өте сақ болуымыз керек» – деді. Әңгімесінің арасында: «біздің халық сан жағынан өте аз ғой. Мысалы қазір далада екеуміз ғана отырмыз. Екеуміздің кімге әліміз келеді. Бұл жерде Алматыда орыс ағайындардың саны көп. Біздің әрқайсысымызға 7-8 адамнан келеді. Сондықтан біз бұл жерде, әсіресе саясатта өте бір білімділік керек, оны жақсы жүргізе білуіміз керек. Қазір еш айқайдың қажеті жоқ». Мен дұрыс айтасыз деп басымды изедім. Ағаның айтқаны өте орынды.

***
– Бері кел, Балашбек, – деді Әбекең бірде мына жеңгең Сараның көмген табадан шыққан ыстық нанын жейік. Мен «рахмет, аға!» – деп сыпайылық білдірдім.
– Жоқ, сен бері кел, бұл өте жақсы пісірілген нан, – деді Әбекең. – Саған мұндай нанды ауылда кім пісіреді. Бұл өзгеше нан. Ортасын жарып, ет пен капуста салып тұрып пісірген. Иісі қандай? Тәтті нан.
Әбекең сол нанды маған жегізді. Шынында да табаға салған қамырдың арасына ет, капуста қосып пісірсе өте дәмді болады екен. Мен ондай керемет дәмді өмірімде жемеген екем.

***
Сол кездегі Сара жеңгейдің пісірген нанының дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді. Топырағы торқа болсын жеңгемнің.
Бірде Әбекең тауға қарап ренжіп отыр екен. Не болды Әбеке? – деп едім. – Балашбек қазір күн ашық болса да қуанатын жасқа да жеттік қой. Анау болса (өз баласын айтып отыр) тауда бір кино түсіріп жатыр еді. Сол баланың жұмысы жүрмей қалды-ау, – деп күн бұлттанғанға ренжіп отырғанмын. Қай баласы екенін айтып еді, есімде қалмапты. Шамасы Рүстем болуы керек. Киносының атын да айтып еді, ұмыттым.
Бізде қазір үлкейдік. Жетпіске жақын келдік. Енді Әбекеңнің басындағы жағдай біздің де басымызға түсті. Балам Мұрат машинамен кешіксе болды, Әбекеңе ұқсап отырғанымыз. Сол кезде Әбекеңнің сол айтқан сөздерінің құдіреті, он есе арта түседі. Әбекең ұлы ақын болумен бірге, ұлы үлкен әке де болған болу керек...

***
Әбекеңнің мына бір айтқан көздері де еске түседі. «Ол кезде қазақтың суырып салма айтыс ақындарын көтеру керек болды» деген сөздері.
«Ауылдан, республиканың түкпір-түкпірінен ақындар іздедік. Жамбылды, Нартайды, Нұрпейісті, Шашубайды таптық. Тіпті, олардың кейбіріне хатшы болдық. Өлеңді жазып та бердік» деген.
Әсіресе бұл жөнінде Жамбылға, Нартайға көп қызмет еткенін айтты. Мен бір түрлі болып қалдым. Менің ойымда Жамбыл да, Нартай да ақындығы асқан Алатаудай биік еді. Сол сәл-пәл төмен түскендей болды. Маған аға бір түрлі өзін өте көтеріп, мақтанып отырғандай көрінді. Тіпті, Әбділда сондай ірі таланттарды қолдан жасағандай көрінді. Бұл маған тіпті артық секілденіп, сол кездегі ауылдағы жағдайлар есіме түссе де, өзіме-өзім сабырға шақырғандай көріндім.
«Несі бар, дейді ішімнен бір дауыс!». «Жақаевшылар, Стахановшылар» деген қозғалыстар өмірде, тарихта болған жоқ па!
Бір кездегі Қызылорда облысын да есіңе алшы. Онда нелер болып еді? Бір кездері өзіңнің нағашың Абат Сүлейменов гектарынан 100 центнерден артық өнім алып, атағы шыққан жоқ па? Сонда не істеді? Абаттың күрішіне көрші күрішшісінің өнімін қосып, қолдап «батыр» жасаған жоқ па? Әрине, олай ету үшін қисын да болу керек. Ол кісінің ерен еңбегі болуы қажет еді ғой. Бұл да сондай нәрсе. Әбекеңнің айтқанына сену керек. Өлеңде де сондай жағдайлар болған сияқты. Балашбек, оның несіне ренжисің, тап соған ұқсас жайт...
Оны әдебиетте тек бізге Әбекең (Әбділда Тәжібаев) ғана айтып отыр. Әдебиетшілер, сыншылар ол туралы әлі айтқан жоқ деймін өзіме-өзім. Шын сөзді сол жоғарғы әңгімелер растайды емес пе?

***
Бірде Әбекең: – Теледидардан әне бір қожа баланың әңгімесін естідің бе? – деді маған. Мен естімегенімді айттым.
– Бекер болған, көруің керек еді! – деді Әбекең.
– Қожа балаңыз кім?
– Ана бір Асқар Сүлейменов деген бала.
– Иә, дедім мен... Білем...
– Білсең сол Асқар Сүлейменов Иранбек Оразбаев дегенмен сөйлесіп, сөздерінде Нартайды мақтайды.
– Не?
– Қазір Нартайдай нар тұлғалы таланттар жоқ деп мақтайды.
– Сондағы олардың мақтайтыны:
Арнасы бар өзі жоқ,
Баяғы боран айқайдың дағы:
«Боран, айқай» деген сөз тіркесі «құдірет, бұндай бейнелі тіркес сөзі қазіргі ақындардың аузына түспейді» – дейді.
– Үйде отырып теледидардан оларды көріп отырған мен Әбділда Тәжібаев, құдай тас төбелеріңнен ұрсын, сол «боран, айқайды» жазып берген мен тірі отырмын ғой сендерді көріп, – деймін. Оларға:
Арнасы бар өзі жоқ,
Баяғы боран айқайдың, – деймін дауыстап.
Мен (Әбділда) Әбекеңе Нартай Бекежановты өмірімде бір-ақ рет көргенімді, сонда сол кісі осы өлеңді сахнадан гармонмен айтып бергенін айттым.
– Жоқ, олай болуы мүмкін емес, – деді Әбекең.
– Ол қай жыл? – деді.
Мен есіме түсіре алмадым, жылын ұмыттым. Есімде тек әлгі өлең жолдары жатталып қалған екен.
– Бұл өлеңді түгелімен Нартайға мен жазып берген едім, – деді Әбекең.
Мен аң-таң қалдым. Сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Тек осы әңгіменің екеуміздің арамызда болғанына имандай сенем. Сондықтан естелігіме шын жазып отырмын.Шындық бәрі­нен де қымбат қой.
Алла қазір ортамызда жоқ, марқұм болған Әбділда Тәжібайұлының да иманын жолдас етсін. Жаны жәннатта, пейіште болсын.
Мен бұл жөніндегі өз пайымымда «Өздерің білер Нартаймын» деген естелігімде жазғанмын. Сондықтан оны тағы да қайталауды жөн көрмедім.

Балашбек ШАҒЫРҰЛЫ,
30.03.2006 жыл, Тереңөзек кенті.
15 ақпан 2019 ж. 876 0