МӘМС: ҚОРДЫҢ ИГІЛІКТЕРІ МЕН МҮМКІНДІКТЕРІ
Жақында әлеуметтік медициналық сақтандыруға байланысты семинар өтті. Семинарға «әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы А.Рахымов, аудандағы мекеме қызметкерлері қатысты. Шарада МӘМС жайлы толық түсінік беріліп, оның пайдалы жақтары талқыланып, бұл жүйенің қалай жұмыс жасайтыны айтылды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» 2016 жылы құрылды. Қор негізінен комерциялық емес акционерлік қоғам. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері ол Қазақстан Республикасының Үкіметі болып белгіленген. Қор кепілді тегін медициналық көмектің пакетінің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қаржы операторы болып табылады. ҚР Үкіметі белгілеген мөлшерде медициналық көмекті сатып ала алады. Қорға жарналар аудару 2017 жылдың 1 шілдесінен басталды. Облыс бойынша филиал осы кезеңде құрылды. Қордың филиалымен кепілді тегін медициналық көмектің (әрі қарай – КТМК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (әрі қарай – МӘМС) аясында облыста тіркелген әлеуетті өнім берушілердің деректері базасы құрылған. Шара барысында өткен 8 айдың қорытындысы да айтылды. Бүгінгі күнде аталған деректер базасында 85 медициналық ұйым тіркелген, оның 52-сі (61,1%) жеке медициналық ұйымдар болса, 33-і (38,8%) мемлекеттік медициналық ұйымдар. Қазіргі таңда филиал 65 медициналық ұйыммен келісімшарт жасасқан, оның ішінде 35-і жеке медициналық ұйым болса, 30-ы мемлекеттік медициналық ұйым. 2019 жылы медицина саласындағы әлеуетті өнім берушілердің саны 7 пайызға дейін көбейеді деген болжам бар. Қор күнделікті медициналық қызмет көрсету сапасын басқарудың электрондық жүйесі арқылы стационарлы және стационарға ауыстырылатын медициналық көмек көрсетушілерді бақылайды. Ағымдағы жылдың 8 айында 65 медициналық ұйым облыстың 125 010 тұрғынына ем көрсеткен.
МӘМС азаматтарға өз еркі бойынша медициналық ұйымды, оның ішінде жалғыз мемлекеттік емес басқа да жеке ұйымдарды таңдауға мүмкіндік береді. Ол үшін тіркеу аймағы маңызды емес. Жыл сайын 15 қыркүйек пен 15 қараша айлары аралығында тұрғындарды емханаларға тіркеу науқаны аясында облыстың әрбір тұрғыны емхананы таңдау құқығын пайдаланады. Өткен жылы облыстың 18 мыңға жуық тұрғыны емхананы таңдау құқығын пайдаланған.
Науқанның мақсаты – ол тұрғындарға өз қалауы бойынша емхананы ауыстыру және алғашқы медико-санитарлық көмекке (әрі қарай – АМСК) арналған мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде қатысу құқығын пайдалану болып табылады. Тұрғындарды емханаларға тіркеу науқаны тек денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында тіркелген медициналық ұйымдар арасында жүргізіледі. Аталған деректер базасы қордың сайтында орналасқан.
Таңдаған емханаға былай тіркелуге болады: бірінші нұсқа – ол үшін тек жеке куәлік пен емхана бас дәрігеріне арыз жазу қажет, ешқандай мекен-жай туралы анықтама қажет емес. Екінші нұсқа – egov.kz сайты арқылы емхананы таңдау. Ол үшін электронды үкімет порталы арқылы тиісті сұраныс беру арқылы қандай емханаға тіркелгеңізді біле аласыз. Үшінші нұсқа – ол халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тіркелуге болады. Таңдаған және тіркелген емханада қызметтерді көрсету 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылады.
Басқа емханаға ауысқаннан кейін бұрын тіркелген емханадан автоматты түрде шығарылады. Емханадан шығарылу және тіркелу жылына кемінде 1 рет жүзеге асырылады. Қор облыстың алғашқы медико-санитарлық көмек көрсететін 19 медициналық ұйымымен келісімшарт жасасқан, оның ішінде 6-ы жеке болса, 13-і мемлекеттік ұйым. Жалпы деректер базасында 24 медициналық ұйымдар тіркелген. 2018 жылдың 1 қыркүйегінде алғашқы медико-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар облыстағы 760017 адамды қамтыды, оның ішінде 445058 ауыл тұрғындары.
Халықты ақпараттандыру жұмыстары жергілікті мемлекеттік органдар, медициналық ұйымдармен және «Азаматтар үшін үкімет» корпорациясымен бірлесіп жүргізілуде. Әрбір ұйымда халықты ақпараттандыруға жауапты қызметкер белгіленген.
Шара қорытындысында сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ
Пікір 2