Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛА ҚАЛАУЫ ҚАНША ТҰРАДЫ?

БАЛА ҚАЛАУЫ ҚАНША ТҰРАДЫ?


КҮНДЕЛІКТІ ЖҰМЫСТАН ҚАЙТҚАН УАҚЫТТА ДҮКЕН АРАЛАҒАН ҚЫЗКЕЛІНШЕКТІ КӨРІП ЖҮРМІЗ. БАР ОЙЫ ҮЙІНЕ БАРҒАНДА АЛДЫНАН ЖҮГІРІП ШЫҒАТЫН БАЛАСЫНА ТӘТТІ АЛУДЫ МАҚСАТ ТҰТАДЫ. ӘРКЕЗ БАЛАНЫҢ ҚАЛАУЫ ТҮРЛІ БАҒЫТТА ӨЗГЕРІП ОТЫРАТЫНЫ БЕЛГІЛІ. ОСЫ РЕТТЕ БІЗ БАЛА ҚАЛАУЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРА АЛАТЫН КҮН САЙЫНҒЫ ҚАРАЖАТ ЕСЕБІН ТАРАЗЫ ӨЛШЕМІНЕ САЛЫП, ШЫҒЫН КӨЛЕМІН ЕСЕПТЕП КӨРУГЕ ҰМТЫЛДЫҚ.
Аптаның сейсенбісі. Көше бойында жағалай азық-түлік дүкені орналасқан. Жанымда екі жастан енді асқан бүлдіршін бар. Негізгі ойымызды жүзеге асыру мақсатында дүкенге атбасын бұрдық. Сәнді ойыншық пен тәттіні көрген балақайдың қуанышында шек жоқ. Өз еркіне қоя бергенім сол еді қапталдағы сөреде тұрған қуыршақты қолына алды. Артынша сатушыға қарап, чупа чупс беруді меңзеді. Одан сайын өзін еркін сезіне бастаған бүлдіршін бірсәт жеміс-жидек тұрған қораптарға қарай бұрылды. Кенет анасы:
–Арасында банан алып беретінім бар, – деді. Сатушымен тіл табыса кеткен бүлдіршін әдетінен жанылмай сүйікті қалауы сағызды алып, қалтасына салды. Осылайша біршама уақыт ішінде бүлдіршін қалауын қанағаттандыру үшін мың теңгеге жуық қаражат жұмсадық. Өз кезегінде сатушыдан күнделікті баланың тұтынатын тауары қандай екенін сұрадық. Кез-келген ата-ана баласына чипсы, сағыз, чупа чупс, банан, алма, йогурт, шоколад секілді тағам түрін алып береді екен. Бұдан бөлек ер балаға машина, қыз балаға қуыршақты қосуды ұмытып кетпеңіз.
Тарызының бергі басына салмақ салып тұрған бүлдіршін кейіпкеріміз Ғайнидың ата-анасы кенттегі жас отбасы. Ербол мен Жұлдыздың шаңырақ көтергеніне биыл төрт жылға жуықтады. Бұлар тұла бойы тұңғышына күн сайын қалауынша кез-келген дүниені алып береді. Жас ана қызына бір айда кететін шығынды айтқанда азкем ойланып қалдық. Орта есеппен Ғайнидың қалауына ай сайын 10 мың теңге жұмсалады екен. Оның ішіне күнделікті бір мезгіл ішетін айран мен жеміс-жидекті, тағы басқа керекті дүниені жатқызамыз.
Әр отбасында Ғайни секілді қиғылық салатын бірнеше баланың бар болуы бек мүмкін. Әрқайсысына ата-ана жоғарыда аталған дүниені алып беретіні айдан анық. Ендеше, көпшіліктің назарынан тыс қалмайтын мәселенің мәйегі бір жақты шешімін табу үшін баланы ата-ана тарапынан шектеуге әкеп соқтырады. Мұндай қадамға бару шығынды азайтуға себепкер болса игі деген оймен келе жатқан бетім. Қарсы қапталда баласын жетектеген және бір келіншек келе жатты. Әлденеге көңілі толмаған бала томсырайып анасының жетегіне көнбей келе жатқандығы аңғарылады. Оның да дүкенге соқпай үйге барғысы жоқ. Ақыры анасы ұлын жетектеп дүкенге кірді. Маған қызық жағдай – бұл баланың қалауы не екен?

Б.ОРДАБЕКОВ
03 ақпан 2019 ж. 811 0