Әскери-патриоттық жастар жиыны қорытындыланды

- «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны жыл сайын дәстүрлі түрде жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Бұл – жасөспірімдердің патриоттық рухын оятып, әскери дайындық пен тәртіпке баулитын маңызды алаң. Қызылорда облысынан қатысқан командалар әр жылдары үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Биылғы көрсеткіш те жаман емес – «Сыр айбыны» командасы барлық кезеңдерден сүрінбей өтіп, төртінші орынды иеленді. Бұл – үлкен еңбек пен дайындықтың жемісі. Алдағы уақытта да жас сарбаздарымыз бұдан да жоғары нәтижеге жететініне сенімдімін, – деді Жасұлан Нұрланбекұлы.
- Осындай деңгейдегі жарыстардың маңызы өте зор. Бұл – жастарды отансүйгіштікке, тәртіпке, ұйымшылдыққа тәрбиелейтін, олардың бойында жауынгерлік рухты қалыптастыратын бірегей алаң. «Айбын» жиынына дайындық жұмыстары сайыс басталады дегеннен-ақ қолға алынды. Команданың әрбір мүшесі жауапкершілікпен қарап, тынымсыз дайындалды. Нәтижесінде, «Сыр айбындары» командасы әскери кросс жарысында жалпыкомандалық есепте 3-орынға ие болды. Жастарымыздың бойындағы ерік-жігер мен намыс бізге келешекте бұдан да биік белестерді бағындыруға сенім береді, – деді Жасұлан Бақытжанұлы.
Ал автомат шашу жарысында жерлесіміз Расул Ниетулла шапшаңдық танытып, 60 қатысушының ішінен бірінші орынды иеленді. «Болашақта өрт сөндіруші болғым келеді», – дейді жас сарбаз.
– Бұл жарысқа үлкен жауапкершілікпен дайындалдым. Әр жаттығуда шапшаңдыққа мән бердік. Қарсыластар осал болмады, бірақ өзіме сенімді болдым. 60 қатысушының ішінен топ жарып, бірінші орын алғаныма қуаныштымын. Бұл - мен үшін үлкен тәжірибе. Болашақта өрт сөндіруші болғым келеді. Елге, халыққа пайдасы тиетін мамандық иесі болу арманым, – деді Расул Ниетулла.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі