Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ОТАНДЫҚ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНА ЖҮРГІЗІЛГЕН РЕЙТИНГТІҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢ НӘТИЖЕСІ АЙТЫЛДЫ

ОТАНДЫҚ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНА ЖҮРГІЗІЛГЕН РЕЙТИНГТІҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢ НӘТИЖЕСІ АЙТЫЛДЫ


ҚР жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларына жүргізілген рейтингтің екінші кезеңінің нәтижелері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы аясында хабарланды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Талғат Ешенқұлов, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы орынбасарының м.а. Олжас Ордабаев және логистика мамандығы бойынша эксперт Жаркын Байпакбаев қатысты.
Айта кетелік, білім беру бағдарламаларын (бакалавриат деңгейі) бағалауды «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Білім және ғылым министрлігі жүргізіп отыр. Қазіргі таңда 64 мамандық бойынша рейтинг жасалған.
Бірінші кезеңде 784 білім беру бағдарламасына бағалау жүргізді, қыркүйек айында сарапшылар тағы 681 бағдарламаны бағалады. Екінші кезеңде бағалау жұмысына 210 сарапшы жұмылдырылып, 2016-2017 оқу жылының 3000 түлегіне сауалнама жүргізілді.
Рейтинг келесі критерийлерге сүйеніп жасалды: түлектердің жұмысқа орналасу пайзы және олардың орташа еңбекақысы, бағдарлама өзектілігі бағасы, сонымен қатар түлектерге жүргізілген сауалнама нәтижесі мен жұмысқа тұру туралы деректер.
Мәселен, университетті аяқтаған жылы жұмысқа орналасудың ең жоғары деңгейін «Металлургия» мамандығы көрсетті – 80%, олардың қатарында Рудный индустриялық институты, О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті түлектері бар. Жұмысқа орналасудың 58%-ын «Су ресурстары мен суды пайдалану» мамандығының түлектері көрсетті.
Рейтингтің екінші кезеңінде салалық сарапшыларды қатыстыра отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнындағы алшақтықты бағалау және талдау жұмыстары жүргізілді. Барлығы 31 мамандық қамтылды. Бағалау кезінде сарапшылар бірнеше факторды назарға алды.
Силлабустары бар элективті пәндер катологын салыстырғанда сәйкессіздіктер анықталды, бұл пре- және пост реквизиттер тізімі. Пәнді сипаттау тілі оқыту тіліне сәйкес келуі керек. Осы қателерді ескере отырып пәндер мен силлабустар катологын жетілдіре түсу керек. Практикалық жаттығуларға, кейстермен жұмыс істеуге аз уақыт бөлінеді.
ЖОО-лардың негізгі қателігі – оқу бағдарламасында теорияға басымдық беріледі. Осы ретте түлектің дайындық деңгейіне тікелей байланысты – еңбекақы критериі маңызды. Оқытушылық-профессорлық құрамы мықты және сауатты бағдарламасы бар жоғары оқу орнын бітірген түлектер анағұрлым бәсеке қабілетті екенін талдау көрсетті.
Жоғары еңбекақы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығы бойынша тіркелген. Ал Қазақ технология және бизнес университетінің «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы және құрастырылуы» мамандығы ең төмен бағаланады екен.
2018 жылдың соңына дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 29 мамандық бойынша рейтинг дайындауды жоспарлап отыр.
06 қазан 2018 ж. 517 0