Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада цемент шығады

Қызылордада цемент шығады

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық телекөпір барысында қуаттылығы жылына 1 млн.тонна болатын цемент зауытын іске қосу және "Қараөзек" станциясынан "Сарыарқа"магистральды газ құбырының құрылысын бастау рәсімі өтті.
Тікелей байланыс арқылы "Гежуба Шиелі Цемент компаниясы" ЖШС бас директоры Ли Цзиньцин Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа тампонажды цемент шығаратын зауыт құрылысының аяқталғанын баяндады. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы телекөпір аясында кәсіпорын құрылысы басталған болатын.
"Біздің кәсіпорын Қазақстанда қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуалдың жемісі. Бүкіл әлем инвестициялар мен технологияларды  тарту жолындағы Сіздің еңбегіңізді жақсы біледі. Біздің жоба Қазақстан-Қытай серіктестігінің нәтижесі"- деді Ли Цзиньцин мырза.
Мемлекет басшысы кәсіпорын жұмысына табыс тіледі.
Естеріңізге салайық, зауыт жылына 1 млн.тонна цемент өндіреді. Нысанда 260 жаңа жұмыс орны ашылды. Жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру мақсатында Қытай еліндегі зауытта 48 адам арнайы оқудан өтті. Сондай-ақ, қытайлық инвесторлар Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің базасында жергілікті жастар арасынан 80 маман даярлауда.
Айта кетейік, аталмыш жоба өндірістік қуаттарды тасымалдау бойынша 51 бірлескен Қазақстан-Қытай жобасының тізіміне кіреді. Бас мердігер  "Чайна Триумф Интернэншл" инженерлік жобаларды басқару және инженерлік бас мердігер ТОП-50 кәсіпорынға кіреді. Зауыт өнімі – тампонажды цемент құрылыс, мұнай-газ және уран өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.
 Зауытты іске қосу (цементке арналған қаптар, асфальтбетонға арналған минералды шаң шығаратын) шағын және орта кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ телекөпір аясында "Сарыарқа"магистральды газ құбыры жобасының  1-кезеңі басталды. Айта кетейік, Мемлекет басшысы бес әлеуметтік бастама аясында еліміздің орталық және солтүстік бөлігін газдандыру жобасын жүзеге асыру қажеттілігі туралы айтқан болатын. Магистральды газ құбыры Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша өтеді. Газ құбыры жылына 2,2 млрд.текше метр газ өткізу мүмкіндігіне ие, ұзындығы 1061 км құрайды. Бұл жобаны жүзеге асыру 2 миллион 700 мың қазақстандықты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру аясында Жезқазған, Қарағанды, Теміртау және Астана қалаларында автоматты газ тарату станциялары салынады. Аталған қалаларда магистральдық газ құбырын салумен қатар, жергілікті бюджет есебінен көгілдір отын тарату желілерінің құрылысы жүргізілетін болады. Жобаның табиғи көріністегі қуаты: жылына 3,6 млрд.м3. Құрылыс барысында 1690 жұмыс орны, іске қосылған соң - 194 жұмыс орны құрылады.
Осылайша, еліміздің солтүстік өңірлерін газдандыру жобасы Қызылорда облысынан ("Қараөзек" газ компрессорлық станциясы) бастау алды.
11 желтоқсан 2018 ж. 814 0