ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қазан айындағы Жолдауы – қазақ көшбасшысының көрегендігін кезекті рет көрсетті. Бұрынғы Жолдауларында елді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғыртуға күш салған болса, енді Қазақстан азаматтарының тұрмыс-ахуалын арттыруды көздеген әлеуметтік шаралар жасау тұрғысындағы мақсаттарды белгілеп отыр. Осының өзімен Қазақстанның көшбасшысы мемлекеттік саясаттағы ең басты капитал – адам екендігіне көзі жеткен экономикалық және саяси жетілудің шыңынан көрінеді. Жолдауда атап көрсетіліп, Үкіметке тапсырма ретінде берілген – білім және денсаулық сақтау саласын жетілдіру, еңбекақыны көбейту, халық табысын арттыру, мемлекеттік қызмет көрсетулердің жақсаруы – міне, адам капиталын инвестициялауға жасалған осы шаралардың бәрі қазақстандықтардың өмір сапасының артуына кепіл болары сөзсіз.
Бұған қоса Жолдауда отбасы мен жастар мәселесі, табыс табу деңгейі, жолдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, шағын бизнесті қолдау, әлеуметтік саланы дамыту, сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту, ауыл шаруашылығы мен экология сияқты өзекті мәселелер қозғалған. Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылғы Жолдауында еліміздің тірегі – жастар мәселесіне жете мән бергендігімен аса маңызды деп санаймын. Қоғамның даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастар екендігі ақиқат дүние. Жоғары оқу орындарында мамандық алып шыққан жастардың өз мамандығы бойынша жұмысқа тұрып, елімізге қызмет етуі мәселесі қоғамның даму тенденциясын анықтайтын фактор екендігіне зор мағына берілген. Оқу бітіруші түлектердің мамандықтарына сәйкес жұмыс істеуінің әлеуметтік-экономикалық астары түптеп келгенде еліміздің даму индексін анықтайды. Білікті маман шығару және оны жұмыспен қамтамасыз ету білім беруші және жұмыс ұсынушы мекеме арасындағы байланысқа жаңаша сипат беретін болады. Экономикалық аспектіде еліміздің өркендеп даму стратегиясы жүзеге асатын болса, ал әлеуметтік тұрғыда жас маманның жақсы өмір сүру қағидаттары орындалатын болады. Кәсіби шеберлігі шыңдалған маман қоғамымыздың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Елбасының Жолдауы жоғары оқу орны саласында қызмет ететін педагогтарға тың серпіліс әкеліп, жаңа форматта маман даярлау және оның жұмысқа қабылдану траекториясын айқындаудағы басты бағдарды көрсетті. Сапалы білім беріп, жоғарғы оқу орнында оқып, кәсіби маман болуға мүмкіндік берген мемлекетке, алдағы уақытта тынбай еңбек етеді, – деген сенімдемін. Осының бәрі көрсетілген Жолдау қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырудың жаһандық стратегиясын білдіреді деп нық сеніммен айтуға болады.
Гүлмира АЛАШБАЕВА,
аудандық Қазынашылық
басқармасының бас мамамы